«Жас реформатордың» офшорға дейінгі жолы

0

Сауат Мыңбаев – 1995 жылы билікке келген бір топ «жас реформатордың» ішінде бүгінге дейін жеткен санаулы шенеуніктің бірі. Кейбір жергілікті БАҚ оны Қазақстанның мұнай-газ саласындағы қазіргі 50 ықпалды адамның тізіміне қосып, Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаев пен Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтан кейін үшінші адам деп жариялады.

БЕС ПРЕМЬЕР КӨРУ

«Қызметі өсті ме, төмендеді ме?» дейтін сауал Сауат Мыңбаевтың мансабына қатысты жиі қойылып келді. Премьер-министрлер Әкежан Қажыгелдин, Нұрлан Балғымбаев, Қасымжомарт Тоқаев, Даниал Ахметов пен Кәрім Мәсімов тұсында министр орынбасары, министр, премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарды. Арасында президент әкімшілігі басшысының орынбасары болып та үлгерді.

Әкежан Қажыгелдин мен Нұрлан Балғымбаев үкіметінде қаржы министрлігін басқарған «жас реформатор» Сауат Мыңбаевтың 1999 жылы аграрлық саланың ардагері, премьер-министрдің орынбасары Жәнібек Кәрібжановтың орнына ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалуы да таңданыс тудырған. Астанада үкімет үйіне дейін жеткен «шегірткемен күресу міндетін» мойнына алған Сауат Мыңбаев көп ұзамай мұнай-газ саласына ауысқан.

Бұрынғы мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев. Атырау, 18 қыркүйек 2008 жыл

Бұрынғы мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев. Атырау, 18 қыркүйек 2008 жыл

Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар ассоциациясының (АСиП) президенті Бақытжамал Бектұрғанова 2000 жылы жарияланған «Портрет министра сельского хозяйства С.Мынбаева» деген сараптамасында саясаткерді «…Өзге министрлерден артық та, кем де емес. Әкімшілік-командалық жүйе бет әлпетінен оңай байқалатын министрлердің бірі» деп сипаттаған.

«БИЗНЕСТЕГІ БІР ЖЫЛ»

Мыңбаевтың 2001 жылы Ауыл шаруашылығы министрі қызметінен босатылып, «Қазақстан даму банкіне» президент болғаны күтпеген қадам ретінде бағаланып, «Жоғарылау ма, төмендеу ме?» дейтін сараптамалар жиі көрінді.

"Республика" газетінде жарық көрген мақала: "Повышение или понижение. Остров спасения для экс-министра", 24.05.2001

«Республика» газетінде жарық көрген мақала: «Повышение или понижение. Остров спасения для экс-министра», 24.05.2001

Баспасөз бетінде «Жаңа екі қаржы мекемесі — Ұлттық қор мен Даму банкін құру үкіметтің маңызды міндеті, сондықтан Сауат Мыңбаевтың мемлекет қаржысын ұзақ мерзімге кредит ретінде беретін жаңа банкке президент болуын министр қызметінен кем емес» деген де мақала жарияланды. («Повышение или понижение. Остров спасения для экс-министра», 24.05.2001. «Республика»).

Бірақ «Қазақстан Даму банкінде» бір жыл қызмет еткен соң ол тағы небәрі бір жыл «Каспий қаржы өнеркәсіп тобы» ЖШС бас директоры қызметін атқарды.

Сауат Мыңбаев «мемлекет қаржысын ұзақ мерзімге кредит ретінде беру» функциясын қалай атқарғанын арада бірнеше жыл өткенде тәуелсіз зерттеулер еске салды.

2017 жылы күзде Журналистік зерттеулердің халықаралық консорциумы (International Consortium of Investigative Journalists, ICIJ) шығарған офшор құжаттарында Сауат Мыңбаевты Бермуд аралдарында тіркелген Meridian Capital Ltd. компаниясының акционері деп көрсетті. Бұл дерек бойынша 2011 жылы Meridian Capital Ltd. компаниясының 20 пайызы Мыңбаевқа тиесілі болған. Ал 2006 жылы компанияның «3 миллиард АҚШ доллары тұратын активтері» болған.

Сауат Мыңбаев Азаттыққа берген жауабында Meridian Capital компаниясының акционері болғанын растағанымен «2003 жылы мемлекеттік қызметке шақырылған соң акциясын басқа адамға өткізгенін» айтқан болатын.

Сауат Мыңбаев өзі меңзегендей мемлекеттік қызметке 2003 жылы оралды. Бірақ оның мемлекеттік қызметтен кеткеніне небәрі екі жыл ғана болған еді.

2017 жылы қарашада Коррупция және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Қазақстанда «мұнай мен газды темір жолмен негізгі тасымалдаушы» әрі Теңіз кенішін игеріп жатқан компанияға қызмет көрсететін ірі жөндеу базасының, депоның иесі деген TTG Group компаниясында Сауат Мыңбаевтың үлесі болған әрі қазір де болуы мүмкін» деген болжам айтты.

OCCRP журналистерінің мәлімдеуінше, TTG Group компаниясы Теңіз кенішінде жұмыс істейтін мұнай өндіруші концернге (Chevron, ExxonMobil, «ҚазМұнайГаз» және LukOil бірлескен кәсіпорны) газ, күкірт және өзге заттарды тасымалдауға арналған цистерналар, вагондарды жалға беру арқылы кірісі мол бизнес көзін тапқан. OCCRP осы компанияға Мыңбаев көмектескен деп санайды, яғни мемлекет меншігіндегі «Қазақстан даму банкін» ол басқарған 2002 жылы TTG Group компаниясы цистерналар сатып алу үшін осы банктен 11,7 миллион доллар несие алған деген мәлімет келтіріледі.

Сауат Мыңбаев Азаттыққа «TTG Group компаниясының акционері болған емеспін» деп жазбаша жауап берді. Оның комментариінде: «Ұмытпасам, 16-17 жыл бұрын Қазақстан даму банкі TTG Group компаниясына несие бергені есімде. Несие беру туралы шешімді әрдайым несиелендіру комитеті қабылдайды әрі ол корпоративтік процедураларға сәйкес және Қазақстан даму банкінің стандартты шарттары негізінде қабылдайды. Несиелендіру шарттары түгел орындалып, әлгі несие 100 пайыз жабылған» деп жазылған. Бұл – Мыңбаевтың соңғы уақытта тіпті сирек кеткен аз комментариінің бірі. Саясаткер Азаттықтың сұхбат, я комментарий беру туралы бұдан кейінгі бірнеше өтінішін жауапсыз қалдырды.

Сауат Мыңбаевтың «офшордағы қаржысы» жайлы ақпарат Қазақстан қоғамында түрлі пікір туғызды. Кейбір саясаттанушылар бұны «Астанадағы кланаралық тартыстың бір көрінісі» деп санады. Кезінде Сауат Мыңбаевты үкіметке тартқан бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің «Мыңбаевтың ақшасын Қазақстанға қайтару керек» деген пікірін кейбір вебсайттар жариялады. Алайда, билік тарапынан қандай да бір ресми реакция болған жоқ. ​

«ТИМУР ЖӘНЕ ОНЫҢ КОМАНДАСЫ»

Саясаткерді бақылаушылардың арасында «Сауат Мыңбаев Қазақстанның күрделі энергетика саласында мемлекеттік мүддені қорғау арқылы танылды» дейтін сарапшылар да бар. Бес премьер-министр тұсында үкімет құрамында болса да, Сауат Мыңбаевтың биліктегі қандай да бір саяси немесе қаржылық топтармен ашық араласқаны байқалмаған.

GR Consulting Group компаниясының басқарушы директоры, саясаттанушы Ербол Еділов «Сауат Мыңбаев өзін істің адамы ретінде көрсете біледі» деп санайды.

— Үкімет пен квази мемлекеттік құрылымдарда жоғары қызметтерде 24 жыл бойы жүрген адам сирек, мұндай рекорд басқаларда жоқ. Менеджерлік қабілеті жоғары шығар, бірақ ол төменгі буында жұмыс істемеген. Мәселен, таяуда оның орнына «ҚазМұнайГазға» басшы болған Алик Айдарбаев мұнай-газ саласында қарапайым сатылардан өткен, — дейді сарапшы.

Биліктегі кадр өзгерістерін бірнеше жылдан зерттеп келе жатқан Ербол Еділовтің айтуынша, Сауат Мыңбаевтың Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевпен байланысы болуы әрі оған биліктегі ықпалды тұлғалардың бірі Ахметжан Есімов те қолдау көрсетуі мүмкін. Еділов Мыңбаевтың президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі болған Сарыбай Қалмырзаевтың баласы «Нұрбол Сұлтанның бажасы екені де белгілі ақпарат» деп санайды.

Сауат Мыңбаев (сол жақта) Астанадағы жиында Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевты тыңдап отыр. Қазан, 2011 жыл.

Сауат Мыңбаев (сол жақта) Астанадағы жиында Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевты тыңдап отыр. Қазан, 2011 жыл.

Саясаттанушының сөзінше, Сауат Мыңбаев пен Тимур Құлыбаевтың жолы 1980 жылдардың ортасында Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып жүргенде-ақ түйіскен. Ол Мыңбаевтың Қазақстанның грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясының президенті екеніне, ал Тимур Құлыбаевтың осы федерация бағынышты болып саналатын Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының төрағасы болғанына назар аударады.

— Әдетте, билік төңірегіндегі топтар командамен жүретіні белгілі. Сауат Мыңбаевта ондай команда бар деп айта алмаймын. Сондықтан үлкен ойындардағы кадр мәселесіне араласпайтыны аңғарылады. Әрине, қайда қызмет ауыстырса да, қалдырмай ертіп жүретін оның да екі-үш сенімді адамы бар, — дейді ол.

Азаттық тілшісіне аты-жөнін жарияламауды өтінген, Мыңбаев пен Құлыбаевтың қызмет жолдарын жақсы білетін тағы бір сарапшы да Сауат Мыңбаевты «Тимур Құлыбаевтың ықпалындағы мұнай-газ саласында жүрген өзі де ықпалды тұлға» деп санайды. Оның болжауынша, Мыңбаевтың таяуда «ҚазМұнайГаздан» «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшылығына жіберілуіне Тимур Құлыбаевтың себеп болуы да мүмкін.

— «ҚазМұнайГаз» да, «Қазақстан темір жолы» да стратегиялық маңызды компания. Сондықтан мұны Мыңбаевтың қызметін жоғарылату, не төмендету дегеннен гөрі «басқа салаға жылжыту» деуге болатын шығар. Соңғысы – қазір ірі қаржыға мұқтаж болып отырған компания. Құлыбаев пен Мыңбаев Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» бағдарламасы арқылы өтетін жүк транзитін «ҚТЖ-дағы ыңғайлы мердігер компаниялары» арқылы пайдаланғысы келетін сияқты, — дейді ол.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың (ортада) Қаламқас кенішіндегі жұмысшылармен кездесуі. Маңғыстау облысы, 10 қаңтар 2017 жыл.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың (ортада) Қаламқас кенішіндегі жұмысшылармен кездесуі. Маңғыстау облысы, 10 қаңтар 2017 жыл.

Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген сарапшы Сауат Мыңбаевты «дау-дамайдан аулақ жүретін, саяси амбициясы жоқ тұлға» деп сипаттайды. Бірақ былтыр «офшордағы компаниясы» туралы даулы ақпарат шыққанда таңырқамаған, өйткені оны «дәулетті адам» деп ойлайды. Сарапшы «ҚазМұнайГаз» басшысы болған кезінде Мыңбаевтың күрделі кезеңнен өткеніне нұсқайды.

— Сауат Мыңбаев басқарған тұста «ҚазМұнайГаздың» жағдайы қиындады. Компания өз міндетіне жатпайтын саламен де шұғылданып кетті. «Самұрық» компаниясының да тиімсіз екені көп ұзамай белгілі болды. Ал ол «Қазынамен» қосылған соң жағдайы одан да күрделенді. Қазір Қазақстан экономикасындағы проблеманың көбі «Самұрық-Қазынамен» байланысты. Өйткені бұл компаниядағы мемлекеттің үлесі тым көп. Сондықтан тиімсіз болып шықты, — дейді ол.

"Казахстанская правда" газетінде жарық көрген мақала. "Самрук": в начале славных дел", 28.01.2006

«Казахстанская правда» газетінде жарық көрген мақала. «Самрук»: в начале славных дел», 28.01.2006

Сауат Мыңбаев 2006 жылы қаңтарда премьер-министрдің орынбасары – Индустрия және сауда министрі қызметінен босатылып, мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі «Самұрық» холдингі басқарма төрағасы қызметіне тағайындалған. Қызметке кірісе сала баспасөзге берген сұхбатында «мемлекеттік компаниялардағы корпоративті басқару мәселелерін шешуге арналған ең тиімді құрал – мемлекеттік холдинг екенін әлем тәжірибесі» көрсетіп отыр деген еді («Самрук»: в начале славных дел», «Казахстанская правда», 28.01.2006).

Сауат Мыңбаев бұл қызметте де ұзақ отырмай Қазақстанның Индустрия және сауда министрі болып шыға келген. Ал «Самұрық» холдингі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына айналып, қазір Қазақстанның 167 миллиард доллардан асатын сыртқы қарызының ең үлкен бөлігіне ие болды.

Дереккөз: Азаттық