Шымкентте таиландық келін қазақтың дәстүрін сақтап, сәлем салып жүр
Оңтүстік Қазақстан өңірінің тумасы Рахат Анапия 6 жыл бұрын шаңырақ құрды. Ол өз жерінен емес, алты құрлықтың ар жағынан қалыңдық әкелді. Әке-шешесі қарсылық білдіргенімен, әжесі батасын берген. Бүгінде өзге елден келген келін сәлем салып, қазақтық салт-дәстүрін сақтап жүр.
Бұл туралы «Пендеміз ғой» бағдарламасында айтылды.
Рахат Анапия жарымен АҚШ-тың Бостон қаласында танысқан. Студент бұл қалаға «Студенттер алмасы» бағдарламасы арқылы барған. Екеуі 2015 жылдың мамыр айында танысып, қыз-жігіт болып араласа бастаған. Келіннің есімі Корнканок Хачок. Мұсылман дінін қабылдаған соң қазақшалап Гаухар деп өзгертіпті.
«Есімінің қазақша мағынасы Гаухар дегенге келеді. Сосын солай өзгерттік. Мұсылман дінін қабылдады. Бұрын буддизм дінін ұстанатын. Мен өзім Гаухарды ұнаттым. Ата-анасы қызының басқа ұлтқа, басқа елге кететініне мүлде қарсы болған жоқ. Себебі, ол жақта баланың өз еркі болады. Ешкім қарсылық білдірмейді. Ал менің ата-анам аздап қарсы болды. Достарым да «қазақтың қызы қалмады ма?»деп ақыл айтты. Бірақ менің жүрек қалауым осы қыз болды. Осы қызға үйленем, болмаса мүлде үйленбеймін дедім. Солай ақыры отбасыммен таныстырдым. Гаухар бәріне ұнады. Бәрі келісімін берді», — деді қазақ жігіті.
Таиланд елінің салт-дәстүрі қазақтың жөн-жоралғысына келеді. Ол жақта қыздың қалың малы үшін 40-50 миллион теңге сұрайды екен. Ал Рахаттың айтуынша, екі жақ келісіп, тек той жасаған.
«Олардың қалың малы бізден қымбат. Бізден Шымкентте қалың мал құны кем дегенде 1 миллион болса, олар 40 миллион сұрайды. Менен де солай сұрады. Бірақ мен айттым. Бізде төсек-орын деген бар деп түсіндірдім. Қыздың жасауы қымбат болады. Сондықтан екі жақ та тек той жасайық деп келістік. Гаухар ауылдың өміріне 6 айда үйренді. Бастапқыда қиналып жүрді. Қазақстанға келіп алғаш рет қар көрді. Суыққа үйренді. Қазақтың салтын үйренді. Сиыр сауады. Сәлем салады. Қазір қазақша үйреніп жүр», — деді Рахат.
Назгүлім Ілиясова таиландық келініне көңілі толатынын айтты. Әжесінің де, ата-енесінің де разылығын алып, сәлемін салып, ақ батасын алып жүр дейді ол.
«Бастапқыда келістік. Күйеуіңнің талаптарына, ата-енеңнің талаптарына, қазақтың салт-дәстүріне көнесің бе деп сұрадық. Ол бірден келісті. Өз әжеміз көре сала ибалы келін екен деп ұнатты. Содан кейін біз қарсы бола алмадық. Ол кісі қателеспеген екен. Келін бәріміздің көңілімізден шығады. Бірден емес, уақытпен үйреттік. Бес жыл ішінде біраз нәрсені үйренді. От жағады. Сиыр сауады. Қамыр илейді. Ерте тұрады. Үй шаруасын атқарады», — деді енесі.
Ата-енесі ғана емес, барлық туыстары Гаухарға үйреніп қалған. Оны қазақтың қызы ретінде қабылдайды. Шындығында Гаухардың сырт келбеті нағыз қазақтың қызына ұқсайды.
«Маған қазақ тілін үйрену қиын. Өте қиын тіл екен. Қазақтың тағамдары ұнамайды. Қазақтар майлы, қамыры көп тағамдар жейді. Маған ащы тағамдар ұнайды. Күрішті жақсы көремін. Қазақта келінге күң ретінде қарайды екен. Бірақ менің жолым болды. Менің отбасым маған отбасының бір мүшесі ретінде қарайды», — деді Гаухар.
Гаухар ата-анасын, жақындарын, туған елін жиі сағынады. Ұлттық тағамдарын сағынады. Ондайда Рахат екеуі қалаға тай мейрамханаларына барып, ұлттық тағамдарын жеп қайтады.