Дариға Назарбаева кедендегі көлеңкелі бизнес пен жемқорлық мәселесін көтерді
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева жоғарғы палата отырысында кеден органдарындағы сыбайлас жемқорлық мәселесін көтерді.
Сенатор ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдады.
«Бұқаралық ақпарат құралдарында «Қазақстанның кеден саласындағы сыйбайлыс жемқорлық» тақырыбында Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры жүргізген зерттеу нәтижелері жарияланды. 2013-2017 жылдардағы кезеңде Қазақстанның ЕАЭО-ға кірмейтін 10 елмен тауар айналымының статистикалық деректері мен Қазақстанның Азия, АҚШ, Еуропа елдерімен сыртқы сауда статистикалық мәліметтерін салыстыру үлкен сәйкессіздікті көрсетті. Зерттеу қорытындысында Қазақстанға жеткізілетін тауарлардың тек 10 % — 45%-на кедендік баж салығы салынады делінген. Бұл мемлекеттік бюджеттің шығынына әкеледі. Зерттеу нәтижесінде деректердің 50% астам сәйкессіздігі Қазақстанның кеден органдарында ақша бопсалау, пара беру секілді сыбайлас жемқорлық белгілері бар екенін білдіреді делінген. Мәселен, ҚХР-мен тауар айналымында статистикалық мәліметтер 11 тауар тобы бойынша 50%-дан астамға азайтылған. Қытайдан әкелінетін тауарлардың 60%-дан 90%-ға дейін контрабандалық саналады. Олар «киім-кешек», «жиһаз», «төсек жабдықтары», «ойыншықтар», «жеміс-жидек пен көкөніс» топтарындағы тауарлар», — деді Назарбаева.
Сенатордың айтуынша, Қазақстанның кеден органдары АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Пәкістан, Ұлыбритания мен басқа да елдермен тауар айналымы бойынша статистикалық мәліметтерді дұрыс көрсетпейді. Бұл елімізге жалған тауарлардың жеткізілетінінің дәлелі.
«Кедендік әкімшілікпен байланысты осындай жағдай көлеңкелі бизнес пен сыбайлас жемқорлықтың қалыптасуына әкеледі және ұлт денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді», — деді Дариға Назарбаева.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Ұқсас сілтемелер:
Дереккөз: BAQ.KZ