«Ол мені алдады»: Қырғызстандық Айзаданы алып қашқан жігіт өлер алдында туыстарына дауыстық хабарлама жіберген

0

Бішкектің 26 жастағы тұрғыны Айзада Қанатбекованы алып қашып, өлтірді деген күдікке ілінген Замирбек Теңізбаев көз жұмар алдында жақындарына дауыстық хабарлама жолдаған. Ер адамның аудио хабарламасы әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Аудио хабарламада ер адам жақын туыстарымен қоштасады. Замирбек ағасы мен анасына хабарлама жіберген.

«Мен оны өте жақсы көремін және онсыз өмір сүре алмаймын. Ол қанша сұрасам да менімен бірге өмір сүргісі келмейді. Ол бір ай күте тұр деді, күттім. Содан кейін тағы бір ай, бірақ бітті. Мен енді сенбеймін», — дейді ол.

Аудионы 5 сәуірден кейін жазуы мүмкін. Хабарламада Айзаданың дауысы да естіледі.

«Мен сенен күтуді сұрадым», — дейді қыз.

Бұл ретте Замирбек соңғы күндері қарым-қатынастары ушығып кеткенін мойындайды.

Ер адам бәрінен бірнеше рет кешірім сұрайды.

«Осындай ұлыңыз болғаны үшін кешіріңіз», — дейді ол.

Еске салайық, Айзада Қанатбекованы 5 сәуірде сағат 7:00-де Бішкекте алып қашқан. Бұл сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Видеода бір ер адамның қызға жақындағаны және оны күшпен машинаға апарғаны көрінеді. Кейінірек тағы екі ер адам қызға жақындап, оны қызыл түсті машинаға мәжбүрлеп отырғызған. Бұл көлікке екі адам отырады, үшіншісі таксиге отырады.

7 сәуірде қыз бен оның алып қашқан жігіттің мәйіті бар көлік табылды. Полицияның алдын-ала мәліметтері бойынша, ер адам жанжал кезінде қызды қылқындырып, содан кейін өзіне пышақ жарақатын салып, өлген.

Қырғызстанда бұл іс үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Халық митингке шықты. Жағдайды ел президенті Садыр Жапаров жеке бақылауына алды.

Полиция қызды алып қашуға қатысқандардың бірін қамауға алды.