ОРАЛМАН БА, ҚАНДАС ПА? | «Айқын» газеті
Алдағы жылы Парламентке «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ұсынылады. Аталған заң жобасына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Соның ішінде «Оралман» терминін өзгертуге қатысты ұсыныс бар. Бүгінде басқасына қарағанда, дәл осы бап қоғамда қызу талқыланып жатыр. Ол туралы сәл кейінірек.
Қазақстанда еркін жұмыс істейді
Әуелі, аталған заң жобасында қандай оң өзгерістер барына тоқталсақ. Бұдан былай шетелде тұратын қазақтар атажұртта еңбек етемін десе, бұрынғыдай Қазақстан азаматтығын алуы міндетті болмайды.
«Бұл елге оралу туралы шешім қабылдай алмай жүрген, күмәні бар қандастарымызға, әсіресе жастарға, елге оралып, уақытша жұмыс істеп, ел ішіндегі жағдаймен танысуға мүмкіндік береді. Бұл олардың болашақта азаматтығын толығымен ауыстыруына алғашқы қадам болады деген үміт бар. Сонымен қатар жалдамалы жұмыскерлер арасында өзге ұлт өкілдерінің санын көбейткенше, қазақтарды жұмыспен қамтыған дұрыс деп есептеймін. Ол демографиямызға да оң әсерін тигізері сөзсіз», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев.
Тағы бір жағымды жаңалық, қазақтар үшін Қазақстан азаматтығын алу жеделдетіледі. Бүгіндері шет елдегі қазақтар бірінші «оралман» мәртебесін алады, сосын барып азаматтық алуға өтініш береді. Министрлік ұсынысы бойынша ұлты қазақ азаматтар енді азаматтыққа да, оралман статусын алуға да бір рет қана құжат тапсырады. Сонымен бірге, елге оралған қандастар зейнеткерлікке шыққанда, олардың шетелдегі еңбек өтілі ескеріледі.
Бейімдеу орталықтары «пропискаға» тұрғызса…
Бүгінде елімізде оралмандарды ортаға бейімдеу мақсатында құрылған 4 орталық (Ақтау, Қарағанды, Шымкент және Түркістан облысының Ақсукент ауылында) жұмыс істейді. Бұл орталықтар этникалық қазақтарды орналастыру үшін белгіленген өңірлерге жатпайтындықтан, оралмандардың тұратын жеріне айналып кеткен. Ал Көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасында мұндай орталықтарды, ең алдымен, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерде құру көзделген. Сондықтан енді ол орталықтар қызметі оралмандарды кәсіптік даярлауға, жұмыспен қамтуға көмектесуге бағытталады. Орталықтар бейімдеу мен интеграциялау қызметін ел ішіндегі қоныс аударушыларға да көрсетеді. Осы мақсатта «Халықтың көші-қоны туралы» заңына оралмандар мен қоныс аударушыларға бейімдеу және интеграциялау қызметтерін көрсету жөніндегі орталықтардың функциясын айқындау ұсынылып отыр.
Ақын, «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Ауыт Мұқибек шетелден көшіп келетін қазақтар тұрақты тіркеу таппай қиналатынын айтады. Сондықтан Бейімдеу орталықтары оралмандарды бір жылға дейін «пропискаға» тұруға рұқсат берсе деген ұсыныс айтып отыр. Өйткені бұрын талап етілген «уақытша тіркеу» қолданыстағы заңда алып тасталған.
Оның айтуынша, Қытайдағы қазақ жастарын ақылы оқуға шақырсақ, оқуға түскені түсер, түспегені атажұртта азаматтық алып тіршілігін жасай берсін. Тағы бір ұсынысы – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің
10 пайызын, оралмандарды қоныстандыру үшін Үкімет айқындаған аймақтардағы жер телімдерінің 15 пайызын шеттен келетін қандастар үлесіне қорға қалдыруды заңдастыру.
Ауғандықтар айласы
Соңғы уақытта шетелдегі қазақтардың ұлтын анықтауда мәселе туындай бастаған. Құқық қорғау органдарының ақпараты бойынша, Ауғанстан азаматтарын репатриациялау каналдарын пайдаланып заңдастыру әрекеттері байқалған. Осыған байланысты заң жобасында жеке басты куәландыратын құжаттарда жазба болмаған жағдайда жеңілдетілген (тіркеу) тәртіппен оралман мәртебесін не тұрақты тұруға рұқсат немесе Қазақстан азаматтығын алуға үміткер адамдардың ұлтын айқындау тетігін реттеу керек. Осы мәселе бойынша шешім қабылдайтын мемлекеттік органдардың құзыретін де анықтау маңызды болып отыр. Бұған дейін ауған жұртындағы ағайынның ұлты қазақ екеніне сондағы қазақ ақсақалдары куәлік етіп, жауапкершілікті өздеріне алатын. Бүгіндері олай куәлік ететін ақсақалдар азайған. Ауғанстандық қазақтар ана тілін ұмытқан, төлқұжатында ұлты жазылмайды. Соның салдарынан «Ауғанстаннан келген қазақпыз» деп оралман статусын алған соң Еуропаға шекара асқан оқиғалар тіркелген.
«Мықты 100 қазақ» жобасы керек
«Серпін» жобасының басы-қасында жүрген қоғам қайраткері Мұрат Әбенов солтүстіктің әкім-қаралары шетелдегі қазақтарды өзі басқаратын өңірге көшуге үгіттесе дейді.
«Біз солтүстік өңірлерге «Серпін» жобасы арқылы 25 000 баланы апардық. Басында оларды білімі нашар деп бөлгені рас. Бүгінде сол өңірдің ең белсенді азаматтары – серпіндіктер. «Серпінмен» барған балалардың ата-аналары мен бауырлары да солтүстікке қоныс аударып, сол елге сіңіп жатыр. Сол сияқты Қытай мен Монғолиядағы қазақтардың балаларын өз қаржымызға оқытайық, олардың соңынан ата-аналары да көшіп келеді. Шетелдегі қазақтың білімді балаларын «Болашақ» бағдарламасымен оқуға жіберейік, бітірген соң елге келіп қызмет етсін. Олардың да туыстары көштің басын бері бұрады деп ойлаймын», – дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінгі көзқарас сырттағы қандасқа «келсең – кел, келмесең – қой» дегенге көбірек ұқсайды.
«Осы тұста Қытайдан үйренетін бір жоба бар. Олар әлемдегі бай-бақуатты, ғылым мен бизнесте жетістікке жеткен мықты қытайлардың тізімін жасап, елге шақырды. Біз де солай істейік. Шетелдегі мықты да білімді қазақтарды елге шақырайық. Кәсібіне қолдау білдіреік. Ол үшін арнайы ролик жасап, Youtube арқылы шақырсақ, сырттағы қандастарымыздың өздері-ақ таратып әкетеді.
Қай терминді таңдаймыз?
Әңгіменің әлқиссасына оралсақ, вице-министр Нұржан Әлтаевтың айтуынша, «оралман» сөзі еліне үлкен сағынышпен оралатын азаматтардың толық сипатын ашпайды. Керісінше, қандай да бір дәрежеде, дискриминациялық сипатқа ие. Сондықтан бұл атауды «қандас» деп өзгертуді ұсынған. Бұл атауды қолдаушылар қарасы көп. Басқа атау ұсынып жатқандар да, «оралман» сөзін қалдыруды қалайтындар да баршылық.
«Өзге елде жүрген қазақ бауырларымызды «Оралмандар деп атау – оларға деген құрметсіздік. Өз еліне деген асқақ сезіммен» оралатын азаматтарымызды «қандастар» деп атасақ, қандай жақсы. Сонымен қатар көршілес елдердегі қандастарымызды ғана елге шақырып қоймай, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтарды елге оралуына барлық жағдайды жасауымыз керек, қазақтардың басы қосылып, бірігетін уақыт келді», – дейді Мұрат Әбенов.
«Қандас» атауына қарсылар «қандас бір анадан туғандарға қарата айтылады, одан гөрі туысқандар деген дұрыс» десе, «ағайын» сөзін ұсынушылар «ағайын» сөзінде бәрі бар: жақын тарту да, бауырмалдық та, жылу да бар. Қазақтың осынау әдемі сөзіне жаңа мағына үстеп, терминге айналдырса, түптеп келгенде, қазақтың бәрі – бір-біріне ағайын» деген уәж айтады. Басқалар не дейді?
Уайыс ЕРСАЙЫНҰЛЫ,
тарихшы:
«Оралман – кемсіту мағынасын береді. Қандас десең, 15 млн қазақтың бәрі қандас, сондықтан репатриант деген жөн. Компьютерге тіліміз келгенде, репатриантқа келмейтін несі бар! Мәселе – мағынада емес, терминде. «Репатриант» термині елге қайтушы бауыр, қандастардың құқықтық мәртебесін толық ашады. Ал қандас, бауыр деген сөздер тым әдеби әрі нақты емес. Елге қайтушы қазақтар – репатриант қазақтар, елге қайтпаған қазақтар – этникалық қазақтар, ешқандай кемсіту жоқ, таза саяси-құқықтық термин».
Есет ҚАЛМАНОВ,
мұнайшы:
«Оралман» сөзі құжаттарға жеңілдік жасалу үшін берілген статус қана. Сол оралман куәлігінде куәлік азаматтық алғанша жарамды деп жазылады. Демек, азаматтық алған соң, оның күші жойылады. Азаматтық алғанға дейін, мысалы, бір жылдай уақыт кетер болса, ол адам бір жыл ғана оралман болып есептеледі. Азаматтық алған соң ол – оралман да, қандас та, басқа да емес, Қазақстан азаматтарымен тең құқылы азамат. Онда не үшін міндетті түрде оған басқа атау қою керек? Мысалы, бір бала бір жыл әскерге барып келеді, бір жыл бойы әскер, солдат атанады. Бірақ оны ешкім өмір бойы солдат деп атамайды ғой. Сол сияқты бір жылдай ғана оралман статусымен жүрген адам азаматтық алған соң Қазақстан азаматы болады. Оларды бөліп ат қою дұрыс емес».
Анар ФАЗЫЛЖАНОВА,
лингвист-ғалым:
«Қандас» деген – жақсы сөз. Бірақ Қазақстанда тұрып жатқан немесе белгілі бір себептермен шетелге қоныс аударған қазақтар бар, олар да – қандастар. «Этникалық қазақ» деген терминде қандай да бір әлеуметтік жеңілдіктер беру үшін айырым белгі жоқ. «Отандастар» – жалпылама сөз. «Оралман» – дұрыс термин. Қазақтың сөздік қорындағы «оралу» деген сөзде бірде-бір теріс семантика жоқ, «ман» – көне парсы жұрнағы, адам дегенді білдіреді. Бұл термин арқылы біз шетелден келетін қандастарымызға белгілі бір уақытқа әлеуметтік жеңілдіктер береміз. «Оралман» деген сөзде мынадай айырым белгілері бар: біріншіден, ол этникалық қазақ, тарихи себептермен басқа елдің территориясында өмір сүруге мәжбүр болған әлеуметтік этнотоптық ұжымның өкілі. Өз атажұртына (Қазақстанға) тұрып жатқан елінің азаматтығын тастап келген адам. Міне, осы айырым белгілері басқалар ұсынып отырған сөздерде жоқ. Бұл – менің ғана емес, тіл мамандарының пікірі. Әрине, «оралман» сөзі кемсіткендей естіледі дейтіндерді түсінемін. Кез келген сөздің халық арасында сол сөздің білдіріп тұрған ұғымына, адамына қатысты оң және теріс бағдары болады. Мысалы, «қазақ» деген сөзді де оң және теріс семантикасына қарап, «жалқау қазақ», «мықты қазақ» деуге болады. Жалпы, «оралман» сөзінің әлеуметтік ерекше мәртебе иесі екені заңнамаларда бекітілген. Ал қалыптасқан теріс семантиканы жою үшін жақсы насихат жұмыстарын жүргізу керек».
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ