Елтаңба авторы Шот-Аман Уәлиханов қайтыс болды
Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихановтың бақилық болуына байланысты көңіл айтты.
Шот-Аман Уәлиханов — көрнекті сәулетші, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат», «Отан», «Даңқ» орденінің иегері, Тəуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, ҚР сəулетшілер, дизайнерлер, жазушылар суретшілер одағының мүшесі, бүкіләлемдік Шыңғыс хан академиясының, Шығыс елдері Халықаралық сәулет академиясының, халықаралық сəулет академиясының академигі (Ресей Федерациясы). «Шот-Аман Ыдырысұлы саналы ғұмырын сүйікті ісіне арнап, мағыналы өмір сүрген өз ортасына сыйлы, болмысы бөлек жан еді.
Ол халқымыздың тарихындағы ардақты тұлғалардың ескерткішін жасап, ер есімін ел арасында ұлықтауға, сәулеті көз тартар ғимараттардың бой көтеруіне сүбелі үлес қосты. Бұл қатарда Елорда төріндегі Кенесары Қасымұлы, Қостанай қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы, Ерейментаудағы Бөгенбай батырдың, ШҚО-дағы хакім Абай мен Шәкәрімнің, Алматыдағы Шоқан Уәлиханов, Дина Нұрпейісова, Əліби Жангелдин, Тоқаш Бокин, Ғани Мұратбаев, Нұрмолда Алдабергенов, Талғат Бигелдинов, Жұмағали Саин, Тайыр Жароков, Тахауи Ахтанов, Əбу Сəрсенбаев, Дінмұхамед Қонаев, Тілес Қажығалиев, Құрманай Омарова, Нұрғали Тасмағамбетов, Шафик Чокинге арналған туындыны халық жақсы біледі», — делінген министрдің жазбасында.