АҚШ Ресейге «Новатор» зымыран жүйесіне қатысты талап қойды
Ресей өзінің 9М729 зымыран жүйесінен арылуы тиіс немесе оны 1987 жылы АҚШ пен СССР лидерлері қол қойған орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды (ОЖҚЗ) қысқарту туралы келісім-шарттың талаптарына сәйкестендіріп өзгертуі керек. Әйтпесе АҚШ аталған келісімнен біржақты түрде шығу процедурасын бастайды. Бұл туралы желтоқсанның 6-сы күні АҚШ мемлекеттік хатшысының қару-жарақты бақылау және халықаралық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Андреа Томпсон мәлімдеген.
«Немесе сіздер [зымыран] жүйесі мен ұшыру қондырғысынан бас тартасыздар, я болмаса оның қуатын азайтып өзгертесіздер», — деген Томпсон Мемлекеттік департаментте өткен брифингте Ресейге қарата.
«Ендігі кезек Ресей жағында. Біз олар үшін мұны істей алмаймыз. Бастаманы солар танытуы керек», — деген ол.
АҚШ билігі Ресейге ОЖҚЗ келісімін бұзып отырғаны туралы бұған дейін де бірнеше рет ескертіп, «Новатор» зымыран жүйесі өндірісінен бас тартуын талап еткен.
Биыл қазан айында АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей ОЖҚЗ келісімі талаптарын бірнеше жылдан бері бұзып келе жатқандықтан Вашингтон аталған келісімнен біржақты түрде шығуы мүмкін деп мәлімдеген. Оның сөзінше, екіжақты келісім шектеуі Вашингтонның қолын байлап отырған шақта, Қытай тәрізді келісімге қосылмаған ядролық мемлекеттер жаңадан зымыран жүйелерін әзірлеп, дамытып отыр.
АҚШ ресми тұлғалары Мәскеу 9M729 (SSC-8 деп те аталады) зымыран жүйесі өндірісін қолға алып, 500-ден 5 мың километрге дейінгі радиус аумағында соққы беретін қару түрлеріне тыйым салатын келісім талабын бұзып отыр деп біледі. 1987 жылғы келісім бойынша, мұндай зымырандар мен ұшыру қондырғыларын әзірлеуге, дайындауға және сынақтан өткізуге тыйым салынған.
Желтоқсанның 4-і күні Вашингтон Мәскеуге ОЖҚЗ келісім-шарты талаптарына қайшы келетін қару-жарақ түрлерінен арылуға 60 күн уақыт беріп, өйтпеген жағдайда АҚШ-тың аталған келісімнен біржақты түрде шығуға кірісетіні туралы ескерткен.
АҚШ шешімі туралы Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Брюссельде НАТО елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі кезінде мәлімдеген. Оның сөзінше, егер 60 күннің ішінде Ресей ОЖҚЗ келісім-шарты талаптарын толық орындауға қайта кіріспесе, онда АҚШ келісімнен шығады.
Бейсенбі күні Мемлекеттік департаменттегі телеконференцияға қатысқан АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Хантсманның сөзінше, АҚШ-тың әлгі келісімнен шығуы «[ядролық] қару-жарақты бақылаудан бас тартамыз деген сөз емес».
Хантсман Вашингтонның қару-жарақты шектеу жөніндегі талаптарды бұзу ниеті жоқ екенін айтады. «Бірақ бізге сенімді әріптес керек, ал біз Ресейде [ондай әріптес] көріп тұрған жоқпыз», — деген елші.
«[Келісімнен шығу туралы] шешім қабылданды, 60 күн мұрсат берілді… Ресейдің осы 60 күннің ішінде [ОЖҚЗ келісімі талаптарын] қайтадан толық орындауға мүмкіндігі бар, әйтпесе қазіргідей қалпында бұл келісім жарамсыз болып қалады», — деп мәлімдеген Джон Хантсман.
Кремль Ресейдің 9M729 («Новатор») қанатты зымырандарын шығаруы ОЖҚЗ келісімі талаптарын бұзады дегенмен келіспейді. Мәскеу АҚШ-тың Еуропадағы зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің кей элементтері ОЖҚЗ келісімі талаптарын бұзадыдейді, Вашингтон оны жоққа шығарады.
Желтоқсанның 5-і күні Ресей президенті Владимир Путин егер Вашингтон келісімнен біржақты түрде шығатын болса, онда Мәскеу 1987 жылғы келісім талаптары бойынша тыйым салынған зымырандарды шығаруды бастайды деп ескерткен.
АҚШ пен оның Еуропадағы одақтастары Мәскеуді 500-ден 5 мың километрге дейінгі радиус аумағында соққы бере алатын зымыран жүйесі өндірісін қолға алып, келісім талаптарын бұзып отыр деп айыптайды.
Мәскеу әуелгіде ондай зымыран жүйесі бар екенін жоққа шығарып келген. Тек кейін Кремль зымыран барын растаған, бірақ оны әзірлеу орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды қысқарту туралы келісім талаптарына қайшы келмейді деп мәлімдеген.
Дереккөз: Азаттық