Шымкентте «азанды дұрыс шақырмадың», — деп 5 жастағы баланы ұрып өлтірген (фото)
5 қарашада түнгі сағат 00:50-де Шымкент қаласы Қазыбек би көшесінде орналасқан облыстық клиникалық ауруханасының жан сақтау бөліміне ауыр хәлде түскен 5 жастағы бала қайтыс болды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бұл құжатты танымал заңгер Айгүл Орынбек өзінің фейсбук парақшасына жариялады. Аталмыш құжаттағы мәліметке сүйенсек оқиға қараша немесе желтоқсан айында болған. Ал заңгердің өзі бұл сорақылықтың осыдан бір ай бұрын болғанын айтқан.
Тексеру барысында бала қайтыс болған күні кешкі сағат 21:20-да М.Р.Амангелді есімді 5 жастағы баланы өгей әкесі Құптан намазының азанын дұрыс шақырмадың деп айыптап, соққыға жыққан. Жасөспірімді кеуде және іш тұсынан ұрып-соққаннан кейін бала есін жоғалтқан. Жедел жәрдем облыстық клиникалық ауруханаға жеткізіп, дәрігерлер «іш жарақыты, іштен қан кету» диагнозын қойған. Келесі күні саға түнгі 00:40-та М.Р.Амангелді жан тапсырады.
Аталмыш іс бойынша Атырау қаласында туған, 22 жас шамасындағы Жолдасов Ерболат Масотұлы күдікті деп танылды.
Шариғат не дейді?
Дәстүрлі Ислам дінінде бала 7 жасқа толғанда намаз туралы, дін туралы айтып, насихат жұмыстарын жасаңдар деген мағынада хадис бар. Бірақ дінде зорлық жоқ екенін баса назарда ұстаған жөн. Жасөспірімге намазды қалай және қашан үйрету керектігі туралы islam.kz сайтында толығырақ жазылған. Діни алауыздық туындамас үшін Qamshy.kz ақпарат агенттігі атамыш ақпаратты оқырман назарына ұсынады.
«Жетіге толғанда балаларыңа намаз оқуды бұйырыңдар. Онға толғанда да оқымаса, ақырындап ұрып-соғып тәрбиеге салыңдар, сондай-ақ оларды осы жастан бастап бөлек жатқызыңдар»
(Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас(р.а.) жеткізген. Әбу Дәуіт, Салә 26)
Хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) есі кіре бастаған жас балаға ең алдымен намаз үйретуді бұйырған. Неліктен намаз?! Өйткені намаз – діннің діңгегі, тәрбиенің негізі. Адамның көкірегі мен өмір жолын шуаққа бөлейтін нұр. Сондай-ақ белгілі уақыттарда өтелетін намаз адамға уақыттың қадірін білдіріп, уақытпен жүруді үйрететін, әрі оны жүйелілікке, тұрақтылыққа және байсалдылыққа баулитын теңдессіз құлшылық. Міне, сондықтан да, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жетіге толып, оң-солын ептеп ажырата бастаған баланы бәрінен бұрын намазға үйретуді бұйырып, ал егер жасы онға толып буыны қата бастағанда да намазға үйренбесе, тәрбиелік мақсатта ғана бір жерін зақымдап алмайтындай ақырындап ұруға(өлімші етіп сабау емес) болатынын айтқан.
Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», демекші бала үйдегі үлкендерге еліктеп өседі. Сондықтан, алдымен үлкендердің өзі намазға ерекше ден қою арқылы оның қаншалықты маңызды құлшылық екенін балаға іс жүзінде көрсете білуі керек. Намаздың маңызы зор құлшылық екенін көзімен көріп, зердесіне тоқып өскен бала есі кіргенде, бір ауыз насихатпен-ақ намазға жығылады, һәм өсе келе оны өмірінің ең басты ұстанымына айналдырады. Ал қанша жерден көрсетіп, айтып, үйретсең де жалқаулықтан құлшылық жасағысы келмейтін бойкүйез баланы дер кезінде қолға алып, тәрбиеге салмаса, кейін қанша тәрбиелегенмен еш нәтиже шықпауы мүмкін. Сол себепті, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ондай баланы қажет болса, қолмен түзетуге болатынын айтқан. Өйткені, бала күннен істеп үйренген істің уақыт өте келе қалмайтын әдетке айналары сөзсіз.