Өз келіншегінің жалаңаш түскен видеосын таратқан: БҚО-да ер адамның үстінен іс қозғалды
Оралдық азамат ажыраспақ болған әйелін бопсалаймын деп басы бәлеге қалды, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, ол әйелімен ажырасқысы келмеген. Бұл қарсылығынан түк шықпаған соң, келіншегінің жалаңаш түскен видеоларын тума-туыстары мен барлық таныстарына таратамын деп қорқытқан.
Ал бұған көнбеген соң, әйелінің бейәдеп видеоларын жақындарына уатсапп желісі арқылы жіберіп үлгірген. Осылайша ол сүйген жарын ұялтып, отбасына кері қайтаруға тырысыпты.
Келіншек болса, бірден полицияға шағымданған. Сезімді сергелдеңге салған сері жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ерлі-зайыптылардың арасындағы дауды енді сот шешпек.
«Қазір осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 311-бабы, 1-бөлігі, яғни порнографиялық материалдарды заңсыз тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заң бойынша күдіктіге 2 мың айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 2 917 теңге) көлемінде айыппұл салу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған», – дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Садырғалиева.