Солтүстік Қазақстанда ер адам бастығынан тірі анасын «жерлеуге» ақша сұраған

0

Солтүстік Қазақстан облысында тірі туыстарын «жерлеу» үшін тұрғындардан ақша алған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Шал ақын ауданының полицейлері тонау қылмысын ашу кезінде екі алаяқтық фактісін анықтады.

15 ақпанда Сергеевканың 29 жастағы тұрғыны дүкен тонады деген күдікпен тергеу изоляторына қамалды. Ер адам бұған дейін істі болған.

«Тергеу барысында күдіктінің былтыр желтоқсанда жергілікті тұрғындардың бірінен апасын «жерлеуге» 50 мың теңге алғаны анықталды. Алайда оның  ешқашан апасы болмаған», — делінген хабарламада.

Қаңтар айында күдікті аудандағы шаруа қожалығына қара жұмысшы болып кіреді. Екі апта жұмыс істегеннен кейін бастығынан материалдық көмек сұрайды. Бұл жолы ақша анасын «жерлеуге» қажет болған.

Әйелдің тірі және аман-сау екенінен хабарсыз кәсіпкер қарамағындағы қызметкеріне 62 мың теңге берген. Осыдан кейін ер адам жұмысқа шықпаған.

Екі факті де Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне енгізілді.