Бас прокуратура қазақстандықтарға ескерту жасады

0

Әлеуметтік желілерде жекелеген тұлғалар елді заңсыз митингілер мен шерулерге шығуға шақырып жүр. Осыған байланысты Қазақстан бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев халыққа үндеу жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қадағалаушы органның ресми сайтына сілтеме жасап.

«Бас прокуратура митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі 2020 жылы 25 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заңмен реттелетінін еске салады. Нақты айтқанда, жиналыстар, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі қарастырылған», — дейді Дембаев.

Заң талабына сәйкес, митингіні өткізу туралы хабарлама белгіленген күнге дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей, жергілікті атқарушы органға жазбаша түрде берілуі шарт. Онда бейбіт жиналыстың мақсаты мен нысаны, ұйымдастырушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың деректері көрсетіледі. Жергілікті атқарушы орган оны тіркеген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Үш күннің ішінде жауап болмаса, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізуге құқылы. Ал демонстрациялар мен шерулер келісу тәртібімен өткізіледі.

«Ол үшін ұйымдастырушы оның өткізілетін күніне дейін 10 жұмыс күн бұрын өтініш беруге, ал жергілікті атқарушы орган ол бойынша 7 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті. Ұйымдастырушы өтініште қатысушылардың жүру бағытын, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауды, медициналық көмекті ұйымдастыруды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу шараларын көрсетеді. Жергілікті атқарушы орган ұйымдастырушыға демонстрация немесе шеру өткізу келісілгені не оны өткізуден бас тартқаны туралы хабарлайды», — деп атап өтті бас прокурордың орынбасары.

Заң бойынша бейбіт жиналыстар қатаң түрде арнайы жерлерде және қалалық, аудандық мәслихаттар белгілеген бағдар бойынша ұйымдастырылып, өткізілуі керек. Ал заңсыз бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және оған қатысу әкімшілік құқық бұзушылық болып есептеледі. Ол үшін 25 тәулікке дейін қамауға алу шарасы қарастырылған.

«Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүретін болса, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды, ол айыппұл не 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау түріндегі жазаны көздейді», — дейді бас прокурордың орынбасары.

Осы орайда Дембаев коронавирус пандемиясына байланысты адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуге әлі де тыйым салынғанын еске салды. Осы шектеуді сақтамағаны үшін әкімшілік жаза бар. Ал ондай әрекеттер абайсызда адамдардың жаппай ауру жұқтыруына себеп болса, 2 мың АЕК мөлшеріндегі айыппұлдан бастап 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.

Бас прокуратура азаматтарды қолданыстағы заңнаманы сақтап, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатыспауға шақырды. Себебі құқық қорғау органдары белгіленген тәртіп бойынша қоғамдық қауіпсіздікке қайшы кез келген құқық бұзушылықтың жолын кеседі, сондай-ақ, оларға жол бермеу жөнінде заңда көзделген шараларды қолданады.