Алматыдағы мәйітхана директоры пара алды және ақша жымқырды деп айыпталуда
Мемлекеттік сатып алу шарты бойынша ақша ұрлаған қалалық патологоанатомиялық бюро директорына қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Алматы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәліметінше, қалалық патологоанатомиялық бюроның директоры Б.Әлібеков мемлекеттік сатып алу шарты бойынша 4,5 млн теңге көлемінде ақша ұрлаған.
«Сонымен қатар, Б.Әлібеков аталған ақшаны жымқыру мақсатында, Заңда белгіленген тыйымға қарамастан, «Veritas Primus» ЖШС құрды, сол арқылы жоғарыда көрсетілген бюджет қаражатын жымқырды.
Сондай-ақ Б.Әлібеков Алматы қаласының жаңа қалалық патологоанатомиялық бюросында салынып жатқан медициналық жабдықтарды жеткізу бойынша қабылдау актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін Алматы қаласының кәсіпкерінен 14 000 000 теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінді», — деп хабарлады ведомствода.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді. Күдікті Б. Әлібековтің кінәлілік дәрежесі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады.