Қызылорданың тарихи ескерткіштерін 3D нұсқада тамашалауға болады

0

Қызылорда, BAQ.KZ. 3D-картаға қола дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі 150 ескерткіштің виртуалды үлгілері — 60 археология ескерткіші және 90 сәулет ескерткіші кіреді.

Қызылорда облысының аумағында 30 республикалық және 256 жергілікті маңызға ие 286 ескерткіш бар.

«Бұл — Орталық Азия үшін тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруге бағытталған бірегей жоба. Ең озық жабдықтар мен технологиялардың көмегімен барлық нысандардың құжаттамасы дайындалған. Осылайша танымдық тарихи анықтама ғана емес, ескерткіштерді егжей-тегжейлі зерттеуге арналған аса дәлдікке негізделген құрал болмақ. Қазір түрік әріптестеріміз қызығушылық танытуда», — деді жоба авторы, Халықаралық Орталық Азия зерттеу институтының директоры Дмитрий Воякин.

Дмитрий Воякиннің айтуынша, 3D-картаны дайындау кезінде ескерткіштердің дәлдігі жоғары үш өлшемді үлгілерін жасау үшін 70 000 000-нан астам полигон әзірленді.

«Аймақтың мәдени ескерткіштерінің 3Д-картасы — «virtualmap.xyz» интерактивті веб — ресурсын құру үшін 33 000-нан астам сурет, ежелгі қалашықтардағы 4000-нан астам сурет, 40 000-нан астам аэрофотосуреттер және 13 сағаттан асатын пилотсыз ұшу аппараттарынан бейне түсірілімдер мен 450-ден аса және жерден 1000-нан астам панорамалық сурет жасалды», — деді Д.Воякин.

Карта арнайы virtualmap.xyz сайтта ұсынылатын болады. Қазіргі уақытта толықтыру жұмыстары жүргізілуде, 2019 жылдың қаңтар айында қолжетімді болады деп жоспарлануда.

Болашақта ескерткіштердің деректер базасы кеңейтіледі. Оқушылар мен студенттерді квест және басқа да ойын түрлері арқылы тарту үшін бағдарламалық өнімді әзірлеу жоспарлануда.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:

Дереккөз: BAQ.KZ