37 жастағы азамат: Мен басқа әйелді сүйіп қалдым, бес баламды, әйелімді тастап соған кеттім

1

Туған анасы мен бес баласын тоқалға айырбастады. 70 жастағы Оразкүл Әлмесова көмек сұрайды. Айтуынша, ұлы бауыр еті баласы отбасын, ата-анасын тастап үйден кеткен. Кейуана 37 жастағы ұлын жас қыз дуалап алдыға балайды. Ал ұлы өз еркімен өзге әйелге кеткенін жасырмайды.

Бұл туралы “Астарлы ақиқат” бағдарламасында айтылды.

70 жастағы кейуана Оразкүл Әлмесова ұлының өзі мен бала-шағасын, әйелін тастап кеткенін айтты.

“Ұлым 37 жасында үйден кетті. Мені, бес баласын тастады. 6 ай болды. Хабарласқан емес. Мені аямаса да, балаларын неге аямайды? Келінім жақсы. Менің бар жағдайымды жасап отыр. Келініме ризамын. Балама риза емеспін. Басымда 4 несием бар. Бәрін жаңа үй саламыз деп алдық. Енді не ақша жібермейді. Не хабарласпайды, не қалымызды сұрамайды. Күні кеше операциядан шықтым. Жағдайымды сұраған емес. Менің әкем молда болған кісі. Мен өзім іштей ол баланы бір әйел дуалап алды деп ойлаймын. Себебі, әйелін жақсы көріп алды. Осы әйелді алмасам, өлем дейтін. Солай алып бердік. Әйелін жақсы көретін, қызғанатын. Солай жүргенде Алматыға кетіп қалды. Жұмысқа кеттім деді. Содан жоқ. Оны басқа әйел дуалап алды. Маған хабарласпай қоятындай бала емес еді. Оны дуалап алған”, – деді кейуана.

Ал келіні Анаргүлдің айтуынша, күйеуі соңғы кезде көңілдес тауып, кездесе бастаған екен.

 

“Мен Жансейітке сүйіп қосылдым. Жас кезімізде танысып, бір жыл кездестік. Сосын үйлендік. Ол мені жақсы көрді. Өз достарынан да қызғанатын. Мені жақсы көретін. 5 баламыз өмірге келді. Ұрыс-керіс болды. Ұрып-соқты да. Ішімдік ішсе, ұратын еді. Бірақ мен одан суыған жоқпын. Мен оны жақсы көрдім. Бәріне шыдадым. Кейінгі кезде ол бір әйелмен кездесіп жүргенін айтты. Көрші ауылда тұратын. Соған барып келіп жүрді. Ақыры соған кететінін айтты”, – деді әйелі Анаргүл.

Ал көріпкел Омар Балтабаев Жансейітті өзге емес, өз әйелі дуалаған деген болжам айтты.

“Бұл жігіттің басын кейін емес, бұрын дуалаған. 10-15 жылдай уақыт бұрын дуалаған. Өзге емес, өз әйелі, бес баласын туған әйелі дуалап алған. Содан ол жігіт күйзелісте жүрген. Ішімдік ішкен. Әйелін ұрған, қызғанған. Енді ғана дуасы қайтып, ол өз-өзіне келіп, жаңа өмір бастап жатыр. Ол тұрғысы келмеген соң кетті. Бұрын дуаның күшімен жүрген”, – деді ол.

Алайда Анаргүл көріпкел мен балшыларға барып көрмегенін, олардың сөзіне сенбейтінін айтты. Жансейіттің анасы да, Анаргүлдің анасы да дуаны қызы жасағанына сенбейді.

Ал Жансейіт Алматы қаласында қара жұмыс істеп күнін көріп жүргенін айтты. Өзге әйелді сүйіп қалғандықтан, өз отбасынан кеткенін ашық жеткізді.

“Мен басқа әйелді сүйіп қалдым. Бала-шағамды жақсы көремін, сағынамын. Олардан кетпеймін. Бірақ бұл үлкендердің әңгімесі. Мен басқа әйелді жақсы көрем. Сол себепті кеттім. Балаларға үйді тастап кеттім. Қызыма хабарласқанмын. Мен әйеліммен тұра алмадым”, – деді Жансейіт.

Жары Анаргүл күйеуімен заңды түрде ажыраспаған. Алайда енді бас қоспайтынын айтады.

“Мен оны кешіре алмайтын шығармын. Көңілім суыды. Бірақ балалары жылайды. Іздеп сұрайды. Басын ашып айтса екен. Ол мені жақсы көретін. Ол менен суып кетті дегенге сенбеймін. Оны дуалап алған болуы мүмкін”, – деді әйелі.