Балқашта 50 адамға үйдің кілті табысталды

0

1 мамыр – Бірлік күні Балқаш ауданы, Бірлік ауылындағы 10 отбасы баспаналы болды. «Қайырмды істер марафоны» жалпыұлттық акциясы аясында, балқаштық Жандос Әбдіжаппаров 50 адамға үйдің кілтін табыстап, көпке қуаныш сыйлады. Қайырымдылық жасауды асыл қасиет деп білетін азамат ауылындағы осы агрофирмада 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ауыл азаматтарына тұрғын үй сыйлап, зор алғыс пен құрметке бөленді. Атап айтсақ, 2 көпбалалы отбасына, 1 үшінші топ мүгедектігі бар отбасына, барлығы 9 отбасына өз демеушілігімен тұрғын үй кілтін табыстап, қуаныш сыйлады.
— «Осы шаруашылықта жұмыс істегенімізге 16 жыл болды. Сол уақыттан осы үйде тұрып келе жатқанбыз. Бұрын совхоздың үйі болған. Енді, жекеменшікке беріп қуантып жатыр. Жандос Әбдіжаппарұлына рақмет. Осы үйден өсіп, өнейік»,- деді ауыл тұрғыны Мұхтар Дүмшебаев.
Жалпы, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауылдың жас кәсіпкер баласы жасынан төрт түлік түріне етене жақын болып өскен. 2015 жылы «Бірлік АЖА» ЖШС құрып, бүгін шаруашылықтың тасын өрге сүйреп келеді. Серіктестік мал тұқымын көбейту мен асылдандыруға көп көңіл бөледі. «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал алмайсың» демекші, бала жасынан еңбектің қара қазанында қайнап үлгерген Жандос Тәуелсіздікпен түйдей құрдас. Қайырымдылық жасауды жаны сүйетін азамат 2020 жылы «Асыл жүрек» номинациясының иегері атанған.
— «Осыдан 3 жыл бұрын 7 баспананың кілтін ауыл тұрғындарына табыстаған болатынбыз. Міне бүгін мереке күні тағы қуанышты жағдай боп жатыр. Мен Тәуелсіздік құрдасы әрі, елімнің патриоты ретінде ауылымның көркейюіне титтей де болса, үлесімді қосқым келеді. Жақсылық жасау жаныма қуаныш сыйлайды»,- деп атап өтті «Бірлік АЖА» ЖШС директоры Жандос Әбдіжаппарұлы.
Айта кету керек, Алматы облысында «Қайырмды істер марафоны» жалпыұлттық акциясы шеңберінде 600 астам іс-шара ұйымдастырылған.
— «Алматы облысында 80 млн. теңгеге 8 мыңнан астам отбасыға азық-түлік пакеттерімен қолдаулар көрсетілді. Ары қарай да, бұл шара жалғасатын болады. Қазір Алматы облысы көлемінде 4 мыңнан астам волонтер бар. Олардың барлығы да жыл соңына дейін осы марафонға жұмылдырылатын болады», — дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Елдар Сапаров.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылып, бастау алған «Қайырмды істер марафоны» әлі де жалғасын таппақ. Айта кетейік, марафонның жалпы ұлттық маңызын арттыруға, Жандос Әбдіжаппаров секілді жомарт азаматтар акцияға үлес қосу үшін ниет білдіруде. Бұл өз кезегінде шараның өміршең болуына ықпал етеді.