Байбекке «жақын» адамдар «Рахат» базарына иелік етпек. Халық көмек сұрады
20-25 жыл бойы бір жерде өз кәсібінің негізін қалап, саудамен айналысып келе жатқан «Рахат» базарының 300-ге жуық кәсіпкеріне жұмыссыз қалу қауіпі төніп тұр. Себебі, 2018 жылы Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Жер комиссиясы «Рахат» базарының басқарушы компаниясы «ТКМ» ЖШС-не жерді жалға беру мерзімін жер зираттың «санитарлық-қорғау аймағында орналасқан» деген негізбен ұзартудан бас тартқан.
Алайда, әкімдік 1 гектар жерді астанада тіркелген «Алматы СРS» фирмасына жиһаз фабрикасын салу үшін 5 жылға жалға берген. Ондаған жылдар бойы салық төлеп, бизнестерін қалаған шағын кәсіп иелері енді бар бизнестерінен айырылмақ.
Біріншіден, жердің зираттың санитарлық-қорғау аймағында орналасқанына қарамастан «Алматы СРS»-тің өтініші бар болғаны 3 күнде жедел түрде Жер комиссиясында қаралып, өзгеге берілген. Әдетте, жерді жалға алу үшін заңда бекітілген 2 айда шаруасы бітпей, адамдардың айлап-жылдап жүретіні белгілі.
Екіншіден, Жер инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында берілген. Инвестициялық жобаның базарға қандай қатысы бар және заманауи сауда орталығын бұл жерді бұрынан басқарып келе жатқан компанияда іске асыра алады. Ең қызығы, бұл мәселе Жер комиссиясында мүлдем қаралмаған.
Үшіншіден, мемлекеттік меншіктегі жерді инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында беру мәселесі Аймақтық үйлестіру кеңесінде қаралуы тиіс. «Алматы СРS»-тің жобасы кеңесте қаралмаған.
Төртіншіден, Барахолкідегі 25-тен астам базар, сауда орталықтары орналасқан аймақта фабрика салудың қажеттілігі бар ма? Зираттың санитарлық-қорғау аймағы, Қарасу өзенінің су-қорғау аймағында өндіріс объектісін салу СНиП талаптарына сәйкес пе? Өндіріс объектілері үшін бөлінген индустриалдық аймақта жиһаз фабрикасына орын табылмады ма? Әлде, бұл бизнесті рейдерлік жолмен тартып алудың қитұрқы тәсілі ме?
Мемлекеттік атқарушы органдар жерді «ТКМ» ЖШС-нен алып, «Алматы СРS»-ке бергенде 300-ден астам кәсіпкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің мүддесін назардан тыс қалдырып отыр. Қабылдаған шешімдері қисынға келмейтін, заңға қайшы болса да, Алматы қаласы мамандандырылған экономикалық сотының әрекеті күмәнді.
«ТКМ» ЖШС-нің талаптары бойынша барлық істер бір ғана судья Қазымбетованың қарауына түсіп отырған. Істерді автоматты бөлу жүйесі саналы түрде бір ғана судьяға бөлуі күмән келтіреді. Барлық істер бойынша базардың ісі 3 жыл бойы бір ғана судьяның алдына келіп, ол талаптарды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдаумен келеді.
«Рахат» базарына қатысты істерде Конституция, Жер кодексі, Кәсіпкерлік кодексінің талаптары мен Үкіметтің өзге қаулылары бір шетке ысырылып қалды.
2010 жылдан бері жария салып, жалау етіп жүрген «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы негізінде бюджетттен бөлінген қыруар қаражатқа қабылданған нормативті актілер мен заңға енгізілген өзгерістердің құны көк тиын болып, шағын және орта бизнесті қолдау жобалары қағаз жүзінде ғана қалғаны ма?
Таразының басына 300 кәсіпкердің мүддесі мен 1 кәсіпкердің мүддесін салып отырған жергілікті атқарушы органның түпкі мақсаты неде?
Бизнестерінен айырылу қауіпі туғандықтан кәсіпкерлер амалсыз жанайқайын жоғары жаққа БАҚ арқылы жеткізбек.
Азаттық мәліметінше, жоғарыдағы Қаулыға бұрынғы әкім, қазір «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек қол қойған. Ең қызығы, сол компанияға иелік еткен адам оның әкесі Қыдырғали Байбекпен серіктес болған. Кейін араға бірнеше күн салып «Алматы СРS» компаниясының басқа адамның атына өтіп кеткені белгілі болды. Компания өкілі ретінде журналист Нұрбек Бекбау сөз сөйлеп, Байбектің туыстары туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды.
Осы мәселеге қатысты «Азаттық Рухы» сайтында «Жұмыс істеуге мүмкіндік беріңдер». Алматыда 300-ге жуық кәсіпкер қарсылық акциясын өткізді» тақырыбымен жарияланып, артынша белгісіз себептермен өшірілді. Мұнымен қоймай келесі күні «Манипуляция және провакация». Алматыдағы «Рахат» базарының басшылығы заңсыз митинг жасады деп айыпталды» деген тақырыппен материал жария етті.