Қазақтың тұңғыш чемпионы Ақтөбеге келді

0

Қазақан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ақтөбелік спортшыларға жетістікке жетудің сырын ашты.

1980 жылғы грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров іс-сапармен Ақтөбе қаласына келді. Іс-сапар кезінде өңірдегі жаңадан бой көтерген спорт нысандарды аралап, спортшылармен кездесті. Алдымен, биыл қазан айындағы Елбасының Ақтөбе облысына сапары барысындағы екі жаңадан ашылған «АСЕ» Теннис орталығы мен Мұз сарайына барып, ғимараттардың жай-күйімен танысты.

Одан әрі қазақтың әйгілі палуаны ауыл балалары тәрбиеленіп жатқан Есет батыр атындағы мектеп-интернат-колледжіне барды. Ол жастарға тілек сөздер арнап, жетістікке жетудің қиын жолы туралы шындықты айтты.

Қазір қандай жарысқа барамыз десек те жолымыз ашық. Ал, бұрында 15 Республиканың ішінен жалғыз баратынбыз. Мен Совет Одағының чемпионы бола тұра, 25 жасымда Монреальге бара алмадым. Қайткенде тағы 4 жыл күтіп, 30 жасымда Олимпиадаға барып, чемпион атандым. 31 жасымда Әлем чемпионы болдым. 32 жасымда Әлем Кубогын жеңіп алдым. Қайтадан Совет Одағының чемпионы болып, үлкен спортты қойдым. Спорттың, жалпы кез келген саланың шыңына шығу үшін соған бүкіл өміріңді арнауың керек. Елім, халқым, жерім деп аянбай тер төгіп, жұмысты аяғына дейін жеткізу қажет. Естеріңде болсын, өзім үшін десеңдер, ешқашан жеңіске жетпейсіңдер, — деді Жақсылық Үшкемпіров жастардың алдында.

Сонымен қатар, Жақсылық Үшкемпіров Ақтөбе облысының олимпиада резервін даярлау орталығында бастау алған бокстан CСРО халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бауыржан Ақшолақовты еске алуға арналған ХХ халықаралық турнирінің салтанатты ашылуына қатысты. Шарада сөз алған Олимпиада чемпионы, барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, өзінің құттықтау сөзін арнады.

Осылайша, қазақ палуаны Ақтөбе спортының тыныс тіршілігімен танысып, оған өте жоғары деген баға берді.

-Қазіргі балаларымыз өте бақытты деп есептеймін. Себебі, мынадай жағдай біздің кезімізде болған жоқ. Аймақта спортшылардың жүйелі түрде спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалынған. Жыл сайын аймақ көркейіп, спорт нысандары көптеп салынып жатыр. Сол себепті де, облыс басшысы Бердібек Сапарбаевқа спортқа деген ерекше қолдауы үшін  үлкен алғысымды білдіремін,- деді Жақсылық Үшкемпіров.

«Қамшы» сілтейді