Назарбаевтың «шет мемлекетпен шекарамызды шегелеп алдық» дегені өтірік болғаны ма
2016 жылы 24 сәуірде Атыраудан бастау алған наразылық, аукцион арқылы сатылымға шығарған жерді сақтап қалды. Үкіметті бейбіт түрде шегіндірді, ойландырды. Тіпті жандарын мұрнының ұшына көрсетті. Сасқалақтаған Қазақстан билігі — жер комиссиясы деген жалған, жасанды тобырымен қосыла 5 жылға мораторий енгізуге мәжбүр болды.
Биыл, мораторий бітер тұста сол жасанды жер комиссиясын билік қайта тірілтіп алды. Алайда, осы тұста Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Көптоғай ауылында халық тұтынып жатқан өзен-суын, жайылымдық жерін қоршауға алып, Ресей тарапы шекара бағандарын қағып жатыр. Бұрын, шекаралық аймақ өзеннен едәуір арғы жағында болған екен.
Бұған себеп, 2005 жылы 18 қаңтарда Мәскеуде «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімі» бойынша екі ел арасында келісім болған-мыс. Сондықтан, демаркациялық жұмыстары әлі аяқталмағандықтан, шекара белдеуі орнатылуда — дейді.
Енді тоқталайық:
- 2005 жылы жасалған келісім құжаты қайда? Ол неге көрсетілмейді?
- Осы уақытқа дейін, яғни, 16 жыл бойы Ресей шекарасын бекітуде ай қарап, жұлдыз санап жүрген жоқ ғой. Неге 16 жылдан кейін шекарасы есіне түсе қалды.
- Осыған дейін Назарбаев «шет мемлекетпен шектесетін шекарамызды шегелеп алдық» деп мақтанатын еді. Оның осы сөздерін Тасмағанбетов, Тоқаев секілділер растап сөйлейтін. Енді, мына демаркация қайдағы?
- Ресейдің Сыртқы Істер Министрі Лавров Қазақстанға келіп-кеткеніне 10 күн толмай, Ресей тарапы шұғыл түрде не үшін демаркация жасауға ұмтылды?
- Жер шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді — деп улап-шулаған жер ком. қайда? Жер сатылмақ түгілі, өзге ел 16 жылдан кейін жайылым жермен қоса, ауылдың халқы тұратын, шоғырланған жерден ел тұтынатын өзен-суды өз меншігіне қарай тартып жатқанды көрмей ме? Осыдан кейін қандай комиссияға жалтақтайсың, қазақ?
Р.S: Бұл сурет 2016 жылғы наразылықтан кейін, 1 жыл өткенде 24 сәуірді «Қазақ жерін қорғаушылар күні» деп атап, соған орайластырып жасалған логотип еді.
Сондықтан тағы айтамын:
Шекара бағандарымен қоршалған Көптоғай жері халыққа кері қайтарылмаса, 2005 жылы Мәскеуде жасалған мемлекеттік шекара туралы келісім ашық түрде қайта қаралмаса, Ресей шекара белдеуі кері ығыстырылмаса — НАРАЗЫЛЫҒЫМДЫ ТАНЫТЫП 24 СӘУІР КҮНІ БЕЙБІТ МИТИНГІГЕ ШЫҒАМЫН
Ринат Рафхат, Facebook парақшасынан