Ораза кезінде вакцина салдыруға бола ма – дәрігерлер кеңес берді
Ауыз бекіткен адам тамақ ішпейтіндіктен ағзаға салмақ түседі. Ал вакцинадан кейін ағзаға түсетін салмақ екі есеге көбейеді, дейді мамандар
НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір — Sputnik. Қазақстандық дәрігерлер ораза кезінде коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға болатынын, алайда дәрігердің айтқанына құлақ асу қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қарағанды медициналық университетінің клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры, денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс инфекционисі Бақыт Көшерованың айтуынша, ауыз бекіткен адам вакцина салуға шешім қабылдаса, бірнеше маңызды мәселені ескеруі керек. Ораза кезінде адам тамақ ішпейді, сол кезде ағзаға салмақ түседі. Ал вакцинадан кейін ағзаға түсетін салмақ екі есеге көбейеді.
«Сондықтан адам өзі шешім қабылдауы керек. Ораза ұстап жүріп, вакцина қабылдай ма? Жоқ, әлде алдымен вакцина алып, артынан Оразаны жалғастыра ма? Оған рұқсат бар. Оны өзі шешуі керек», — деді Көшерова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Ал санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Манар Смағұл айтуынша, вакциналау кезінде оразаға қатысты ешқандай шектеу жоқ.
«Мүфтияттың өзі ораза кезінде вакцина салуға болады дейді. Сондықтан вакциналау кезінде оразаға қатысты ешқандай шектеу жоқ. Барлығына бірдей кеңес береміз. Сақтық шараларын сақтаңыздар. Ал вакцина саламын десеңіз, дәрігердің айтқанына құлақ асу қажет «, — деп атап өтті Смағұл.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ораза кезінде вакцина салдыру мәселесін түсіндірген болатын.
Әрі қарай оқу: https://sputnik.kz/society/20210409/16754530/Oraza-vaktsina-darigerler.html