Жазушы қауымға артылған үлкен жүк

0

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – тарихи, ұлттық санамызды жаңғыртып, тәуелсіздігімізді одан ары күшейтуге бағытталған үлкен еңбек. Ондағы басымдықтарды жүзеге асыруға мән берген «Нұр Отан» партиясы бас жүлдесі 1,5 миллион болатын «Ұлы дала» шығармашылық байқауын жариялады. Рухани жаңғыру идеялары мен құндылықтарды дәріптеп, әдебиетті дамытып, оған қолдау көрсететін байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады. Еліміздің рухани жаңғыруы мен дамуын суреттейтін, талантты жас әдебиетшілерді анықтап, олардың еңбегіне лайықты баға беретін шығармашылық байқауға қатысушылардың қарасы күннен-күнге артып келеді. Осы ретте қазылар алқасының мүшесі, жазушы, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әлібек Асқармен байқаудың бағыт-бағдары турасында әңгіме өрбіткен едік.

Қоғамдық іс-шаралардыңмаңызы – тарихи шығармалар жазу

Байқауда «Проза», «Поэзия», «Дра­матургия, көркем фильмдер мен теле­сериал сценарийі», «Публицистика» және «Балаларға арналған шығарма» сияқты бес аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Жалпы Мем­лекет басшысының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы қашанда зиялы қауымға, ақын-жазушыларға, мәдениет пен өнер саласында тер төгіп жүрген барша азаматтарға ұдайы қолдау көрсетіп келе жатыр. «Ұлы дала» шығармашылық байқауы – осының дәлелі.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында айтыл­ған идеялар мен құндылықтарды дәріп­теуге бағытталған қоғамдық іс-шаралар­дың қатарындағы ең маңыздысы – тарихи шығармалар жазу және кітап оқуды дәріптеу дер едім. «Ұлы даланың ұлы есімдері» бөлімінде «мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бей­несінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет», – деп атап өтті. Әрі қарай тек жұмыс істеу керек.

Пікір алуандығы ескерілуі тиіс
Президент әдебиетшілерге «мынаны жаз» деп анықтап айтып бермесе, қалған бағытты көрсетіп отыр. Әдебие­ті­мізде тарихи шығармалар баршылық. Бірақ кеңестік кезең цензурасына сәй­кес көптеген тарихи деректерді өзгертіп беруге тура келген жағдайлар жоқ емес. М.Әуе­зов жазған «Абай жолындағы» Құ­нанбай бейнесі әлі күнге түрлі пікірталас тудырып келеді. Бұл – заңды нәрсе. Мә­селен, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының өзін қазір оқыған жастар ондағы кейіпкерлерге мүлде басқа көзқараспен қарауы мүмкін. Кезіндегі біз сияқты Қозыны жақтамай, батылдығы мен құдық қазған еңбекқорлығы үшін Қодарды жақтауы мүмкін. Оған ешкімді сөгудің қажеті жоқ. Қазір құндылықтар өзгерді, әрі пікір алуандығын ескеру керек. Сол сияқты жаңа заманның көзқарасындағы тарихи тұлғаның әдеби бейнесін барынша шынайы етіп ұсыну – жазушыларға ар­тылған жүк десе, артық айтқанымыз емес.
Кітапты да жаңа заманға сай ұсына білу керек. Бұл бағытта дамыған мемлекет­термен тәжірибе алмасқан да жақсы.

Еш жерде жарияланбаған шығармалар қатысады
Бұл байқау қоғамымыздың рухани жаңғыруына әсер ететін еңбектерді және тарихымыздағы ұлы тұлғалардың өнегелі өмірін насихаттайтын шығармаларды қолдайды. Оның негізгі шарттарында «бұрын еш жерде жарияланбаған шығар­малар қатыстырылады» деп атап көрсе­тілген. Конкурстың мақсаты – қазақстан­дық қоғамды рухани жаңғыртудың идея­лары мен құндылығын көрсететін қазіргі заманғы қазақстандық авторлардың шы­ғар­маларын дамыту, қолдау және на­си­хаттау. Яғни, байқау шығарма авторла­рына да қолдау көрсетеді. Сонымен қатар байқауға қатысатын шығармалар оқырман талабына сай болуы тиіс. Жаңа заман­ның кейіпкерлерін, бәсекеге қабілетті қазақтың жаңа бейнесін насихаттау басты назарда болады. Қазіргі қоғамның кейіп­кері кім? Ол қандай адам? Бұрынғы көркем әдебиеттегі жақсы, жаман образдар деген сияқты біржақты көзқарас емес, кәдімгі өзімізбен қатар өмір сүріп жатқан, позитивті ойлайтын жаңа кейіпкер, жаңа образдар пайда болса деген үміт бар. Елбасының мақаласында өмірі өнеге болатын ұлы тұлғалар туралы, Отанымыз, еліміз бен же­ріміз туралы фильмдер түсіруге көңіл бө­лініп отыр. Ал осының бәрінің негізі әде­биеттен бастау алмай ма? Әдемі, сәтті сце­нарий, жаңа көркем образ – барлығы әде­биеттің нысаны. Содан кейін барып қана ол фильмге, басқа да жанрдағы көркем шы­ғар­маға айнала алады. Демек, кез келген жағ­дайда әдебиет сөзсіз дамуы керек.
Көркем әдебиет жалаң ақпаратқа жатпайды
Бүгінгі үлкен ақсақалдар: «баяғыда біз көп оқитын едік, қазіргі жастар кітап бетін ашпайды», – деп көп айтады. Мұндай сөздер қай кезде де болған. Әлі де бола береді. Бірақ кітап оқылмай қалып жатқан кез іс жүзінде жоқ. Кітап оқылады. Оқитын адамдар да көп. Алайда бүгінгі оқырманды тым талғампаз деуге болады. Әрі қазіргі оқырман салалық әдебиеттерді көп оқи­тын сияқты. Оған себеп – ақпараттың көптігі болса керек. Ал көркем әдебиет ондай жалаң ақпаратқа жатпайды. Ол – шын мәнінде адамды рухани дамытатын, жан дүниесін нұрға бөлейтін нәрсе. Менің ойымша, керісінше осы көп ақпаратпен алысып өтіп жатқан қарбалас өмірде адам бір сәт тыныштықты қалайды, жан дүние­сіне үңілгісі келеді. Қазіргі заман адамдары керісінше, өзін-өзі дамытуға көп көңіл бөледі. Мәселен, сіз үнемі шаршап жүре­тініңізді, кешкі кептелістен үйге шаршап келетініңізді, ішкі энергия­ңыздың жетіспей жатқанын байқасаңыз, көркем әдебиет оқыңыз дер едім. Адам өзін-өзі танығанда, осы қоғамдағы өз орнын нақты білгенде, өмір сүру оңайлай бастайды. Жастар кітапты сол үшін де көбірек оқуы қажет.

Рухани аш адамға әдебиет көмектеседі
Жастар қазір түрлі тренингтерге бару­дан ақшасын аямайтын болған. Өзін-өзі жетілдіруге деген талпыныс жоғары. Ол рухани аштықтан пайда болады. Өзін-өзі іздейді. «Осы әлемдегі мақсатым қандай, міндетім не?» деп ойланады. Міне, сол кезде көркем әдебиет көмекке келеді.
Қазір дамыған қоғам. Көп нәрсе рейтингпен, сұраныспен реттеледі. Ол да дұрыс шығар. Бірақ тек рейтинг қуып кете беретін болсақ әлемдік аренада ешқандай бет-бейнесі, өзіндік ерекшелігі жоқ ұлтқа айналуымыз мүмкін. Жаһанданудың жақ­сы жақтары көп, бірақ өзімізге лайық­тап пайдалана алмасақ, оған сауатымыз жет­песе, жұтылып кете бару – өте оңай нәрсе. Сондықтан өтпелі қоғамның сұранысын қанағаттандырамын деп жүріп, негізгі ба­ғыттан тайқып кетпеуді ойлауымыз керек. Біздің қазіргі ең негізгі мақсатымыз – алда­­ғы үлкен өзгерістерге ашық болу, со­лай бола тұра, саяси,мәдени көзқарасы қалып­тасқан адами капитал қалыптастыру. Әрбір жеке адамның рухани кемелдікке жетуі, жоғары мәдениеттің иесі болуы үшін көр­кем әдебиеттен үлкен азық жоқ дер едім.
Осы тұрғыдан алғанда жастардың бо­йындағы кітап оқу мәдениетін қайта оятуда да бұл байқаудың атқарар рөлі зор.

Әзірлеген Гүлжан РАХМАН