Ақмола полицейлері қылмыскердің қолынан қаза тапқан әріптесін еске алды
2018 жылғы 8 желтоқсан 17:30 41
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат — Ақмола облысының полицейлері қызметтік міндетін атқару кезінде мерт болған әріптестерін еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Департамент ғимаратында «Ақиқат жолында» тақырыбымен өткен шара 2001 жылы қанды қол қылмыскердің қолынан қаза тапқан Ақмола облысының ішкі істер басқармасының медицина қызметінің бұрынғы басшысы, полиция подполковнигі Ботагөз Бижанова мен қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған өзге де полиция қызметкерлеріне арналған мемориалдық тақтаға гүл дестелерін қою рәсімімен басталды. Шараға Ботагөз Бижанованың туған-туыстары мен жақын-таныстары, сондай-ақ, ішкі істер органдарының ардагерлері мен жеке құрамы қатысты. Жиналғандар марқұмның аруағына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Айта кетейік, Ботагөз Мағазқызы Бижанова 1985 жылы Қарағанды медицина институтын тәмамдайды. Кейін Арқалық қалалық емханасының учаскелік дəрігері болып жұмыс істеді. 1991 жылы ішкі істер органдары қызметіне орналасты. Өзінің қызметтік жолын Торғай облысы ІІБ ЕмП стационарының бастығы қызметінен бастады.
1999 жылдың шілде айында Ақмола облысы ІІБ медициналық бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалды. Қызмет атқару кезінде Ботагөз Мағазқызы өзін сауатты, талапшыл басшы ретінде көрсете білді. Əріптестерінің арасында сый мен құрметке ие болды. 2001 жылы 28 маусымда Ақмола облысы ІІББ медициналық бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ботагөз Бижанованы өз үйінің кіреберісінде қылмыскер атып кеткен.
Ботагөз Мағазқызының есімі осы күні полиция қызметкерлерінің мәңгі жадында жəне Ақмола облысы ІІД ескерткіш мемориалында мəңгілікке жазылды.
Еске алу шарасында марқұмның қызы Динара Бижанова мен әпкесі Сәуле Мағазқызы естеліктерімен бөлісті.
«Анамыз бізге жылулығын сыйлаған күн сияқты болды. Біздердің еңбексүйгіштігіміз бен келешекке деген сенімізді нығайтуға тырысты. Ешкімнен ешқашан алғыс күтпей-ақ, адамдарға жақсылық жасауға асығып тұратын. Бүгінде анамыздың есімі балалары мен немерелерінің және әріптестерінің жадында мәңгі сақтаулы», — деді қызы Динара Бижанова.