Оталып тұрғанда жүріп кеткен: Әуежайда екі ұшақ соқтығысты

0

Сургут қаласындағы әуежайда оталып тұрған ATR-72 маркалы ұшақ өздігінен жүріп кетіп, жақын жердегі Як-40 әуе кемесіне соғылды, деп хабарлайды РИА Новости.

«Алдын ала мәліметке сәйкес, 2021 жылы 1 сәуірде ұшақтарға техникалық қызмет көрсету кезінде қозғалтқышы істеп тұрған ATR-72 әуе кемесі өздігінен жүріп кетті. Соның салдарынан тұрақтағы Як-40 ұшағына соғылды. Екі ұшақтың салонында экипаж да, жолаушылар да болған жоқ», — делінген ресми хабарламада.

Қазіргі кезде оқиға орнында арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Олар әуежай тұрағы мен ұшақтарды тексеруге кірісті. Куәгерлерден де жауап алынуда. Негізгі мақсат – оқиғаның мән-жайын анықтау. Тексерістің нәтижесі бойынша процессуалды шешім қабылданады.

Айта кетейік, 2020 жылы Санкт-Петербург әуежайында екі ұшақ соқтығысып қалған еді. S7 әуе компаниясының борты бұрылғанда «Урал әуе желілері» компаниясының ұшағын іліп кетті.