Макронды мазалаған мәселе | «Айқын» газеті

0

Францияда 17 қарашадан бастап жанармай бағасын көтеруге қарсы наразылық акциялары жалғасып жатыр. 300 мыңға жуық халықты қамтыған шеру бейбіт басталып, соңғы үш апта ішінде полициямен қақтығыстар орын алған. Салдарынан, жүздеген адам жараланып, 4 адам қаза тапқан. Франция билігі жанармай бағасын көтеру туралы заңға 6 айға мораторий жарияланатынын мәлімдеді. 

Халық неге наразы?
Президент Эммануэль Мак­рон­ның француздар көлі­гі­не жиі тұтынатын дизель бағасын жаңа жылдан бастап өсіру туралы ұсынысынан кейін наразы халық әлеуметтік желілерде топтарға бірігіп, қала көшелеріне шыққан. Францияда жүргізушілер көлігінде ұстауға міндетті «сары күрте» наразылық шеруінің негізгі атрибутикасы деп таңдалды. Үстіне бірдей киім киген шерушілер наразылық акциясына «сары күрте кигендер көтерілісі» деген атау берді.
Жанармай бағасының өсуі оған үстелетін жаңа салыққа байланысты. Әдетте белгілі өнімдерге қойылатын салықтан жиналған қаржы қоғамдық мәселені шешуге бағытталады. Бұл жолы Франция үкіметі дизель салығын экологиялық таза көлік түрлері мен баламалы энергия көздерін дамытуға жұмсамақ. Өткен жылы 23 пайызға қымбат­таған дизель бағасы 2019 жылы тағы көтерілсе, орта тап пен халықтың кедей бөлігі қиын жағдайда қалуы мүмкін. Өйткені қала орталығынан алыс тұратын көп адам күнделікті жұмысқа жету үшін көлігін пайдаланады.

Сары күрте киген кімдер?
ВВС тілшісі Люси Уиллиамс­тың айтуынша, наразылық шеруінің ресми көшбасшысы жоқ. Оны белгілі бір саяси партия не одақ ұйымдастырмаған. Сарапшылар қала көшелеріне шыққан азаматтарды «Үнемі өсіп отырған міндетті төлемдермен қатар, бюджетін қалыпты ұстау­ға күресіп келе жатқандар» деп сипаттайды. L’Humanité басы­­лымы «шерушілердің өмір салты, көзқарасы ұқсас» деген баға беріп, «күнделікті өмірінде көлік­ті көп пайдаланатындар үшін жанармай салығы төзімнің соң­ғы шегі болды» деген ой­мен бөліседі. ВВС тілшісі алаң­­дарда болғандар туралы «қар­жы мамандығы бойынша магис­трант, ажырасқан, жал­ғыз ұлы бар жұмысшы еркек, зейнеткер мен көлік фабрикасының қызметкері» деп баяндайды.


Наразылық шерулері
Facebook парақшалары мен онлайн чат­­тар арқылы басталған. Әлеу­­­­меттік желілер арқылы пе­ти­цияға қол қою, үндеулер мен акцияларға шақыру аза­мат­тар­дың дүкендер мен жанар­май бекеттерінде кездесіп, топтасуына ұласқан. Наразылық шеруіне азаматтар мүмкіндігіне қарай жұмысқа дейін не кейін, демалыс күндері не қызмет орнын тастап қатысқан. Жергі­лік­ті халық шерушілерге та­мақ, ақша мен өзге де керек жаб­дық­тар беріп, көмектескен.

Президенттің халыққа өкпесі
Шерушілер негізінен «Мак­рон отставкаға кетсін!», «Макрон – ұры» деген плакат­тар ұстап, авто­көлік жолдары мен жанармай бе­кеттеріне кіреберістерді жа­уып, көлік қозғалысын тоқтат­қан. Париж орталығында поли­ция­мен те­ке­тірес басталып, азамат­тар­дың бір бөлігі құқық қорғау қызметкерлеріне қарсы әртүрлі заттар лақтырған. Бірқатар ғимарат пен көлікке зақым келіп, «Салтанат» аркасына үкіметке қарсы мәтіндегі графити салын­ған. Президент сарайына бет алуға бекінген шерушілерді тоқ­тату үшін полиция көзден жас ағызатын газ бен суды қол­дан­ған. Сондай-ақ бірқатар аза­маттар тұтқынға алынды.
Эммануэль Макрон жанар­май бағасына қосылатын салық туралы ұсынысын: «Біз баламалы энергияға инвестиция құю үшін осындай қадамға баруымыз керек», – деп түсіндірді. Прези­дент жоспары бойынша 2022 жылға қарай Франция көмірге негізделген стансаларын толық жауып, атом энергиясына тәуел­­діліктен құтылуы керек. Нара­зылық акциясы кезінде орын алған құқықбұзушылық фактілеріне қатысты Макрон: «Мен зорлық-зомбылықты қабылдай алмаймын. Мемле­кеттік қызметкерлерге қарсы күш қолданылғанын, «Салтанат» аркасына зақым келтірілгенін және жаяу жүргіншілер мен журналистердің өміріне қауіп төнгенін ештеңе де ақтамайды», – деген пікір білдірді. Прези­дент қоршаған ортаны қорғау бастамасына қосылып, бірақ жанармай бағасын көтеруге қарсылық білдіретін азаматтарды сынады. «Дүйсенбі күні таби­ғат­ты қорғау туралы пікірде болып, сейсенбі күні дизель бағасының өсуіне қарсы шеруге қатыса алмайсыздар», – деді ол.

Мәселе жанармайда ғана ма?
Дизель бағасының өсуі­не қарсылықпен қатар білім жүйесінің реформасын қолда­май­тын студенттер, жедел жәрдем жүргізушілері, өмір сүруі күннен-күнге қымбаттап бара жатқанын алға тартқан тұрғындардың наразылығы да байқалған. Бірақ аталған топтар өздерін «сары күрте кигендер» қозғалысына жатқызатыны, не бөлек наразылық акция­сын ұйымдастырып отырға­ны белгісіз. Шерудің орта­лық­тан­дырылған жүйесі, нақты көш­басшысы болмағанына қарамастан, бүгінге дейін наразы халық билікке 40-қа жуық талап қойып үлгерді. Олардың ішінде зейнетке шығу жасын азайту, ең төменгі зейнетақы мөлшерін арттыру, басқа салық­тар бойынша өзгерістер енгізу сияқты ұсыныстар бар. Жанармай бағасына салық қосу туралы шешімді қарастыру уақыты 6 айға шегерілетіні жө­нін­дегі хабардан соң халық бас­қа реформалар мен өзге­ріс­терді сұрай бастады. Шеру­шілердің айтуынша, Эмма­ну­эль Макронның сайла­уал­ды бағдарламасында өмір сүру деңгейін көтеретін эко­но­микалық реформа жүргізу туралы уәде болған. Бірақ бір жылдан артық уақыт ішінде халық ешқандай оң өзгеріс байқамағанын айтады. Фран­ция­­ның қоғамдық саясат инс­титуты 2018-2019 жыл бюдже­тіне жүргізген зерттеуінің қоры­тындысы кедей таптың табысы төмендейтінін, орта тап қаржылық қиындықтар сезінетінін, ал 1 пайыз шамасын­да бай азаматтарға ештеңе әсер етпейтінін көрсеткен.

Билік неден қауіптенеді?
Макрон министрлер каби­неті­мен шұғыл жиын өткізіп, Парижде наразылық шеруінен зардап шеккен орындарды аралады. Полицияның мәліме­тін­ше, ел астанасында 100 адам жарақат алған, оның 23-і – қауіп­сіздік қызметкерлері. 400 азамат тұтқынға алынған. Париждегі басқа да тарихи нысан­дар мен туристік орындар­ды қорғау үшін қосымша әскери күштер тартылатыны хабарланды.
Франция билігі алдағы демалыс күндері наразылық акциялары қайта өршуі мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан Эйфель мұнарасы мен Париждегі көп дүкендер, туристік орындар уақытша жабылған. Премьер-министр Эдуард Филип сенбі күні бүкіл Франция бойынша 89 мың полиция қызметкері кезекшілік атқаратынын мәлім­деді. Оның айтуынша, мұндай ерекше қауіпсіздік шарасы 1968 жылдан бері алғаш рет қолда­ны­л­ып отыр.
Негізінен билік халық­ты кінәлаған жоқ. Ресми тұлға­лар­дың пікірі тәртіпсіз­дік­терді радикалдар мен Макрон­ның саяси қарсыластары ұйым­дас­тыр­ған деген пікірге саяды. Elabe агенттігі жүргізген сауалнама сайлауға баратын әр төрт азаматтың үшіншісі нара­зы­лық акцияларын қолдай­ты­нын, ал билікке қарсылық шеруіне қатысқандардың жарты­­сына жуығы 2017 жылғы президент сайлауында Эммануэль Макронға дауыс бергенін көрсеткен.
2017 жылы сайлауда 66,1 пайыз қолдауға ие болып, Марин Ле Пенді жолда қалдырған Макронға қарсы халық наразылығының оның саяси карьерасына қалай әсер ететіні әлі белгісіз. Оның босқындарға қонақжайлық танытқаны үшін неміс халқының ашу-ызасын шақырған Ангела Меркельдің канцлер қызметіне қайта тағайындалғаны сияқты билік тізгінін қолында қалдыруы да, өзін қолдайтын халықтың сенімінен шыға алмауы да әбден мүмкін.

Динара Тілеубек