Алматыда World Press Photo көрмесі ашылды
Алматыда фотожурналистикада танымал World Press Photo халықаралық байқауы жеңімпаздарының көрмесі ашылды. Оған 2017 жылы байқауды жеңген фотографтардың 42 суреті қойылған. Бұл байқау 1955 жылдан бері жыл сайын өтіп келеді. Байқау жеңімпаздарының туындысы бұған дейін Астана және Қарағанды қалаларындағы көрмелерге қойылған. Алматыдан соң көрме Шымкентте ұйымдастырылады.
Көрмеге қойылған суреттер әлемдік фотожурналистикадағы негізгі трендтерді көрсетіп қана қоймай, соңғы бірнеше жылда әлемнің түкпір-түпірінде болған ірі оқиғаларды да қамтыған. 29 қарашада ашылған көрме Алматыдағы орталық музейде өтіп жатыр. Шараны «Сорос-Қазақстан», «Еркіндік қанаты» және Қазақстандағы Нидерланд елшілігі бірігіп ұйымдастырған. Ол 10 желтоқсан күні атап өтетін халықаралық Адам құқығы күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр.
Дереккөз: Азаттық