Иманғалидың қазаққа қатысты қанатты сөздері
Бүгін ұлт қайраткері, мемлекетшіл, ұлтжанды азамат Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың туған күні. 62 жасқа толған қайраткер ағамызды Qamshy.kz ақпараттық порталы туған күнімен құттықтай отырып, ел үшін еңбек ете беруіне тілестестігін білдіреді.
Тасмағамбетовтың тіл, қоғам, Астана туралы игілікті ойлары
1.Расында да арғы-бергі заманда адамзаттың қолынан шыққан қай мемлекетті алсақ та, оған үш тағдырдың бірі ғана бұйырады екен. Біріншісі – Тәңірі ел болатын жол да, ер болатын ұл да берген, бірақ тірлігі аз, тәлкегі көп, сөзі мол, бірлігі жоқ ел. Мұндай елдің бүгіні бұлыңғыр, келешегі күңгірт. Екіншісі – Жаратқан терең тарих, танымды халық берген, бірақ билігі берекесіз, ғұмыры мерекесіз ел. Мұндай жұрттың жолы ауыр, жетер жағасы алыс. Ал үшіншісі – ғұмырын ұлт тағдырымен еншілеген жүректі Ері, астаналы Елі бар, алыс-жақын жақтаған, тұтастығын сақтаған саламатты мемлекет. Біздің мемлекет, міне, осындай мемлекет. Ал асқаралы Астана болса, дүбірлі дәуірдің дарабоз перзентіндей уақытпен бірге туып, заманынан озған, сол үшін де осындай күшті де құдіретті мемлекеттің елордасы болу үшін жаралған жасампаз қала болып мәңгілікке қалмақ.
2.»Сол жолғы пленарлық отырыстан аздап шаршаған болар, Нұрсұлтан Әбiшұлы жексенбi күнi сейiл құруға тау жаққа барды. Қасында мен де бармын. Парламент астананы ауыстыру жөнiндегi шешiмдi қолдағанымен, бәрi де өз орнында тұрған шақ. Жаздың жайнаған күнi. Соның алдында ғана жаңбыр жауып өткен, ауа тап-таза. Бiр қырқаға көтерiлiп едiк, алдымыздан айналайын ару Алматы алақандағыдай айқара ашылып шыға келдi. Ғажап көрiнiске сүйсiне қарап тұрды да, Нұрсұлтан Әбiшұлы: – Қандай керемет! – дедi. Сол арада мен: – Енді, осындай кереметтi қалдырып… – деп қалдым. Айтылар сөз айтылып кеттi. – Сен ондайды қой, – дедi Нұрсұлтан Әбiшұлы қабағын қатайтыңқырап. Сөйттi де: – Бiз мынандай территорияға елдiң бiр шетiнен қарап отырып, ие бола алмай қалуымыз мүмкiн. Арқада, солтүстiк облыстарда демографиялық ахуалды қалай да өзгертуiмiз керек. Мына елдiң негiзгi иесi кiм екенiн бүкiл әлем бiлуге тиiс. Экономиканы да мемлекеттің қақ ортасынан басқарған тиiмдi. Ақмола тоғыз жолдың торабында тұр, облыстардың астанамен байланысы да оңайлайды. Тым болмаса соны түсiнсеңдершi! – деп санаға қадалған қазықтай қып кесіп тастады. Бұл әңгіме менің астана ауыстыру идеясына басқа тұрғыдан қарап, ой қалыптастыруыма тікелей әсер етті. Кейін Мемлекет басшысының сеніп тапсырған қай қызметінде болсам да, бұл мәселені жан-жақты зерделеуді бір сәтке де тоқтатқан жоқпын. Өйткені, оның артында бұрын ойға келмесе де, ел дамуының әрбір жылымен «керектігін» кернеген қаншама мән-мағына, қаншама маңыз жаты».
3. Ойлап қараңызшы, елдің елден несі артық… Бекем бірлігі мен бостан тірлігі артық. Ал береке-бірлік – ел билеп, жол көрсетер тұлғадан, тәуелсіз тірлік шешім шығатын астанадан бастау алады.
4. … Мемлекеттік тілдің қолдану аясын одан әрі кеңейтудің бірден-бір тиімді жолы – мемлекеттік тілді білуді міндетті түрде талап ететін қызметтер мен лауазымдардың тізімін қалыптастыру. Біріншіден, Конституция бойынша Президенттік сайлауға түсетін әрбір үміткер мемлекеттік тілден емтихан тапсырады. Ендеше республикадағы қай қызметкердің де мәртебесі Елбасынікінен жоғары емес. . …Көп мекемелерде, әсіресе, әлеуметтік қызмет көрсету орындарында мемлекеттік тілді білетін мамандар аз. Мұның өзі көптеген отандастарымыздың азаматтық және конституциялық құқықтарын шектеу. Жалпы әр нәрсеге де сұраныс қажеттіліктен туындайтыны анық. Сондықтан бұл бағытта бірқатар нақты іс-шаралар кешенін белгілеп, іс жүзіне асыру кезек күттірмейтін мәселе. Елдің де, Елбасының да талабы осы.
5.Алаштың 100 жылдығына дұрыстап дайындалуымыз керек. Қазір ең бастысы, жақсы жоспар құруымыз қажет… Алаш зиялыларының арманы, оның орындалғаны, тәуелсіз ел болғанымыз, осының барлығы ұлттық, тарихи сананы көтеретін жақсы дүние болуы керек.
6. Жемқорлық – кез келген мемлекетті түп-тамырымен құртатын басты факторлардың бірі. Ал егер ол елдің қорғаны болатын күш құрылымдары мен әскерге жетсе, оның зардабы зор болады.
- Баланың ойлау қабілетін дамытатын әмбебап әдістемелердің бірі – эссе. Біздің жаттанды шығармаларымызға қарағанда, эссе баланы өз бетімен ойлауға үйретеді. Ол бойынша берілетін тақырыптар сан алуан әрі өзекті болып келеді. Бізде болса, шығармалардың тақырыбы соңғы 20 жылда бірде-бір рет өзгермеген. Олар сонау XX ғасырдың 60-70 жылдардан бері келе жатыр.
- Аталарымыз ғасырлар бойы армандап өткен егемендікке жеттік. Осы тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосып жүргеніміздің – өзі бақыт. Мен осы елдің амандығын, еліміздің тыныштығын, бірлік-берекесін қалаймын. Менің арманым осы. Менің арманым – немерелерімнің бақытты болуы. Бұл – әрбір адамға тән дүние. Оны түсінерсіздер деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметкер ретінде ең үлкен арманым – елдің өркендеуі!.
- Ең өзекті мәселе – ана тілі, қазақ тілі жөнінде болмақ. Осы 25 жыл ішінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту үшін мемлекет біршама іс атқарды деп есептеймін. Мұнда бір ғана мәселе бар, біз 25 жыл бойы қазақ тілі өзгеге емес, өзімізге керек екенін түсінбей келе жатырмыз.
- Елбасы осы 25 жыл бойы жастармен кездескенде де, басқа да ортамен кездескенде де, тіл мәселесі көтерілгенде ең алдымен «қазақ қазақпен қазақша сөйлесу керек» деп үнемі айтып жүреді.Міне, мәселе Елбасы осы 25 жыл бойы жастармен кездескенде де, басқа да ортамен кездескенде тіл мәселесі көтерілгенде ең алдымен «қазақ қазақпен қазақша сөйлесу керек» деп үнемі айтып жүреді. Тіл бар жерде қазақ бар, тіл жоқ жерде қазақ жоқ. Бітті, басқа формула жоқ, бұл мәселеде. Біз бір-бірімізбен қазақша сөйлессек, біз өз тілімізді өзіміз құрметтесек, біз оған шын мәнінде жанашырлық білдірсек, қана тілдің болашағы болады.
Иманғали атақты Қаршыға Ахмедияровқа қарасқан қайраткер
«Иманғалидың қазақтың дәулескер күйшісі Қаршыға Ахмедияровқа жасаған қамқорлығын халық әлі күнге дейін аңыз ғып айтады.
Бұл туралы Қаршекең де былайша еске алған кезінде: «Бейжіңдегі Қорғаныс министрлігінің қарамағындағы №301 әскери госпитальға жатқызды. Тексергенде анализдер бұл жақтағымен сәйкес келді. Аптасына екі рет гемодиализ аламын, онда бәрі компьютерленген, жеңіл өтеді. Енді бүйрек іздеуге келгенде менің бүйрегім бірнеше жүз адамның біреуінде кездесетін өте сирек құрам болып шықпасын. «Бұл ауру емес, табиғи генетикалық құрам. Іздеп жатырмыз, бір-екі бүйрек кездесті. Бірақ оның 85-90 пайызы сәйкес. Бізге 100 пайыз тура келуі керек» дейді. Бір ай, екі ай күттім. Далаға вирус жұқтырып аласың деп жібермейді. Күнде ертең маған бүйрек салады деп есептеп күтіп көріңізші. Не уақыт өтпейді. Содан төрт ай болды. Бір күні «Біз Пекин бойынша іздегенбіз (онда 20 миллион адам тұрады), енді бүкіл Қытай бойынша қарастырып жатырмыз. Табылмаса, бір-екі, тіпті үш жыл күтуге тура келеді» дегені. Соны естіп әбден қиналайын, еңсем түсіп жатып қалдым. Қой, енді маған ажал келген шығар, елге жетейін, туған жұртымның топырағын бір басып, балаларымның маңдайынан иіскеп, жанымды қияйын дедім. Сөйтіп, ол кезде Иманғали Атырау облысының әкімі, соған телефон соқтым. «Үш жылға дейін күтесің деп жатыр. Осыншама уақыт масыл болып, елдің ақшасына қалай отырамын. Сіздерге рақмет, елге қайтамын» дедім. «Аға, сіз тек өзіңізді ғана ойлайды екенсіз. Бүкіл ел, халық күтіп отыр ғой. Қалайда елге бүйрегіңізді ауыстырып келесіз де, оған ел боп қуануымыз керек. Ал қалған мәселені өзіміз шешеміз, қиналмаңыз» деп Иманғали дүрсе қоя берсін. Бұл сөздер маған үлкен демеу, рухани күш берді».
Нұртөре Жүсіп «Айқын» газеті7 2015 жыл 8 желтоқсан
«Қамшы» порталы көтерген мәселеге Иманғали Тасмағамбетов қолдау көрсетті
Қазақтың тұңғыш Республикасы Алашорданың құрылғанына 99 жыл толған күнінде «Қамшы» порталында «МЕМЛЕКЕТ ҚАРАУЫНСЫЗ ҚАЛҒАН ІРІ МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІНІҢ ҮЙІ» атты мақала жарияланған болатын. Онда, Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлының өзі тұрған музей үйі төңірегіндегі мәселе көтерілген. Музей директоры Райхан Сахыбекқызы Алаштың алыбы Ахмет Байтұрсынұлының музей үйі әлі күнге мемлекет қамқорлығында емес екенін, насихаттадың кемшіл түсіп жатқанын жеткізген.
Ахмет Байтұрсынұлының ұрпақтары әупірімдеп ашқалы бері 20 жылға жуық уақыт халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан Музей үйі талай рет жабыла жаздаған. Музейді «Ахметтің қызы Шолпан апамның аманаты еді» деп көзінің қарашығындай қорғайтын Райхан Имаханбет Музейге тек Алматы әкімі болып тұрғанда Иманғали Тасмағамбетов қамқор болғанын айтқан еді.
«Мұражай үйдің жаңаруына үлесін қосқан, үлкен азаматтық жасаған Иманғали Тасмағамбетов болатын. Ол басқа әкімдер сияқты «Хат жазыңыз ресми, қазынада ақша қарастырылмаған» деп құтылған жоқ. 2005 жылы музей жабылады, сүріледі деп жүргенде келіп, жақсылап бір аралап шығып, далада тұрды да, «бұны ұстап тұру үшін сізге не керек?» деп сұрады. Сосын бір уақытта телефон шалды. Көп өтпей жетіп келген құрылысшыларға «мына кісі не айтады, соны істеңдер, өзім бақылаймын» деген бір-ақ ауыз сөз айтты да кетті. Сол сөзінде тұрды, ол құрылысшылар осы үйді 8 ай бойы жөндесе, Иманғали екі-үш аптада бір келіп, тексеріп кетіп тұрды», — деп еске алған болатын Музейдің коммуналды төлемін келушілерден түскен ақшамен төлеп жүрген Райхан Сахыбекқызы.
«Қамшы» порталында жарияланған мақала елеусіз қалған жоқ. Бірнеше күннен кейін «Қамшы» тілшісіне Премьер министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің көмекшісі хабарласып, Иманғали Нұрғалиұлының өзі мақаланы оқығанын, көп өтпей музейге арнаулы ат басын бұратынын жеткізген болатын.Қашанда іскерлігімен, ұлтшылдығымен, мемлекетшілігімен халық алқауына бөленіп жүрген Иманғали Нұрғалиұлы бүгін, 27 қаңтар күні ресми түрде музейге келіп, жағдаймен танысты.
2017 жыл 27 қаңтар
Иманғали айтқан ибалы қалжыңдар
* Бірде Алматы әкімі болып жүрген Иманғали Нұрғалиұлына «Бір ғана Алматыда екі бірдей Әуезов көшесі бар, бұл қалай?» деп журналистер тақымдап қоймапты. Олардың бұрын қала іргесі болған Каменка жақтағы Әуезов көшесін меңзегенін аңғарған әкім:
– Сабыр етсеңіздерші, екі Әуезов көшесі болса, онда тұрған не бар? Бізде де онсыз да екі Әуезов бар емес пе? – депті ақырын ғана…
* * *
Қаршыға Ахмедияров Қытайдан бүйрегін жаңалатып келгеннен кейін, Алматы әкіміне кіріп: – Әй, Иманғали! Мен мынау Алматыдағы үлкен алаңда 20 000 домбырашының басын қосып, концерт бергім келеді, – депті. Сонда Имекең: – Ойпыр-ай, Қаршеке! Қытайдың бір бүйрегінің күші 20 мың домбырашы дегізіп тұр… Сонша домбырашы бар ма бізде? Екі бүйрегіңізді ауыстырсаңыз, не болады? – деген екен…
* * *
Әкімдердің кезекті есеп беруінде бір орыс кемпір іргедегі мешіттен шыққан азан дауысына наразылық білдіріпті. «Күніге 5 рет айқайлап мазамды алады» деген әлгі тұрғынға Имекең:
– Қашан 6-рет азан шақырады, маған сол кезде келіңіз, мәселені шеше-
міз, – депті. Мәселенің шешімін жедел тапқан әкімге кемпір қайта-қайта алғысын айтып, ырза болып кетіпті…
Күлтегінді Қазақстанға қайтарған азамат
*Иманғали Тасмағамбетов 2000 жылы Күлтегін тасының көшірмесін Қазақстанға қайтарған азамат. Осы және өзге де жұмыстары үшін Иманғали Тасмағамбетов ЮНЕСКО-ның «Жібек жолы» атты медалімен марапатталған. ЮНЕСКО-ның бұл медалі ұйым атынан берілетін жалғыз күміс медаль, қалғаны қола.
*Иманғали Тасмағамбетов Абай Құнанбай, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Ғабит Мүсірепов және Әлкей Марғұлан сияқты қазақ ғылым-білімі мен әдебиетіндегі нар тұлғалардың 150, 100 жылдық мерейтойларын ЮНЕСКО көлемінде тойлауға атсалысқан қайраткер.
Өмір жолы, мансабы, қызметі
Иманғали Тасмағамбетов Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алғашқы көмекшілерінің бірі. Ол 1993 жылдан 1995 жылдар аралығында президент көмекшісі, кейіннен тағы 1998-1999 жылдары президенттің бірінші көмекшісі болды. Өзінің саяси мансабында Білім және ғылым министрі, Қорғаныс министрі, Президент әкімшілігінің жетекшісі, Мемлекеттік хатшы, үш рет әкім және төрт рет әртүрлі премьер-министрлердің орынбасары, бір рет премьер-министр қызметін атқарды. Соңғы мансабы–Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі.
Отбасы туралы
Иманғали Тасмағамбетовтің әкесі – Нұрғали Тасмағамбетов 1926 туып, 1997 жылы қайтыс болған.
Анасы – Ділдә Қоқанова 1930 жылы туған. Әпкесі – Нұрсұлу Тасмағамбетова – медицина ғылымдарының докторы.
Иманғали Тасмағамбетов әйелі Клара Бекқұловамен Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші курсында танысып, бесінші курсында отбасы құрған. Екі қыз, бір ұлы бар.
Қызы – Әсел Тасмағамбетова. Ол – 1979 жылы туған. Мамандығы– заңгер. «Сәби» атты қайырымдылық қорының негізін қалаған. Оның күйеуі – Қазақстанда белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышев. Тасмағамбетовтің кіші қызы өнер адамы. Аты – Софья Тасмағамбетова, суретші. Атақты Павел Драгуновтың шәкірті. Ұлы –Нұрсұлтан Тасмағамбетов 1994 жылы туған. Алайда Нұрсұлтан Тасмағамбетов туралы ақпарат аз. Тек кәсіпкер екені айтылады.
Интернет көздерінен дайындаған Берік Бейсенұлы