Шыңғыс Мұқан: Наурызды тойлауға бюджеттің бір тиыны кетпеді
ешелі бері Шымкент қаласында Наурыз мерекесін тойлауға бөлінген қаржы көлемі шу тудыруда. Бір мерекеге 572 млн (кей деректерде — 565 млн теңге) теңгедей қаржы жұмсалғаны көпшілікті ашуландырды. Бұл шуға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз мәслихатында түсініктеме берді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Ең алдымен брифингте мерекені тойлауға 572 млн теңге емес, 213 млн теңге жұмсалғаны айтылды. 213 млн теңгеге Шымкентте 10 күн ішінде 103 іс-шара өткізіліпті. Ал 572 млн теңге деген цифр қалада жыл бойы мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға мәслихат депутаттарының шешімімен қарастырылған. Және бұл 213 млн теңге әлі де бөлінбепті:
— Мемлекеттен бөлінген әр тиын әкімдіктің, депутаттардың бақылауында. Мемлекеттік бюджеттен шыққан әр тиынның артында тексеру бар, сұрауы бар. Құқық қорғау органдары бар тексеретін. Сондықтан бұл жерде «бармақ басты, көз қысты» деудің еш қажеті жоқ. Әр тиынды есептеп жазып отырған Мәдениет басқармасының, концерттерді өткізіп жатқан Мәдениет үйінің жауапты мамандар бар. Және бір айта кетерлігі, Наурызды тойлауға бюджеттің бір тиын ақшасы жұмсалған жоқ. Неге? Себебі бюджет осы Наурыз айында бөлінді. Қаржы сәуір айының орта шебінде ғана Мәдениет басқармасының шотына түседі.
«Мерекені былай өткізсек» деп идея ұсынып келетіндерге «бізде бюджетте ақша жоқ. Сол себепті де өз мүмкіндіктеріңізге қарай өткізіп көріңіздер» дедік. Келіскен мекемелер келісті, келіспегендер келіспеді. Енді келісіп мерекені өткізген мекемелер сәуір айында бізге құжатпен келеді. «Мына затқа мынанша ақша кетті, анаған осынша кетті» деп есеп береді. Біз оны тексеріп барып қабылдап аламыз, — деді Шыңғыс Мұқан.