Ауылды өркендету – нағыз маманның қолында
Елбасының Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауы көпшілік арасында әлі де кеңінен талқылануда. Солай болуға да тиіс. Өйткені бұл Жолдауда негізінен әлеуметтік мәселелерге үлкен мән берілді. Әлеуметтік мәселе дегеніміз – халықтың тұрмысы, әлеуметтік жағдайы, денсаулығы, білім алуы, тағы да басқа салалар. Адам өміріне тікелей қатысты мәселелер болған соң қашанда өзекті және бұл саланы үнемі жетілдіріп, дамытып, жаһандану үдерісінен қалмай отыруға тиіспіз. Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Экономика институтының жетекші ғылыми қызметкері Нұрсәуле Бірімбетовамен осы Жолдаудың мәні мен маңызы жайында аз-кем сұхбат құрған едік.
– Ғалым-экономист ретінде алып қарағанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 5 қазандағы Жолдауы несімен ерекшеленеді?
– Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары қалай өмір сүру, даму және ел басқару керектігіне бағыт береді. Бұл – Қазақстанның табысты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалық құжат. Осы Жолдаудың маңыздылығы мемлекеттің тұрақты дамуының ел халқының өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсартуға байланысты екенімен айқындалады. Сол себепті де Жолдаудың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл Жолдаудың ерекшелігі де – сонда.
– Сіздің ойыңызша, Қазақстан Президенті жүктеген барлық міндеттердің ішіндегі ең өзектісі қандай?
– Егер «Қолыңыздағы қай саусақтың орны бөлек?» деп сұраса, жауап бере алмас едім. Адам өмірінің барлық аспектілері белгілі бір маңызға ие, бірақ қоғам дамуының әр кезеңі әлеуметтік өмірдің басымдықтарын қамтиды. Елбасы өз Жолдауында халық табысының өсіміне, өмір сапасын арттыруға, жайлы өмір сүру ортасын құруға, азаматтардың қажеттіліктерін басқару сапасына тоқталып өтті. Ғалым-экономист ретінде ауылдағы, білім берудегі, денсаулық сақтау, тұрғын үймен қамтамасыз ету мен халықты рухани дамыту ісіндегі жағдайларға бей-жай қарай алмаймын.
– Белгілі бір аумақта тұратын халықтың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету жергілікті әлеуметтік әлеуетті дұрыс басқаруға байланысты екені рас па?
– Әрине, әңгіменің төркіні аймақтарда әлеуметтік жүйені жаңғыртуда екені сөзсіз. Жаңғыртудың өзегі – жеке адам, азаматтық қоғам институттары мен өмір сүру сапасының өсімі.
Қазіргі таңда жекеленген жерлерге ерекше назар аударылуда. Өйткені еңбек қызметімен, оқумен айналысатын адам, зейнет жасындағылар белгілі бір аумақта өмір сүреді. Жаңғырту туралы айту жеңіл дүние емес, себебі ақырында «Адам өзінің өміріне қанағаттана ма?» деген сауалға жауап беруге тура келеді. Осы тұрғыда, өмір сүру сапасы дегеніміз – адамның жұмыспен, тұрғын үймен, лайықты еңбекақымен, сапалы тамақтанумен, сумен, денсаулық сақтаумен және әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз етілуі. Аймақтарда әлеуметтік саланы басқару халықтың өмір сүру сапасына ықпал ететін әлеуметтік нормативтерді әзірлеуді және оларды қолдануды көздейді. Біз ғылымда еңбек еткендіктен, әлеуметтік дамудағы проблемалық тұстарды айқындаймыз. Сондай проблемалық тұстардың бірі – халықтың төлем қабілетінің төмендігі, ол өз кезегінде табыстың төмендігімен байланысты. Мұндай жағдай ауыл халқы арасында көрініс табуда. Осылайша, әлеуметтік әл-ауқатпен қамтамасыз етудің стратегиялық бағыттары жалақы саясатын жаңғырту, ауылдық аумақтарды дамытуды реформалау, жергілікті басқаруды ұйымдастыруды жетілдіру және тағы басқалар.
– Байқауымша, ауылды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлесіз. Аграрлық мемлекет екеніміз рас, дегенмен әлі де түйіні шешілмеген мәселе көп. Неге?
– Ауылды жандандыру – бұл, тек аграрлық өндіріске ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар ауыл халқының тіршілігін қамтамасыз ету деңгейін айқындайтын әлеуметтік проблемалар кешенін шешу. Ел халқының 45 пайызы ауылда тұратыны бәрімізге мәлім. Демек, халқымыздың жартысына жуығының табысы төмен, білім беру мен денсаулық сақтау қызметтері де толықтай қолжетімді емес. Ең сорақысы – ауыл халқының сапалы ауыз суды тұтыну мүмкіндігі жоқ. Үкімет бір кездері «Ауызсу», «Ауылды жандандыру», «Ауыл аумақтарын дамыту» сияқты бірқатар бағдарламалар қабылдаған. Алайда ауыл әлі күнге дейін ол проблемалардан арыла алмай келеді. Инженерлік инфрақұрылымның қолжетімділігі тұрғысынан еліміздің өңірлеріне баға беру арқылы парадокстық тұжырымдарға қол жеткіздік. Мәселен, елде ауылдық елдімекендердің 72 пайызы су құбырымен қамтамасыз етілмеген. Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау және Қостанай сияқты облыстардағы ауылдардың 90 пайызында ішуге жарамды ауызсу жоқ.
Тура осындай күрделі жағдай ауылдағы автожолдар, газдандыру және телефонмен жабдықтауда да туындап отыр. Ауылдық мекендердегі мектептер мен балабақшалар, медициналық қызмет көрсетудің сапасы шешілмеген мәселе болып қалуда.
Президенттің қазан айындағы Жолдауының өзектілігі туралы ойларды қорытындылай келе, ауылдық аумақтарды дамытудағы проблемалардың әлі күнге дейін сақталып қалуының себебі оларды дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының жоқтығынан емес, сол бағдарламаларды іске асырудың жеткіліксіздігінен, яғни қаржы ресурстарын дұрыс пайдаланбауынан туындағанын сенімділікпен айтуға болады. Расымен де ауыл түрлі бағдарламадан да, бюджеттен бөлінген қаржыдан да кенде емес. Бірақ сол қаржы орынымен, ретімен пайдаланылмағандықтан құмға сіңген судай ауыз толтырып айтарлықтай нәтижесін көре алмай отырмыз. Ауылдың түйткілді мәселелерін біртіндеп шешу мүмкін емес, оны шешуде ауыл шаруашылығын кооперациялау мен индустрияландыруда кешенді тәсіл қажет деп есептеймін. Ауылды өркендету бойынша маңызды міндеттерді шешу тек кәсіби кадрлар мен патриоттардың ғана қолынан келеді. Сондықтан қазірден бастап соңғы жылдары қабылданған бағдарламаларды іске асыруға тура келетін өскелең ұрпақ, жастар туралы ойлау қажет. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы да өте жақсы ойластырылған. Бірақ осы бағдарламаның орындалуы жөнінде нақты есеп бар ма? Қанша жас осы бағдарлама бойынша аймақтарда жұмысқа орналасты, оның қаншасы тұрақтап сол жерге сіңісіп, үйренісіп қалды? Осындай нақты есебін шығарғанда ғана біз бұл бағдарламаның қаншалықты іске асырылып жатқанына куә бола аламыз.
– Соңғы жылдары ең көп реформа жүргізілген сала ретінде еліміздің білім саласы айтылады. Ең жиі сынға алынатын сала да – осы. Жиі жүргізілген реформалардың оң нәтижесін қашан көреміз? Әлде біз оны байқамай отырмыз ба? Алдағы уақытта бұл салада неге мән беруге тиіспіз?
– Жалпы алғанда, Қазақстандағы білім беру дамыған және дамушы елдердің стандарттарына сәйкес келеді. Мектеп, колледж және университеттерде білім беру бағдарламасы мен оқу процесі үнемі жетілдірілу үстінде. Алайда проблемалар да жоқ емес. Мектептерде екі-үш ауысымның болуы, мектептердің біркелкі аумақтық бөлінбеуі, мұғалімдердің жетіспеушілігі, мектепке дейінгі білім беру мекемелері санының жеткіліксіздігі – бұл кезек күттірмейтін проблемалардың шағын тізімі.
Осы тұрғыда болашақтың үміт оты – аймақтарда мектеп-интернаттар құру екенін айтқым келеді. 2016 жылы Өскемен қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақ ниет» мектеп-интернатын құру үлкен жетістік болды. Бұл – Шығыс Қазақстан облысы әкімі Д.Ахметовтің бастамасы, ал бұл істе бастаманы қолға алған педагогтардың қолдауының маңызы зор. Заманауи стандарттарға сәйкес мектеп салынып, дефектолог, логопед, психолог сияқты арнайы мұғалімдер, массаж жасаушы мамандар тартылды. Екі жылдың өзінде елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Белгілі бір кемістігі бар балалар оқу материалдарын жетік меңгеруде. Ең бастысы – балалар қарапайым оқу ортасына бейімделуде. Осы құбылыстың барлығы «инклюзивті білім беру» деп аталады, оны ұйымдастыру проблемалары мен ерекшеліктері Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразия университетінде өткен халықаралық форумда талқыланды. Қазіргі жағдайда инклюзивті білім берудің өзектілігі айрықша, өйткені мүмкіндігі шектеулі балалар арасында Қазақстан Президентінің Жолдауын жүзеге асыруға қабілетті, қоғамның тең құқылы азаматтары бола алатын дарынды балалар да жоқ емес.
Білім беруді, ауылды, болашақта рухани жаңаруды дамыту Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласын оқып, іске асырғаннан кейін жаңа мүмкіндіктерге ие болады. Еліміздің ежелгі тарихы мен туындылары туралы ойлануға мүмкіндік беретін өміріміздің жаңа қыры пайда болуда. Айқын нәрселердің мәні артып келеді. Бұл – біздің тұрмысымыз бен санамыздың философиясы.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ