Бекшиннің орынбасары «Олимп» зертханасынан сыйлық алып келген деп айыпталды

0

Қазақстандық дәрігер, қоғам белсендісі Қайырғали Көнеев еліміздегі ПТР-тесттің бағасына шүйлікті. Сөзінше, Қазақстандағы жекеменшік емханалар медициналық қызметтің құнын 4-5 есе асырып отыр. Бұған қоса, ол «Олимп» зертханасын алматылық шенеуніктермен ауыз жаласқан деп сөкті, деп хабарлайды Stan.kz сайты.

Қоғам белсендісінің айтуынша, ҚР мемлекеттік қызмет агенттігі «Олимп» зертханасының Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Қалықова Әселге сыйлық бергенін жариялаған. Сонымен қатар, ол ПТР-тест қызметі бойынша аталмыш зертхананың осы уақытқа дейін тұрақты бәсекелесінің болмауында бір гәп бар екенін айтады.

«Әрине, туған күнге берілген сыйлықта тұрған ешнәрсе жоқ. Алайда ары қарай қазбалайтын болсаңыз, мәселенің басқа қырын көруге болады. Мысалы, өткен жылғы пандемия кезеңін алып қарайық. COVID-19 басталғанда ПТР-тесттен өтуге болатын жалғыз зертхана осы «Олимп» болды. Бір ПТР-тесттің құны 19 760 теңгеге жетті. Салыстырмалы түрде қарасақ, Мәскеуде ПТР-тест 12 913 теңге, Бішкекте 9022-12684 теңгені құрады. Қазақстанда бұл медициналық қызметтің ақысы посткеңестік елдердің арасында ең жоғарғы болғанын аңғара аламыз», — деп жазады Көнеев.

Дегенмен белсенді былтыр күзде ПТР-тесттің бағасы біршама арзандағанын алға тартады. Оған себеп нарыққа «Олимпке» бәсекелес емхананың пайда болуы екен.

«Күзде монополист «Олимп» ПТР-тесттің бағасын 8 000 теңгеге, сосын тағы 6 500 теңгеге арзандатты. Олардың бұл әрекеті халықтың қамын ойлағандықтан емес, тәуелсіз «Сұңқар» емханасының нарыққа шығуымен байланысты. Дей тұрғанмен, 1 ПТР-тесттің құны 700-1200 теңге екенін атап кеткен орынды. Яғни, қызмет ақысы 5 000 теңге болғанның өзінде мекемелер 4 еселеп пайда түсіріп отыр», — деп қосты дәрігер. 

Айтуынша, қаланың санитарлық департаменті бизнес қасақана тұсау болуда.

«Қазір ПТР-тесттерді аккредитациялау — бизнес түскен ауыртпалық. Бұл дегеніміз — рұқсаттар және хабарламалар туралы заңның қала билігінің тарапынан бұзылуының айқын көрінісі. Емханалардың вирусологиялық және бактериологиялық зертханасы бола тұра, алардың қызмет көрсетуіне шектеу қою нарықтық бәсекелестіктің бұзылуы. Айтып отырғанымның барлығы — барып тұрған сыбайлас жемқорлық мысалы», — дейді Көнеев.