ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы
Аннотация. Біздің сіздерге ұсынып отырған мақаламызда профессор Биceнғaли Зинoл-Ғaбдeн Қaбиұлының ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы мәселелеріне қатысты зерттеулеріне шолу жасалады. Қазақ жазушыларының ХХ ғасыр басында жаңа жанр жолында жарияланған прозалық шығармаларына жасалған зерттеу еңбектері сараланады.
Тірек сөздер: Бисенғали, жазушы, әдебиет, ғалым, ХХ ғacыp, проза, зерттеуші.
1950 жылдың қаңтар айында Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Алған ауылында қазақ әдебиетін зерттеуші, филология ғылымдарының докторы Бисенғали Зейнол-Ғабден Қабиұлы дүниеге келді. Әрине, адам баласы пәни өмірге келе салысымен ғалым, ғұлама атана салмайды. Оған дәлел бола алатын осы уақытқа дейінгі жер бетінде өмір сүрген, өмірін жалғастырып келе жатқан даналарымыз, ғұламаларымыз, ғалымдарымыз. Осы ғалымдар қатарына біз Бисенғали Зейнол-Ғабден Қабиұлын жатқызамыз және де ғалымдыққа жету жолын айта отырғанымыз жөн болар деп санадық:
- 1972 жылы — ҚазМУ-дің филология факультетін үздік дипломмен тамамдаған.
- 1978 жылы — ҚазМУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасына қабылданған.
- 1981 — 1983 жылдар аралығында — «Қазақ тілі мен әдебиеті» кабинетінде жүмыс істеген, лекциялар оқыған, практикалық сабақтар жүргізген. Студенттердің оқу практикаларымен Қызылорда, Оңтүстік Қазақстаноблыстарындағы фольклорлық-диалектикалық экспедиция-ларға қатысқан.
- 1984 — 1986 жылдары — «Мектеп»баспасының Жоғары оқу орындары қоғамдық-гуманитарлық редакциясының аға редакторы және филология факультетінде «Қазақ әдебиетінде проза жанрының қалыптасуы» атты арнаулы курс пен «Қазақ әдебиеті тарихынан» лекциялар оқыған.
- 1986 жылдан — қазақ әдебиеті кафедрасында қызмет істеген.
- 1999 жылдан — қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры.
- 2001 жылдан — қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі.
ХХ ғасыр басындағы қазақ прозалық шығармаларды топтастырып, салыстырып, жүйелі түрде жинақтап, талдай келгенде қазақ әдебиетінің өте күрделі кезеңдері болғанын, әдістерге толыға түскенін, азаматтық ойлар мен ағартушылық, демократиялық пікірлерді көркем бейнелеуге де шамасы жетіп қалған жаңа шығармалардың жанрлық аясы кеңи түскенін аңғара аламыз.
Осы айтылған ойларға орай Профессор З.-Ғ.Қ. Биceнғaлидың келтірген мысалы Октябрь алдындағы газет-журнал бетіндегі әңгімелер мен А. Жандыбаевтың «Жас ғұмырым яки жастыққа ғафлаты», Б. Ержановтың «Оқуға махаббаты», М. Кәкәшовтың жолжазба очерктері мен «Мұңлы Мариямы», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» мен басқа да прозалық шығармалары, Б. Малиннің «Айқап» бетіндегі әңгімелері мен «Шұғаның белгісі» — көркем проза дамуының түрлі сатыларын бейнелей алатын шығармалар деп баға берген. Жоғарыда көрсетілген шығармалар қазақ әдебитіміздің тарихына ғана емес фатографиялық, натуралық бай материалдар береді. Ш. Айтматовтың жанрлар, құбылыстар жайында айтқан пікірімен де ойымызды қуаттай түсе аламыз: «Деректі мәліметтер көп жағдайда нағыз өмірдің тұтас бейнесін байқатып, өзі туралы өзі айтады. Оны ойдан шығара алмайсың, өйткені ол өмір» — дейді [1,76]. Зерттеуші ХХ ғасыр басындағы әдебиетті жинақтау барысында тек қана бірер шығармасы бізге жеткен жазушылардың бар екенін айта отырып, олардың да қазақ әдебиетіне алып келген әдеби рең мен әдеби процестің бір элементі екенін еске салуды жөн санаған. Ғалым туындыларды топтастырып, типологиялық тұрғыда салыстыра қарастырғанда ғана проза диалектикалық белгілі заңдылығына жолығуда болатынына сенім артқан.
З.-Ғ. Бисенғали А. Жандыбаевтың «Жас ғұмырым яки жастықта ғафлат» атты шығарманы таза қазақ тіліндегі, сауатты жазылан деп баға береді. Сондықтан ғалым ойын саптап келіп, «Жас ғұмырым яки жастықта ғафлат» кітабының шұбарлықты, тыныс белгіден қате кеткен, емле ережесі сақталмаған жүйесіз емес, керісінше, автордың қолжазбасның құндылығын ескеріген. А. Жандыбаевтың жазу шеберлігін зерттеуші Абай творчествосымен жақсы таныс болғанымен байланыстырады. Бұ кітаптың жазылу мақсаты жайында автор: «… Жас уақытта өзімнің нешік тәрбие қылғанымды өзімізден үлкен ағаларға, кіші інілерге біліп тұрсын үшін өзім дағы бір азғана ойыма алған сөзімнен жазып бір кішкене кітап қылып шығардым». «…Өзімнің нәрсе көрмегендерімді, алтыннан қымбат жас шағымның оқымайынша босқа озғанын есіме түсіріп, көңілім бұзылып көзімнен жасым сорғалай, қолыма қаламымды ұстай өзімнен жас кіші інілерім келешекте жас шақтарын босқа оздырмасқа тырысуы үшін бес-алты ауыз сөзді жаздым» [2.3].
Зерттеуші шығарам формасы мен оның бірінші жақта баяндалуына байланысты жауапты Абайдың «Қара сөздері» әуенінен іздеу абзал болатынын растайды. Өзінің ойын толықтыра түсіп, жоғарыдағы үзіндіні Абайдың бірінші сөзіндегі мына жолдармен салыстыру қажеттілін көрсетеді. «…Осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, аққағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді бұдан басқа ешбір жұмысым жоқ» [3].
Профессор З.-Ғ.Қ. Биceнғaли А.Жандыбаевтың өзі басынан өкізген оқиғалар мен сол оқиғалардың нәтижесніде туындаған ойларын, өкініш қалпында жазуды мақсат тұтқанын айта келіп, бұ дүниенің Абай творчествосына, жекелеп бөліп қарайтын болсақ, «Қара сөздернің» әсері басым бар болғанын анықтайды. Зерттеуші пайымды ойларын жинақтай келе А.Жандыбаев оқу, білім қазақ халқына теңдік әперер, тұрмысын жеңілдетер үлкен күш, фактор ретінде қарайтынын жеткізген. Жазушының еңбектерінен оқу-ағарту мен адамгершілік, тәрбие адамзатқа бақытты қоғам орнатуға әсері бар орасан үлкен қуатты күш екенін көре келіп, таза ағартушылық, утопиялық пірін жалғай түскенін аңғарамыз.
Ғалым жазушының шығармашылығынан оқу, білім таяздығы орын ала бастаған қазақ даласында Ресей үкіметі өз билігін мейлінші еркін жүргізіп, бар озбыр әрекеттерін жазасыз, еш қаймықпай, еркін түрде іске асырып жатқанына қатты қынжылғанын байқатады. З.-Ғ. Бисенғали түйіндей келе А. Жандыбаев қазақ даласының ілгері дамуына үлкен кесел болып надандықты, оны қызғыштай қорушы надан молдаларды сынға алатынын айтты. Олардың реалистік образын жасайтынын және де заманның жаңалығын айта келе оқудың аса қажеттілігін, қоғамның білімге мұқтаждығын дәлелдеп, патша үкіметінің қазақ даласында ұстап отырған саясатын: халықты ата-қонысы мен шұрайлы жерлерден айыруды сынағанын, ел биліп отырған әкім-чиновниктердің халықты аяусыз қанауына наразылық белдіргенін жеткізеді.
Осылайша, ғaлым З.-Ғ.Биceнғaли А. Жандыбаевтың Абай творчествосымен етене байланысын айтып, өзге де ХХ ғасыр басындағы жазушылардың, мысалға айтар болсақ, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» өзінің бар болмысымен халық аузындағы хикая, әңгімелерге, әсіресе, шебер әңгімешіге тәуелді шығарма екенін байқайды. Ойын қуаттай түсіп зерттеуші: «…Бұл – даусыз шындық. Сондықтан да ол Ұлы Октябрь революциясынан кейінгі санаулы жылдарда дүр сілкініп, «орасан шапшаңдықпен дамыған» прозаның басты қайнарларының бірін көрсете алады» – деген [1. 129].
Ғaлым З.-Ғ.Биceнғaли С. Көбеев, Т. Жомартбаев балаларға арналған шағын әңгімелерді аудару және жазу үстінде шыңдалғанын, ал Б. Майлин мен С. Торайғыров, А. Ғалымов пен К. Тоғысов, Б. Ержановтар мерзімді баспасөз беттерінде, әсіресе, «Айқап» журналында үлкен мектпетен өткенін жеткізеді.
Қорытар болсақ, ғaлым Зинол-Ғaбден Қaбиұлы Бисенғaли ұлы жaзушы, қоғaм қaйрaткері, ғұлaмa ғaлым ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін терең зерттеген озат ой иесі. ХХ ғасыр басындағы жазушылардың прозалық шығармаларын жинақтап, топтастырып, жік-жікке бөліп қана қоймай, сол шығарма авторлары өз еңбетерін Ресейдің азулы тістеріне қарамай, батылдықпен, ерлік туын желбіретіп жарыққа шығара алғанын баян етеді.
Тохтаганова Таншолпан
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты
Данат ЖАНАТАЕВ
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент
Қолданылған әдебиеттер тізімі
1 Бисенғали З.-Ғ ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы. – Алматы, Мектеп. – 1989. – 136 бет.
2 Жандыбаев А. Жас ғұмырым яки жастықта ғафлат. Қазан, 1907.
3 Құнанбаев А. Шығармаларының 2 томдық толық жинағы. Алматы, 1977, 128-бет.