Танымал имам Серікжан Біләштің дұға жайлы пікіріне жауап берді
Танымал дін қайраткері, имам Қайрат Жолдыбайұлы Серікжан Біләштің мұсылмандардың дұға жасау әдебін мазақтап, сынаған пікіріне қатысты ойын жеткізді.
«Серікжан Білаштың дұға жайлы айтқан сөзіне қатысты пікірім
Әсілінде, дұға-тілек екі түрлі болады. Біріншісі іспен, Құдайдың мына дүниеде қойған заңдылықтарын, себептерін орындау арқылы жүзеге асады. Мысалы, көктемде жер жартып, егін егу, дәрісін шашып, тыңайтқышын құю, топырағын қопсыту да әрекетпен жасалған «Жаратушым маған берекелі егін бер» деген дұғаға жатады.
Ал екіншісі жүрекпен, тілмен жалбарыну арқылы болады. Мұсылман баласы екі түрлі дұғанының да қасиетін кемітпестен қатар жасауы керек. Тілмен жасалған дұға жеткілікті деу дінді, пайғамбарды дұрыс түсінбеуга жатады. Алла елшісі (с.а.у.) не нәрсе болсын, алдымен Алланың осы дүниеде қойған заңдылықтарын, себеп-салдарларын орындайтын.
Мысалы ухыд соғысын алайық. Мәдинаға қалың әскермен шабуыл жасаған құрайыштықтарға қарсы мұсылмандарды барынша қаруландырды. Өзі де сауытын киіп, қолын көкке көтеріп, егіле жылап ұзақ дұға жасады. Хандақ соғысында да дұшпандардан Мәдина қаласының айналасына терең ор қазу арқылы қорғанды.
Сахабаларына «сауыттарыңды шешіп, қаруларыңды тастап, «фалақ» пен «нас» сүрелерін оқысаңдар, сөзсіз жеңіске жетесіңдер» деген жоқ. Керісінше екі түрлі дұғаны да кемеліне жеткізіп орындады.
Ендеше, әрдайым себептерді қолымыздан келгенше барынша орындауға тиіспіз. Бірақ себептерді қандай жоғарғы деңгейде орындасақ та, оның өзіндік кемшілігі болатындығы сөзсіз. Сондықтан іспен жасаған дұғамызды жүрекпен, тілмен айтылатын дұғамыз арқылы толықтырамыз. Сондай-ақ, себептерді қанша орындасақ та, оның нәтижесін беретін, кез-келген істің сәтін салып, берекесін нәсіп ететін Алла екенін ұмытпауымыз қажет.
Іспен жасалатын дұғаға мән бермегеннің тілмен ғана айтқан тілегі көбінесе қабыл болмайды. Біріншісіндегі салғырттықты екіншімен жабуға тырысу жауапкершіліктен қашу һәм шынайы тілектің қадірін кетіру саналады. Сондай-ақ, себептерді орындасам болды, тілмен дұға жасап, Құдайға жалбарынудың еш қажеті жоқ деу де астамшылдық һәм кез-келген себепке сәтін салып, нәтижесін нәсіп ететін құдіреті шексіз Құдайды ұмыту. “Мен істедім“, “Мен тындырдым” деген тәкаппарлықты нәтиже беретін адасу болмақ. Құранның көптеген аятында дұғаның маңызды құлшылық екендігіне һәм қабыл болатындығына назарымызды аударады.
Екі түрлі дұға да мұсылманның қасиетті қорғаны һәм қаруы. Дұға әр адамның ішкі үміті, шексіз құдірет иесі Жаратушысына деген сенімі һәм құлшылығы болмақ.
Дұға жайлы құба төбел орта жол осындай болуға тиіс» деді Қайрат Жолдыбайұлы.