Қытай консулдығы алдында наразылықтың өтіп жатқанына 50 күн болды

0

Алматыда Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап, туыстарына бостандық сұраған наразылық акциясы 50-күні де жалғасты. Қар аралас жауын жауып тұрған ауа-райында Байтасов көшесінде орналасқан дипломатиялық өкілдік маңына 10 шақты әйел жиналды. Тағы екі адам оларды қолдауға келді.

Қарсылық акциясына үздіксіз шығып келе жатқан Фарида Қабылбек «көңіл-күйіміз түсіңкі, бірақ бетімізден қайтпаймыз» дейді. Оның сөзінше, Қытайда қамалған күйеуі Рахыжан Зейнолланы Үрімжі қаласына әкелген.

— 50 күндік жұмыстан біраз нәтиже шықты деп ойлаймын. Өйткені жолдасым келесі жұмада қолына паспортын алады дейді. Виза алуға өтініш берді. Ары қарай ұшаққа мінгізе ме, шекарадан өткізе ме, жоқ па, ендігі мәселе – сол, — дейді ол.

Бірақ акцияға қатысушы өзге әйелдер әзірге Қытайдағы туыстарымыздан хабар жоқ дейді. 70 жастағы анасына сұрау салған Гүлпия Қазыбек «консулдық алдына пикетке шыққаным үшін Қытайдағы ініме ескерту жасалыпты» дейді. Ол мұны Wechat әлеуметтік желісі арқылы білгенін айтады.

Қар мен жауынға қарамай акцияға келгендер Қытай консулдығына 50-60 метр жерде тұрып, «Бостандық», «Қытай туыстарымызды жіберсін» деп айқайлады.

Тоқтаусыз наразылыққа шығып жүргендерді қолдап тағы екі адам келді. Олар «Қытай геноциді тоқтасын» деген плакат ұстап тұрды. Олардың бірі Майра Молдабекова Қазақстанда Қытайдың 56 зауыты салынбасын дегенді айтты. Екіншісі Назира Мұсаева Тараз қаласынан арнайы келген.

— Осы адамдарды қолдап келіп тұрмын. Қытайда не болып жатқанын, қандастарымызға не жасалып жатқанын бәрі жақсы біледі ғой. Геноцид жасап жатыр. Қазақтарды жіберсін. Оларды ұстауға құқығы жоқ, — дейді Мұсаева.

Наразыларды полиция консулдық алдына өткізбейді. Сырттан бақылап, консулдыққа беттегендердің жолын жабады.

— Барлық сұраққа баспасөз қызметі жауап береді. Ол кісілер жолды жауып тастамас үшін, тәртіпті бақылап тұрмыз, — деді полицейдің бірі.

Наразылық басталған 8 ақпаннан бері жолды жабу фактісі тіркелмеген. Акция жол шетінде, консулдық есігінің алдында өткен.

Қытайда түркі тілдес мұсылман ұлттарды қуғындау басталғаны 2017 жылы хабарланған. Содан бері туысын іздегендер, кейін Шыңжаңда саяси лагерьге қамалдым дегендер көбейді. Батыс елдері мен адам құқығын қорғайтын ұйымдар қуғын-сүргінді айыптайды. Пекин саяси лагерьді оқу орталығы деп атайды, айыптауларды жоққа шығарады.