«Ол маньяк»: денесі бөлшектелген Аяжан Еділованың туыстары мәлімдеме жасады
Туыстары 19 жастағы Аяжан Еділованың өліміне қатысты тергеудің егжей-тегжейін ашты. Олар журналистерге ер адамның жазадан құтылып кетуінен қорқатындықтарын айтты, өйткені ол есі ауысқан деп танылуы мүмкін.
«Бір тәулік ішінде маньяк оны өте тиянақты әрі асықпай бөлшектеген. Олар күдіктінің берген түсініктемесіне сүйеніп, оның алдымен өлтіргенін, содан кейін денесін жасыру үшін бөлшектегенін айтуда. Бірақ біз суретін көрген кезде әрбір тырнағы қиылып, әрбір тісі қағылып, жеке полиэтилен пакетке салынғанын білдік. Ол басын кесіп алып, суға қайнатқан. Басынан тек сүйегі қалған. Қазір тану жүріп жатыр, олар дене мүшелерін жинап жатыр. Жалғыз мәйіт болмауы мүмкін. Сол себепті қазір сараптама кешіктіріліп жатыр», – дейді Алмат.
Әпкесі күдіктімен танысу қосымшасын қарап, онымен кездесуге барды деген нұсқаға туыстары да сенбейді, өйткені қыздың жігіті болған. Олар күдікті Аяжанды жұмыс орнында алдау арқылы шақырған деп санайды.
19 наурызда Алматы қаласының тұрғыны Аяжан Еділова жұмыстан шығып, үйіне оралмаған. Бірнеше күннен кейін Алматы полиция департаменті қыздың қаза тапқанын хабарлады. Жедел-іздестіру шараларын өткізу барысында бойжеткеннің жоғалып кеткен күні жаңа танысымен кездесуге кеткені анықталды. Бұл туралы Алматы қаласы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров мәлімдеді. Күдікті-1993 жылы туған азамат, Түркістан облысының тұрғыны ұсталды.
Қылмысқа қатысты мәліметті марқұмның туыстары «НемолчиKZ» қорына айтып берген. Олар жақын қарым-қатынас жасау үшін танысқан деген нұсқаны жоққа шығарды және олар айыпталушыға ең қатаң жаза кесуді сұрайды.
Олар полиция қыздың із-түзсіз жоғалғаны туралы арызды бірден қабылдамағанын айтып шағымданды. Туыстары күдіктінің мекенжайын өздері тапқанын айтып отыр. Сол жерге барғанда үйдің жанында полиция қызметкерлері де болған.
Ал полиция мұны негізсіз айтылған пікір деп мәлімдеді.
«Біз тергеуді өтініш түскен кезде бастадық. Ештеңе күтпей, бірден жедел топ құрдық», — деді брифингте Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.
Сонымен қатар Аяжанның туыстары қылмыс жасалған күннен бері 5 күн өткенін, ал өздері оны жерлей алмай отырғанын айтты.
«Ол Талдықорғанның қызы. Ата-анасы сол жақта. Біз жерлеу үшін денесін, оның бөлшектерін беруін күтіп отырмыз», — деді Алмат Мүліков.