«Барыс» көш соңындағы команданы ұтты
2018 жылғы 8 желтоқсан 16:29 38
АСТАНА. ҚазАқпарат — Құрлықтық хоккей лигасының кезекті матчын «Барыс» Владивостокта «Адмиралмен» өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Адмирал» көш соңында келе жатқан команда болғанымен, бұл ойын астаналықтарға оңайға түскен жоқ.
Бірінші кезең басталысымен, 3-минутта-ақ бұрын «Барыста» ойнаған Константин Глазачев есеп ашты. Дегенмен 16-минутта канадалық Патрис Кормье таразы басын теңестірді.
Екінші кезеңде тағы бір канадалық Даррен Диц есепті 2:1-ге жеткізді.
Айдын иелері есепті теңестіруге тырысқанымен, одан ештеңе өнбеді. Тіпті қақпашысын алтыншы ойыншыға ауыстырды. Сол сәтте П.Кормье бос қалған қақпаны дәл көздеп, ойын нүктесін қойды.
Осылайша Андрей Скабелканың шәкірттері қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді. Қазіргі кезде «Барыс» 50 ұпаймен Шығыс конференциясында бұрынғыша бесінші орында келеді. Елордалықтар келесі кездесуін 10 желтоқсан күні Хабаровскіде жергілікті «Амурмен» өткізеді. «Амур» да — көш соңындағы командаларды бірі. Ол 25 ұпаймен Шығыс конференциясында 12-інші орында тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» «Тракторды» жеңгенін жазған болатынбыз.