Абзал Құспан: Халықтың талабына сай заң қабылдата алмасақ, митингіге шығуымыз керек
Заңгер Абзал Құспан жер туралы пікірін «Араша» сайтына берген сұхбатында айтты.
«2016 жылғы жер дауы кезінде билік анық бұқара халықтан сескенді. Ал қазіргі кезде билік «Қазақ тілді ортаны жермен алдай тұрайық. Сонда олар басқа мәселені назардан тыс қалдырады» деп ойлайтын тәрізді. Дәл қазір бұқара халықтан сескенгеннен гөрі қулық жағы басымдау ма деп ойлаймын.
Осы жазда ел болып келіссөз арқылы ма, жоқ әлде митинг арқылы ма осы жер мәселесін төтесінен қоюуымыз керек.
Әйтеуір осы жазда жерге байланысты нақты талапты қойып, белгілі бір шешімге келуіміз керек. Егер халықтың талап-тілегіне сай заң қабылдата алмасақ, онда митингіге шығуымыз керек. Қазіргі таңда алаңға шығып, өз ойыңды білдіру жаман сөзге айналды. Шын мәнісінде митингіге шығу біздің Коститутциялық құқығымыз ғой» дейді заңгер.
Жер туралы баптағы «Орман өсіру» үшін деген тармаққа түсініктеме берген заңгер: «Менің ойымша, кезінде біздің билік «шет елге жер береміз» деп арнайы уәде беріп қойған секілді. Осы бір уәдені өз ішімізде орындап жатырмыз деп белгілі бір топтардың арасында, ол халықаралық па, жоқ әлде өз ішіміздегі кландардың арасында есеп беріп қою секілді. Себебі орман өсіру үшін 25 жылға жерді жалға беруге ешқандай негіздеме жоқ. Мәселен заңды шығаратын кезде оны түсіндіретін арнайы негіздеме жоба болу керек. Бір қызығы бізге сол жобаны да таныстырған жоқ. Парламентке тосынан кіргізді де, енгізіп жіберді.
Менің ойымша, билік қазақтың жерін орман өсіру үшін шет елге беруі әбден мүмкін. Өйткені билік жерді шет елге берудің ыңғайлы сәтін күтіп отырған секілді. Жоғары жақта отырған саудагерлер қоғамның назары басқа жаққа ауып кеткен кезде жерді шет елдіктерге бере салудан тайынбайды» дейді.