Спортқа көңіл бөлу – ғимараттарды көбейту емес
Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудан үміт артар спортшы саусақпен санарлық. Халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген Элизабет Тұрсынбаева, Айза Имамбек болмаса, ерлер арасында Денис Теннен кейін әзірге биіктен көрінген ешкім жоқ. Спорт алаңдарын, мұз айдындарын балаларға қолжетімді ету мәселесі ішінара шешімін тауып жатыр. Бірақ жаппай сырғанау болмаса, кәсіби мәнерлеп сырғанаушыларды даярлау проблемасы әлі де бар. Елдің ендігі бір үміті – Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың жүлдегері, спорт шебері Рахат Бралинмен аз-кем әңгімелестік.
– Кейінгі жылдары жаппай сырғанау, жалпыхалықтық спортпен айналысуға көңіл бөліне бастады. Коньки, теннис үйірмелерінің бағасын қолжетімді ету мәселесі де шешімін тапқандай. Одан бөлек, мәнерлеп сырғанауды дамытуға не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Астананың тумасы болғаныммен, қазір Ресейде жаттығып жүрмін. Мәнерлеп сырғанауды бірінші рет бас қаладағы IceClub-тан бастадым. Жалпы, әрбір спортшы моральдық, материалдық жағынан болсын өз кемшілігін жақсы біледі. Оны түзеу үшін, кәсіби шыңдалуға мамандардың көмегі ауадай қажет. Мәнерлеп сырғанау – тек мұз үстінде музыканың ырғағымен билеу емес. Әрине, спортқа жан-жақты көңіл бөлу, оның ішінде жаппай сырғанауды қолға алып жатқаны қуантады. Спортшылардың жеңісін жиі насихаттаған жақсы дүние. Бірақ тек жеңіске жеткен кезде ғана спортшы жайлы айтып, оған жету жолындағы кедергілер жойылмаса, жаппай спорт дамып жатыр деп айтуға әлі ерте. Спорт үйірмелерінің бағасы қолжетімді болса, мың баладан он чемпион шығар еді. Конькидің бағасы, мұз айдындарының жалға алу ақысының қымбаттығы да әсер етеді. Барлық баланың шетелге барып жаттығуға қаржылық мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан қай елде жаттықса да, Қазақстанның намысын қорғап жүрген спортшыларға көңіл бөлінуі қажет. Елде мықты мектеп қалыптасса, шекара асып, шығынданып жаттығудың қажеті болмайды.
– Шетелде жаттығудың артықшылығы қандай?
– Мәнерлеп сырғанауды меңгеру мен мұзда өзіңді игеру – бір-бірінен ажырамас дүние. Маған шетелде жаттығу көптеген мүмкіндікке жол ашты. Бұрын-соңды өзім байқамаған, білмейтін кемшіліктерімнің көптігі бірден байқалды. Жеңіске жетуге құлшынысым арта түсті. Тәжірибе жинауға көп көмегі тиді. Қай елде жаттықсаң да, жарыстың халықаралық стандарт талаптары бірдей. Сондықтан жетістікке жету үшін ең мықты мектептен өткеннің жөні бөлек. Біз үшін мұз айдында ұзақ уақыт шыр көбелек айналып сырғанау емес, санаулы уақытта күрделі трюктер жасап ұпай жинау маңызды. Шетелдік мамандардан үйренеріміз көп. Мықтылардың тәжірибесін көрмей, білмей кемшілігімді байқамайды екенсің. Шетелде жаттыққан спортшылар түптің түбінде Қазақстанның мәнерлеп сырғанау мектебін дамытады деп ойлаймын.
– Күніне қанша уақыт жаттығасыз?
– Үш сағат жаттығамын. Оның ішінде бір жарым сағат жаттығуға, жарты сағат уақытым биге кетеді. Музыканы өзім таңдаймын. Әрбір қимылды музыкамен сәтті үйлестіруге тырысамын. Қойылым сәтті шығу үшін жаттығуды мұз айдында мың рет қайталасаң да артық емес. Музыканың ырғағына елтіп, күшке сеніп, тосын қимылдар жасау сәттілік әкелмейді. Түр-тұлғаң, көңіл күйің, спорттық киімің – бәрі айнадағыдай анық көрініп тұрады. Мұз үстінде құлап жатсаң да, қиналған эмоцияны сыртқа шығаруға, жеңіліс тапқандай ұнжырғаңды түсіруге болмайды. Әсіресе, жалт бұрылып, күрделі трюктер жасайтын шақта қателік жіберсем де, құламауға әрекет етемін.
– Біздің мәнерлеп сырғанаушылар Мәскеу, Торонта, Сеул, Токиоға жаттығуға жиі барады. Жаттығуға байланысты ма, әлде жаттықтырушыға ма?
– Қазір Евгений Плющенко, Александр Волков, Мартин Дажанэнің жаттықтыруымен жарыстарға қатысып жүрмін. Евгений «ерік-жігерің мықты, харизмаң күшті, бірақ мықты әдістерді меңгерсең де, жарыста қобалжымау керек» деп үнемі ескертіп отырады. Сіз айтқан спорт мектептерінде қаншама спортшы бар. Бірақ оның бәрі бірдей әлемге танылған чемпион емес. Сондықтан бабы мен бағы қатар жанған спортшы жеңіске қол жеткізеді. Мықты жаттықтырушының шәкірті осал спортшы болуы да мүмкін. Керісінше, еңбекқор, талабы таудай спортшы мықты жаттықтырушының мектебінен өтсе, өзін-өзі шыңдау арқылы жеңіске жетуі мүмкін. Өз басым еңбек, ынта, талап қана мақсатыма жеткізеріне сенемін. Маңдай термен жеткен жеңіс қана қуаныш сыйлайды.
– Әлемге танымал әріптестеріңізбен жиі араласып, тәжірибе алмасып тұрасыз ба?
– Әрдайым көңілді жүремін. Достарым көп. Бұрын теледидардан көретін әлем чемпиондарымен қазір бірге жарыстарға қатысып жүрмін. Армандар орындалады екен. Өмірде, әрине, жиі араласып тұрамын. Біз мұз айдында бәсекелес болғанымен, өмірде достармыз. Бір-бірімізден үйренеміз. Мұз айдындағы қателіктердің себебін сұраймыз. Евгений Плющенко, Жена Медведева, Алина Загитова, Адьян Питкеев, Сергей Воронов, одан басқа да мәнерлеп сырғанаушы достарым көп. Достарым, оның ішінде кәсіби спортшылардың айтқан сынынан қорытынды шығаруға тырысамын. Сырткөз бірден байқайды. Сондықтан кемшіліктерімді қайталамауға тырысамын. Өзімді шыңдаймын.
– Сіз үшін мұз үстінде ең қиын трюк қайсы?
– Әзірге аксель, яғни шеңбер жасап сырғанап келе жатып, жоғары секіріп, аяғыңды мұзға тигізбей, әуеде 2-3 рет айналып, құламай қайта қону. Сырткөз мұз үстінде сырғанап келе жатып секіру – шоу ретінде ең әдемі трюк болып көрінгенімен, спортшы үшін ең қауіпті қадам. Мәнерлеп сырғанаушы үшін мыңдаған көрермен тамашалап отырғанда мұз айдында құламай, сәтті қону – бір бақыт. Құстай ұшқанмен, мұзда жалп етіп жығылсаң, бүкіл еңбек далаға кетеді. Сол себептен, әрбір күрделі трюктерді жасар алдында ұзақ ойланамын. Әсіресе, бірнеше трюкті бір мезгілде жасап үлгеруге ұмтылып, елді таңғалдырамын деп сәтсіздікке ұшырамасам деймін. Оған қарағанда өзім жасай алатын трюкпен ел намысын қорғауды үлкен абырой санаймын. Халықаралық жарыста сүрінсең, келесі жарысқа дейін өткен кемшілігіңді көрермен ұмытпайды. Әділқазылар «өткен жарыстағы қателігін қайталамайтын болар…» деп сын көзбен қарайды. Жаттықтырушым «бүкіл ел саған сеніп отыр» деп үміт артады. Арманым – Олимпиаданың алтын медалін иелену.
– Әр спортшы өз елінде өзін еркін сезінеді. Шетелде өтетін жарыстағы сәтсіздіктер тәжірибенің аздығынан ба, әлде жеңіске жету көңіл күйге байланысты ма?
– Оныңыз рас. Жарыс өтіп жатқан елдің климатына бейімделу үшін, жарыс өтетін мұз айдында күні бұрын жаттығамыз. Барлық мұз тақтайдай тегіс болса да, спортшы қас пен көздің арасында сүрінуі мүмкін. Кейде бұған дейін алған жарақаты сыр береді. Көңіл күйі болмағандықтан, ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмай жатады. Қарсыластарының атақ-дәрежесі жоғары болса, психологиялық тұрғыдан ол да әсер етуі мүмкін. Павлодар, Қарағанды, Орал, Астана, Алматы, Ақтөбе қаласында өткен жарыстарда 1-орын иеленгенде өзіме сенімім арта түсті. Дегенмен әлемдік жарыстарда бұрынғы нәтижемнен жоғары көрсеткіш көрсете алсам екен деп жүрексініп тұрамын. Ригада өткен Volvo open cup – 2018 турнирінде 3-орын, Стамбұл, Дубайда өткен жарыста 1-орын, бүгін Хорватияның Загреб қаласында өткен Golden Spin – 2018 халықаралық байқауында 3-орынды иеленгенде қанат біткендей, өзіме сенім пайда болды. Өмірде көңілді жүрген ұнайды. Сәтсіздіктерді жүрегіме жақын қабылдағанмен, келесі жолы қайталамауға тырысамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Майра ЖАНЫСБАЙ