Ерекше «Жұлдызай» | «Айқын» газеті

0

Атырауда ерекше балаларды оңалтуға арналған жаңа медициналық орталық ашылып, қызмет көрсете бастады.

Церебрал сал ауруымен ауыратын бала­ларды оңалтуға арналған «Жұлдызай» жаңа медициналық орталығының мамандары күн сайын 36 баланы емдей алады. Орталық ма­ман­дары ерекше балалар үшін терапиялық мас­саж, невропотологтардың қадағалауымен фи­зиотерапия, жаттығу терапиясын қоса ал­ған­да, қызметтердің толық кешенін ұсынады. Сонымен қатар логопед-дефектолог, психолог, физиотерапевт, эрготерапевт және невропа­то­лог-реабилитолог кабинеттері бар.
Балалардың ата-аналары мен мемлекеттік ор­ган­дардың өкілдері қатысуымен Атырау облысының әкімінің бірінші орын­басары Серік Шапкенов орталықтың тұсаукесер рәсімін жасады.
– Орталықтың ашылуын ерекше бала тәр­биеленетін көптеген отбасылар асыға күтті. Мем­лекет басшысы арнайы қолдау қажет адам­дарға үлкен көңіл бөледі. «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасына қатысуға ниет білдірген адам­дардың саны бірнеше есеге артып келеді және олар әлеуметтік жобаларға қолдау көрсете бас­тады. Айта кету керек, біздің қалаға жаңа ме­дициналық орталықты сыйға тартқан BI Group компаниясының қайырымдылық қыз­меті – бизнес пен мемлекеттік сектор ара­сын­дағы үш жақты жемісті ынтымақтастықтың жар­қын мысалы. Орталық балалар мен олар­дың ата-аналарына ертеңгі күніне сенім сый­лады, – дейді Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов.
Бұл орталықта ерекше балалар үшін тірек-қимыл аппаратының бұзылуын тү­зетуге мүмкіндік беретін заманауи трена­жер­лар мен техникалық құралдардан басқа, бала­ның дамуына көп көңіл бөлінеді деп күтіліп отыр. Балалардың әрқайсысы үшін түзету және оңалтуды дамыту үшін жеке бағытта жұмыстар жүргізіледі. Сайып келгенде, орталық­тың ашылуы ата-аналар үшін көп қолдау болып отыр. Себебі, осы жерде балалар ерекше бақы­лауға алынып, дене қозғалысына түсіп, ағза­ларының жұмыс істеуіне дағдыланып қана қой­май, өмірде жетістіктерге жетуге талпыныс жа­сай алады.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы