«Барахолка» маңында пәтер жалдайды: 30 жастағы 7 балалы ана адам шошырлық жағдайын көрсетті (видео)

0

Шамшия Жұмамұратова Алматыдағы «Барахолка» маңында пәтер жалдап тұратын жеті баланың анасы. Жақында екі айлық егіз ұлдарды босанған ол қаптаушы болып жұмыс істейтін күйеуінің 50 мың теңгесі мен үкіметтен берілетін азын-аулақ жәрдемақыға өмір сүріп жатыр. Батыр ана атанса да, мемлекет тарапынан «Алтын алқасын» әлі алмаған отыз жастағы келіншек қазіргі күйін айтып, мұңын шақты.

Шамшия үш қыз, төрт ұлды дүниеге әкелді. Осы уақытқа дейін күйеуі екеуі талай адамның босағасын сығалап, пәтер жалдап жүрген.

Алайда, соңғы кездері балаларының көптігін алға тартып, үй иелері жалға пәтер беруден де қашатын болды.

«Жеті балам бар. Соларды асырау үшін күйеуім күндіз-түні жұмыс істейді. Бірақ ақша жеткізер емес. Балаға тиесілі жәрдемақыны алып отырмын. Бізді баспана мәселесі қатты қынжылтып отыр. Жеті балалы отбасыға жалдайтын пәтерді де әзер табамыз. Өйткені, балалардың жылайтынын, шулайтынын алға тартып, көпшілігі пәтерін жалға беруден бас тартады. Бүгінде аядай екі бөлмені паналап отырмыз. Үй иесі намаз оқитындықтан, біздің жағдайымызға түсіністікпен қарауда», — дейді Шамшия.

Көпбалалы батыр ана жақында егіз ұлдарды дүниеге әкелді.

«Егіз балаларыма екі ай толды. Тар жерде тығылыссақ та, сыйып отырған жайымыз бар. Басқа амал жоқ. Балаларыма жаным ашиды, оларға жеткілікті деңгейде жағдай жасай алмай отырмыз. Екі қызым мектепте оқиды. Туыстарымыздан айтарлықтай көмек жоқ. Көбіне мешіттер мен мейірімді адамдар қол ұшын созады. «Алтын алқаны» әлі берген жоқ. Бұл атақты кішкентай егіздерім бір жасқа толғанда береді екен. Азын-аулақ ақша болса да бұл бізге пайда болар еді», — дейді Шамшия.

Шамшия Жұмамұратованың жеті баласына көмек қолын созамын деушілер үшін Kaspi Gold номері: 8 707 833 04 91

 

kaz.nur.kz