Түркістанда уланып көз жұмған 4 баланың өлімі: Күдікті ұсталды
Түркістан облысында бір отбасының 5 мүшесінің газдан уланып көз жұму оқиғасына қатысты, күдікті ұсталды. Бұл туралы ҚазАқпарат Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция қызметкерлері болған оқиғаның ауырлығы мен қоғамдық резонанс тудыруына байланысты жедел-тергеу шараларын атқарды. Оның ішінде сараптамалар тағайындалып, куәгерлерден жауаптар алынып, қажетті деген барлық жұмыстар жүргізілді.
«Улы газдан бір отбасының бес бірдей мүшесі қаза болып, біздің облыста үлкен резонанс тудырды. Бүгінгі таңда бұл қылмысты жасады деген күдіктілердің бірі Түркістан қаласының тұрғыны ұсталды. Ол газ орнату фирмаларының бірінде директор. Тиянақты жүргізілген тергеу жұмыстарының аясында оның іске қатысы бар екені дәлелденді. Біз күдіктілер санының артуын жоққа шығармаймыз. Сондықтан тергеу жалғасады», — деп атап өтті ТО Полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы Нұрмахан Жалғасов.
Естеріңізге сала кетейік, ақпан айының соңында Түркістан қаласындағы жер үйлердің бірінде бес адам, яғни әйел мен оның төрт баласы қаза тапқан. Оқиға байланысты арнайы комиссия құрылды. Тергеу барысын Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жеке бақылауына алды. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.