Алматыда полиция наразыларды Қытай консулдығы алдына жібермеді (видео)

0

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, бір айдан астам уақыттан бері наразылық өткізіп жүргендерді полиция дүйсенбі күні акция орнына жібермеді. Оқиға орнынан тікелей эфирде белсенді Байболат Күнболатұлы хабар таратты.

Оның сөзіне қарағанда, дүйсенбі күні күндізгі сағат 11 жарымдар шамасында наразылардың бір бөлігі консулдыққа келе жатқан кезде оларды полиция акция орнынан 500 метр жерден тосып алып, әрі қарай өткізбеген.

– Қытай консулдығының алдында виза аштыратын бір кішкентай жер бар. Полиция сол үйдің алдынан бұл кісілерді асырған жоқ. Бұл кісілер сол жаққа бірнеше рет баруға оқталып еді, полиция оларды итеріп, өткізбей қойды. Сол қарсылық кезінде [акцияға шығып жүрген адамдардың бірі] Халида апамыздың денсаулығы сыр беріп, қан қысымы көтеріліп, талықсып есін жоғалтуға аз қалды. Су шашып жүріп, жедел жәрдем шақыртып, қазір денсаулығы сәл тәуірлегендей болды. Ақыр аяғында бұл кісілер айдалада тұра берген дұрыс емес шығар деп үйге қайтуға келісті. Оның үстіне аяқтарынан су өтіп кеткен. Қатты жаурады, – деді Байболат Күнболатұлы Азаттық тілшісіне.

Наразылар енді акцияны ертең жалғастыратынын айтып отыр.

Тікелей эфир кезінде «неге консулдық алдына жібермей жатырсыздар?» деген сұраққа Медеу аудандық полиция қызметкерлері «қаланың коронавирус бойынша қызыл аймаққа енгенін» алға тартып, ол жақта тұруға болмайтынын ескерткен.

Алматы полициясы әзірге Азаттық тілшісіне жауап бермеді.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында бір айдан астам уақыттан бері бір топ адам Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, оларды елге қайтаруды талап етіп келеді. Осы уақыт аралығында консулдықтан оларға ешкім шыққан жоқ. Жергілікті әкімдік өкілдері «шараның заңсыз» екенін ескертіп, полиция бір-екеуін «митинг заңы» бойынша әкімшілік қамауға алған.

Өткен аптада сыртқы істер министрлігінің өкілі консулдық алдындағы наразылыққа байланысты туыстарын іздеген адамдардың арызын қарастыру бойынша Қытай тарабына өтініш айтылды деп мәлімдеген.