«Періштерлері қақты»: Қызылордада жатақхана баспалдағы опырылып, келіншек балаларымен жертөлеге құлап кетті
Қызылордада қала ортасында орналасқан 64 пәтерлік жатақхананың баспалдағы опырылып, келіншек екі баласымен жертөреге құлап кеткен. Тұрғындардың айтуынша, салынғанына қырық жылдан асқан ғимарат ызадан күн өткен сайын мүжілуде. Іргетасы шөгіп, кесектері үгітіліп жатқан үйде «үреймен өмір сүріп жатырмыз» дейді олар. Бұл туралы АстанаТВ арнасы хабарлайды.
Әсем кешкісін балаларын балабақшадан алып келе жатқан. Баспалдақтың қалай опырылып кеткенін, өзі де түсінбей қалыпты. «Қас-қағым сәтте жертөлеге құлап кеттім» дейді. Жанындағы 1 және 2 жастағы балаларын періштесі қақты деп отыр. Алайда, бойындағы үрейі әлі басылмаған.
«Бірінші өзім құладым, екі цемент үстіме құлады. Екі цементтен кейін үстімен екі бала келіп құлады. Екі баланың бірінің басы цементке тиді. Оны апарып тексерттім, миы шайқалған дейді. Өзімнің денсаулығым жарамайды. Аяғым ісіп, ішімнің бәрін тіліп кеткен», — дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Әсем Мырзаханов.
Тұрғындардың айтуынша, ғимараттың салынғанына қырық жылдан асқан. Қаланың қақ ортасында тұрып, табиғи газға қосылмаған. Тіпті қыс бойы жылуға жарымадық деп отыр. Ал жауын жауса төбеден су ағып, әбігерге салады екен. Күн өткен сайын қабылғалары қақырап, іргетасы үгітіліп келеді дейді.
«Екінші этажға дейін ыза, екінші этаждағылдардың өзі ызаның иісінен демала алмайды. Қысы жазы бізде маса. Түсіп қарадық жертөлеге, ешқандай тіреуіш жоқ. Бір күні болмаса бір күні ортасына түсуі мүмкін. Сондай қауіппен қаншама халық отырмыз», — дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Жарқынай Кенжетаева.
Жатақханадағы төтеншей жағдай әкімдіктегілердің де құлағына жеткен. Ондағылар құлаған баспалдақты жедел жөндеп бердік дейді. Баспанадағы өзге мәселелерді шешуге қауқырсыз екендерін ашық айтты. Меншік иелерінің бірлестігін құруға кеңес беріп отыр.
«Тұрғын үй қатынастары заңындағы енгізілген өзгерістерге сәйкес меншік иелерінің бірлестігі немесе жәй серіктестік құру жөнінде толыққанды түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады. Әрі қарай тұрғындардың таңдауы бойынша басқару органын таңдаса, сервистік компания тарапынан тиісті жұмыстарын атқаруы қажет», — дейді Қызылорда қалалық түкш және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.
Баспалдағы опырыл жатқан ғимарат ресми түрде апатты деп танылмаған. Ол үшін тұрғындар арнайы мамандар шақыртып, ортақ ақша шығарып, сараптама жасатулары шарт. Сонда ғана мұндағы тұрғындар тиісті санат бойынша пәтер кезегіне тұра алады, деді әкімдік өкілдері.