Әскерге күштеп әкету болмайды – ҚК бас штабы
Әскерге күштеп әкету деген жоқ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мерзімін кейінге қалдыруға негіз болмаған жағдайда, жасы 18-ге толған және 27-ге дейінгі жас аралығындағы азаматтар жалпы негізде мерзімді әскери қызметке шақырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында 2021 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанын түсіндіру бойынша өткен брифингте ҚР ҚК бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бағытының аға офицері Руслан Тапашев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy сайты.
«Азаматты мерзімді әскери қызметке шақыру қаланың немесе ауданның жергілікті атқарушы органы құрған әскери шақыру комиссиясының шешімі негізінде жүргізіледі.
Сондай-ақ, олар әскерге шақырылушының әскерге шақырылуына тосқауыл болатын себептер мен дәлелдерді назарға алады немесе алмайды. Айта кетейін, прокуратура органдары да осы әскери қызметке шақыру заңдылығын ұдайы қадағалап отырады», — деді Р. Тапашев.
Сонымен қатар, «Әскери қызметі және әскери қызметшілер мәртебесі туралы» ҚР заңының 37-бабына сәйкес, жоғары білімі бар азаматтар 6 ай мерзімді әскери қызметті өткергеннен кейін әскери қызметке келісімшарт бойынша қабылдануы мүмкін.
Бұл өзін жұмыспен қамту мәселесін де шешеді. Ал әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қазіргі кезде әскерде қызмет ету мерзімін 2 жылға дейін ұзарту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.