«Азамат екен». Науқас әкесін жедел жәрдемге дейін шанамен сүйреген балақай жұртты сүйсіндірді

0

Желіде ауырған әкесін жол бойындағы жедел жәрдемге жеткізу үшін шанаға салып сүйреген балақайдың суреті тарап кетті. Аталған фотоны белгілі журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Facebook-тағы парақшасында жариялаған, деп жазады KAZ.NUR.KZ. 

Журналистің жазбасына сүйенсек, бұл жағдай Арқалық маңындағы Олимпийская ауылында болған.

«Арқалық маңындағы күртік қар күрелмегендіктен, жедел жәрдем науқасқа жете алмайды. Олимпийская елді мекенінен науқасты тас жолға дейін шанамен сүйреуге көмектескен фельдшерге рахмет. Мына көріністі көріп отырса, әкім қардың астына кіріп кетпей, кабинетінде қалай отыр екен?» — деп жазады Гүлмира Абықай Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Сондай-ақ, журналист еліміздің суық өңірлерінде қарда еркін зымырайтын шаналар мен санавиацияны реттемегені үшін денсаулық сақтау министрлігін сынға алды.

Оқиға орнынан фото: Facebook/Гүлмира Абықай

Ал Гүлмира Абықайдың жазбасын көрген желі оқырмандары болса пікірлерін қарша боратты. Олардың басым бөлігі науқас әкесін жедел жәрдемге дейін шанамен сүйреуге көмектескен балаға алғыстарын білдірді.

«Азамат екен», «Батыр бала», «Кішкентай жүрегіңнен айналдым», «Фотобайқау болса таңдаулы орынға ие болатын фотосурет екен» деді олар.