Абылай хан туралы тарихи жырлар жайлы
Абылай хан туралы тарихи жырлар жайлы
Назерке ЗИАДІЛДА
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты
Данат ЖАНАТАЕВ
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент
Қазақ хандары ішіндегі ең ірі де бірегей тұлға саналатын Абылай ханның тарихына тоқталып, оның тарихта алар орны мен қалыптасқан тұлға ретіндегі сипатына арналады. Сондай-ақ өз халқының қайталанбас дара тұлғасы, қиын-қыстау замандарда халқын бір орталыққа жинап, бағындыра білген Абылайдың ішкі және сыртқы саясатта ұстанған бағыттарына ерекше көңіл бөлінеді.Қазақтың қорғаушысы саналған аса ірі қайраткер, қолбасшы, ел еркіндігі мен бостандығын қорғай білген, қазақтың үш жүзінің де ханы болып, елді біріктіруде ерен еңбек еткен Абылай ханның өмірі мен атқарған қызметтері ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі саналатын тарихи жырларда көптеп көрініс тауып отыратындығы белгілі. Тарихи жыр, дастандардың ауыз әдебиетінің өзге салаларынан ерекшелігі әрі артықшылығы ондағы ақпарат нақты өмірден аса алшақ еместігінде.
Абылай хан Қазақ хандығында 48 жыл бойы билік етіп, қазақтың үш жүзіне бірдей хан болып, қазақ халқын бір орталықтандырған мемлекет құра білген ірі тарихи тұлға болды. Оның ерлік істері мен мағыналы өмірі жөнінде бүгінге дейін сақталған тарихи жырлар, аңыздар, өлеңдер мен дастандар т.б. көптеп кездеседі. Абылай дегенде біз әуелі оның батыр, мықты қолбасшы, айлакер саясаткер екенін еске алып, еліміздің тарихындағы аса бір қиын кезеңде үш жүздің, қазақ халқының басын қоса білген хан ретінде жақсы танимыз.
Бәрімізге белгілі, қазақ халқының ауыз әдебиетін тарихымыздың төл дерегі ретінде қарап, зерттеу мәселесіне кейінгі жылдары жете көңіл бөлініп, жақсы назар аударылып келеді. Оның ішінде шежірелер, батырлар жырлары мен тұрмыс-салт жырларына т.б. қатысты зерттеулер, мақалалар үстін-үстін жарияланып жатыр. Осындай құндылығы жоғары халықтық мұраларымыздың ел арасынан, әртүрлі дерек көздерінен жиналып, ғылыми тұрғыдан зерттелуі Ш. Уәлиханов, В. Радлов, Ы. Алтынсарин, Ә. Диваев, Г. Потанин, И. Мелиоранский, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, М. Әуезов, С. Мұқанов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров еңбектерінен бастау алып, кейінгі кезеңдерде де бұл үрдіс ғылым саласында қызмет атқарып жүрген басқа да белгілі азаматтардың еңбектерінде дәстүрлі жалғасын тауып келеді. Бұл еңбектерде халық ауыз әдебиетінің, оның ішінде тарихи, батырлық жырлардың тарихи негіздеріне, бұл жырлардың өмірге келген кезеңінің әлеуметтік-қоғамдық сипатына да тереңірек талдау жасала бастады.
М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, М. Ғабдуллин, Р. Бердібаев, С. Қасқабасов сынды көрнекті қазақ әдебиеттанушы-ғалымдарының ғылыми-зерттеу еңбектері аса бай халық ауыз әдебиетінің сан қилы көркемдік қырларын талдауға арналды. Ал тарихи жырлар тек қазақ ауыз әдебиетінің бір саласы ғана емес, сонымен қатар тарихтың атадан балаға ауызша айту арқылы жеткен дүниесі десек те қателеспейміз.
Абылай тарихы қазақ халқы үшін өте қиын, аса ауыр кезеңмен тұспа-тұс келеді. ХVІІІ ғасырда жоңғар қонтайшылары қазақтың шұрайлы жері Жетісу мен оңтүстіктегі қалаларына көзін тігіп, басып алу сәтін күтіп отырған болатын. Бұл жәйт тарихи жырларда да көрініс табады.
Абылай өміріне қатысты «Абылай хан», «Сабалақ», «Абылай хан әңгімесі», «Абылай туралы жыр», «Қалдан Серен Абылайды тұтқынға алғаны», «Сабалақ – Абылай хан», «Сабалақ» (қисса), «Абылай мен Олжабай», «Сабалақ, Әбілмансұр, Абылай хан», «Абылай хан… Ақ атан» атты жырлар бар. Олардың біршамасы күні кеше ғана жарыққа шығып, халқымен қайта қауышты.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев те: «Абылай туралы», «Абылай заманында қазақтан шыққан батырлар», «Абылай хан мен Қалдан», «Абылай ханның бір жорығы» тағы сол сияқты аңыз-әңгімелерді бізге жеткізді
Алайда ауызша тарих айтудың Абылай заманына келгенде елді адастырар бірнеше тұстары кездеседі. Мысалы, оның шыққан тегі, кімнен туғандығы жөніндегі мәселеге келгенде бәріміздің пікіріміз бір жерде тоғыспай, бірнеше жаққа айырылатыны да бар. Шежіре бойынша, Абылай хан Көркем Уәли сұлтанның баласы болып есептеледі. Көркем Уәлидің Түркістанды билеген сұлтан екені белгілі.
Абылайдың өмірге келген жылы туралы да екі жақты пікір кездеседі. Оның бірі – 1711 жыл деген пікірді қостаса, екіншісі – 1713 жыл дегенді айтады. Не десек те ол жоңғарлардың қазақ жеріне үздіксіз шабуылы кезінде дүниеге келіп, 13 жасқа жеткенде әкесінен айырылады. Үлкен атасы – Абылай, әкесі – Уәлихан. Әкесі тарихта ұлы қарақшы болған. Оны өзіне адал берілген құлы құтқарып қалады. Бұл жайында бір сәт жырға кезек беріп көрейік:
«Нағашы Қайып ханға барған ауып,
Тұрып қалды сол жақта тыныштық тауып.
Жетім-жесір боп қалды Уәли хан,
Елімен Қайып ханның қалмақ шауып.
Ақтабан шұбырынды аштық көріп,
Ел кетті бет-бетімен қайың сауып.
Жетім бала Әлілмансұр жылайды енді,
Еліне жетер емес қайта тауып»
Жырда Абылайдың Жоңғар ханы Қалдан Цереннің ұлы Шарышты өлтірген кезінде 20 жаста болғандығы жайында айтылады. Ал Абылайдың жиырма жасы қай жылға сәйкес келетінін, оның қай шайқасқа қатысқаны туралы мынадай болжам айтуға болады. Тарихи жырларда Сабалақ әуелде Бөгенбай жасақтарының құрамында жорықтарға қатысқаны айтылады. Тарихи деректерде Орта жүз жасақтары мен жоңғарлардың арасында үлкен ұрыстар болғаны да белгілі. Ол яғни 1732–1733 жылдар болып шығады. Сондай-ақ орыс және қытай деректерінде де осы жылдары қазақтар пен жоңғарлар арасында шайқастар болғаны жөнінде материалдар бар. Ал жырға сөз берсек:
«Мың жеті жүз отыз бірінші жылы басталыпты,
Әуелде қазақ, қалмақ қастаныпты.
Ұлы жүзден Қангелді, Дулат кетіп,
Ел есе жібермеске күш салыпты.
Басынан Орта жүздің батыры көп,
Ұлы жүз жуастықпен бос қалыпты.
Хабарды Ұлы жүзге жіберген соң,
Әрине, жібермек боп хош алыпты.
Тағы да жіберіпті Кіші жүзге,
«Қалмақпен шабысамыз келсін бізге».
Ұлы жүзден Қангелді, Дулат кетті,
Намыс шығар, ойлаңдар, о да сізге»
Көріп отырғанымыздай, жырда адам (соғысқа аттанған батырлар) есімдері де мол кездеседі: Қангелді, Дулат, т.б. Бұл, әрине, батырлар есімдерінен хабар берері сөзсіз.
Абылай жайындағы жыр нұсқаларының барлығында Абылай басты тұлға болса да, оның қасындағы ділмәр би-шешендер мен батырлары да айтылып отырады. Олардың іс-әрекеттерінен, бір мақсатқа жұмылуынана тарихта болған оқиғалар мен адамдардың өмірін өзек еткені аңғарылып тұрады. Сонымен бірге жоңғарлар мен қазақ арасындағы шайқастар тым арыда емес, бертінгі (XVII-XVIII ғ.) заманда болғаны да белгілі. Абылай жайындағы жырлар шындықтан ауытқымай, болған оқиғаны дәл суреттеген. Академик М.Әуезов : “Бұл жырлардың бәрі де, ертеде туғандары да, кейінірек шығарылғандары да анық тарихи оқиғаларға негізделген, ал басты – басты кейіпкерлер – тарихта болған адамдар” — деп орынды айтқан. Жыр желісі – тарихи шындық. Абылай маңына шоғырланған қайтпас қайсар батырлар мен би-шешендердің – бәрі де өмірде болған адамдар. Абылай дәуірі – белдеуден ат кетпейтін қиқулы қиын заман. Осындай кезде Абылай елдің береке-бірлігін сақтау жеңіске жетудің бір шарты екенін есінде ұстаған. Ел – жұрттың қамы үшін ынтымақ басты қажеттілік деп ұққан.
Қазақтың бұзылмаса ынтымағы,
Басынан ажырамаса берген бағы. –
деп жұдырықтай жұмылуды талап етеді. Бұл оның ақылдылығын, даналығын көрсетеді.
Қазақ қырына алған Қалдан Серен бір оңтайлы сәтте қазақты шабуға қол аттандырады. Мұны естіген Абылай дереу жасақтарын қамдап, соғысқа дайындалады. Қалмақтар әділдікті аттап өтіп, алдымен шабуыл жасады. Ал қазақтардың күш біріктіріп соғысуы әділетті іс екенін көптің санасына сіңіреді. Ақыл мен айланы тең ұстаған Абылай:
Біздікі әділетті іс ел қорғаған,
Жаудікі әділетсіз ел жанышқан.
Сүйем жер табанына бастырмаймыз
Сүмелек аш қасқырға қой торыған —
деп озбырлықтың жазасын беруге шақырады. Батырларының намысын оята сөйлейді. Өз ұлтын сүйген Абылай ата мекеннің сүйем жерін бермеуге, халқын аман сақтап қалу жолында белін бекем буады. Ол ел басына күн туған шақта ат үстінен түспеген. Елінің тәуелсіздігін, азаматтарының азаттығын сақтап қалу – халықтың ойынан шығатын ортақ мақсат. Сол себепті көпшілік қолдаған, халық жүрегіне терең ұялаған.Абылай бір елді жаулау үшін жорыққа аттанған емес. Елінің есесін әперіп, жерінің тұтастығы үшін күресті.
Абылай басқарған қазақ жасақтары арасында әскери қатал тәртіп болған. Абылайдың айналасындағы батырлар да өліспей беріспейтін соңғы демі біткенше аянбай соғысатын, намысы жоғары, рухы мықты қазақтың хас батырлары еді. Қиян кескі ұрыс, шайқастарда Абылай әскерлерінің ортасында болып, оларға жігер беріп, рухын көтеріп отырған. Ақындар Абылайды эпикалық батыр дәрежесіне көтере жырлауының себебі – бойындағы күш-қуат, ақыл-парасат, амал-айласын қазақ халқының азаттығы жұмсауы және өзінің перзенттік борышын өмір бойы іс-әрекеті арқылы дәлелдей білуі. Сол үшін көптің ықыласы оған ауған. Малын бағып, бытыраңғы жүрген елдің амандығын сақтап сыртқы жаудан қорғап қалуы халықтың ойынан шыққан. Сондықтан оның ақылды, батыл қолбасы болғанын дәріптеп мадақтау бір адамның ғана емес, бүкіл халықтың берген бағасы деп білген жөн. Елдік пен ерліктің үлгісіне айналған Абылайдың есімін асқақтата жырлайтын, шындыққа сүйеніп шығарылған тарихи жырлар қазақ халқының руханиятынан алатын өзіндік орны және тәрбиелік – тағылымдық мәні зор бағалы мұра болып есептеледі. Өйткені бұл жырларда белгілі кезеңнің анық ақиқаты көрініс тапқан.
Ақындар Абылайды эпикалық батыр дәрежесіне көтере жырлауының себебі – бойындағы күш-қуат, ақыл-парасат, амал-айласын қазақ халқының азаттығы жұмсауы және өзінің перзенттік борышын өмір бойы іс-әрекеті арқылы дәлелдей білуі. Сол үшін көптің ықыласы оған ауған. Малын бағып, бытыраңғы жүрген елдің амандығын сақтап сыртқы жаудан қорғап қалуы халықтың ойынан шыққан. Сондықтан оның ақылды, батыл қолбасы болғанын дәріптеп мадақтау бір адамның ғана емес, бүкіл халықтың берген бағасы деп білген жөн. Елдік пен ерліктің үлгісіне айналған Абылайдың есімін асқақтата жырлайтын, шындыққа сүйеніп шығарылған тарихи жырлар қазақ халқының руханиятынан алатын өзіндік орны және тәрбиелік – тағылымдық мәні зор бағалы мұра болып есептеледі. Өйткені бұл жырларда белгілі кезеңнің анық ақиқаты көрініс тапқан.