Еліміздің 200 имамы қайта даярлау курсынан өтті (ФОТО)
Астана. 8 желтоқсан. KAZISLAM – Бүгін елордадағы «Діни кадрларды қайта даярлау және және біліктілігін көтеру республикалық орталығында» кезекті курс қорытындыланып, имамдарға сертификаттар табысталды.
Үш аптаға созылған курс Астана, Алматы және Атырау қалаларында өтсе, дәрістерге еліміздің әр түкпірінен келген жалпы саны 200 имам қатысқан. Бүгін елордада екінші топтың 40 имамы діни кадрларды қайта даярлау және біліктілігін көтеру курсынан өткені туралы куәлікке ие болды.
-Қоғамдық келісім комитеті имамдардың және теологтардың біліктілігін арттыруымен ұдайы айналысып отырады. Мұндай курстар былтыр және алдыңғы жылдары да өткен еді. Биыл кең көлемде ұйымдастырып, шалғай жерлерде тұратын, ауыл-елдімекендердің имамдары үшін еліміздің үш қаласында курс өткіздік. Негізгі мақсатымыз – имамдардың біліктілігін арттырып, деңгейін көтеру, сондай-ақ, олардың тек діни емес, заңнамалық, зайырлылық тұрғыдан да білімдерін жетілдіру. Имамдарымызға елімізге белгілі дінтанушы-мамандар, мемлекеттік қызметкерлер мен әдебиеттанушылар дәріс беріп, дін мен дәстүрді, дін мен заңды байланыстырудың қыр-сырларын үйретті,-дейді ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің исламдық діни бірлестіктермен байланыс басқармасының бас сарапшысы Нұрғали Қабылов.
Сарапшының сөзіне сүйенсек, имамдар халықпен үнемі байланыста болғандықтан, діни кадрлардың білімін жетілдіру алдағы уақытта да жалғасады.