Қытай елшісі: «Қазақстанға 3 млн доза вакцина жеткізілді»
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қытайдың Sinovac екпесінің елге жеткізілгенін жоққа шығарды. 26 наурызда Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо қазақстандық басылымдарға берген сұхбатында «елге үш миллион доза екпе жеткізілді» деген еді.
— Ондай екпенің елге жеткізілгені жайлы ақпарат жоқ. Бізге ешкім қайырылған жоқ. Егер екпе жеткізу туралы қайырылса біз қарастырамыз. Қазақстанға келетін кез келген екпе елде тіркеуден өтіп, қауіпсіздік бойынша тексеру процедурасынан өтуі тиіс, — деді Цой 30 наурыздағы брифингте.
Министр Қазақстан Қытайдан вакцина алу жөнінде келісімге келмегенін, қазір «келіссөз жүріп жатқанын» айтты.
— Вакцина сатып алу туралы ұсыныс хатын [Қытайдың] Sinovac екпесіне ғана емес Pfizer, Johnson & Johnson, Moderna екпелерін шығарғандарға да жібердік. Өкінішке қарай, бұл компаниялардың Қазақстанға қай уақытта қанша доза екпе жібере алатыны жайлы нақты ақпарат жоқ, — деді министр.
Бұған дейін Қытай елшісі Чжан Сяо «Деловой Казахстан» газетіне, Kazakhstan Today және «Стратегия 2050» сайтына берген сұхбатында «Қазір Қытай ДДСҰ-ның COVAX екпе саясатына қосылды. Жақында Қазақстанға Қытайдан үш миллион флакон екпе жеткізілді» деген.
Қазақстанда халыққа екпе салу науқаны 1 ақпанда басталған. Қазір елде ресейлік «Cпутник V» екпесі салынып жатыр. Бірақ бұл вакцина Қазақстанда тек 16 ақпанда ресми тіркеуден өтті. Қазір бұл екпені Қарағанды фармацевтикалық кешені де шығарып жатыр. Бұл кешеннің иелерінің қатарында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы, Қазақстандағы миллионерлердің бірі Қайрат Боранбаев бар.
Екпе алдымен дәрігерлер, мұғалімдер, полицейлерге егіледі. 30 наурыздағы брифингте Цой «сәуірде қалаған адам екпе салдыра алады» деді.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазір елде 127 мың адам екпенің бір дозасын алған.
Сарапшылар елде екпе науқаны баяу жүріп жатқанын айтады. Қазір елде коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсіп, ел «қызыл аймаққа» кірді. Наурыздың ортасынан бері елде мыңнан аса адам Covid ауруына шалдығып жатыр. Кейінгі бірнеше күнде елде мың жарымнан аса адам осы індетке шалдыққан.