Сәтбаевтағы тәртіпсіздік: Сотта айыпталушылардың көбі кінәсін мойындады
Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында кішкентай баланы зорлау оқиғасынан кейін шыққан жаппай тәртіпсіздікке қатысты сотта айыптау актісі оқылды. 18 наурызда өткен отырыста прокурор 55 айыпталушының әрекеттерін баяндап, күдіктілер өз ұстанымдарын айтты.
Прокурордың сөзінше, кішкентай қызды зорлады деп күдікке ілінген адамның үйінің маңына жүздей адам жиналған. Олар полицейлердің қоршауын бұзып, күдікті тұратын подъезге баса көктеп кірген. Мемлекеттік айыптаушы баса көктеп кірген адамдардың әрекетінен сол үйде тұратын бір тұрғын зардап шеккенін айтты. Жиналғандар сол адам қылмысқа қатысы бар деп ойлап қалған.
Сотта тәртіпсіздікті жергілікті төрт тұрғын ұйымдастырғаны айтылды. Прокурордың сөзінше, ұйымдастырушы адамдарды жинап, «үйді қиратып, тұрғындардың мазасын қашырып, педофилді іздеген».
Прокурор ондаған адамның полиция бөлімшесіне барып көліктерді өртеп, ғимаратты қиратқанын «полицейлерді мойындамау» деп атады.
— Жиналғандардан тарауды сұраған, бірақ олар билік өкілдерінің талабына бағынбады. Ұйымдастырушылардың бірі «Сіздерді ылғи алдайды» деп, басқаларды тарамауға шақырған. Полицейлерге жұдырық пен аяқ жұмсап, тас лақтырған, — деді прокурор.
Сотта айыпталушылардың көбі өздеріне тағылған айыптарды мойындайтынын, жасаған істеріне өкінетінін және прокурормен процессуалдық келісім жасағысы келетінін айтты. Егер айыпталушылар айыбын мойындаса, процесс тез аяқталып, жазалары жеңілдеуі мүмкін.
Айыпталушылар арасында кінәсін жартылай мойындағандар да бар. Олар көліктерді өртеу, үйлерді қирату, полицейлерге қол жұмсау айыптарын мойындамайды. «Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды» деген күдікке ілінгендер бұл айыпты жоққа шығарады.
Сәтбаевтағы оқиға бойынша сот процесі жабық өтіп жатыр. Отырысқа кіре алмаған тілшілер отырыстағы сөздер дұрыс естілмейтінін айтып шағымданды.
Былтыр 24 шілдеде «Сәтбаев қаласында тұратын 62 жастағы ер адам кішкене қызды ұрлап әкетіп, зорлады» деген ақпараттан соң түнде жаппай тәртіпсіздік болған.
Жоғалып кеткен қыз 62 жастағы ер адамның үйінен табылған. Осыдан соң үйдің ауласына адамдар жиналып, ер адамды жазаламақ болды. Полиция күдікті адамды полицей формасын кигізіп, үйден алып кетті дегенді естіген ондаған адам бөлімшеге барып, ғимаратты қиратып, көліктерді өртеген.
Кейін 62 жастағы күдікті тергеу изоляторында асылып қалған. Қазір екі тұрғын – ерлі-зайып «адам ұрлады», «зорлады» және «жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады» деген күдікпен қамауда отыр.
Іс бойынша барлығы 57 адам айыпталған, олардың екеуіне іздеу жарияланған. Төрт адам «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды» деп айыпталса, екеуі «жаппай тәртіпсіздікке шақырды» деп айыпталған. 51 адам «тәртіпсіздікке қатысты» деген күдікке ілінген. 42 адамға «билік өкіліне күш қолданды» деген қосымша айып тағылған.
Істе барлығы 63 жәбірленуші бар. Оның 50-і полицей (жаппай тәртіпсіздікте жарақаттанғандар, көлігі бүлінгендер), 13 тұрғын және біреуі заңды тұлға – полиция департаменті.