Бір топ әйел Ермахан Ибраимовтан көп балалы аналар туралы айтқанын түсіндіруді талап етті

0

22 ақпанда оннан астам әйел Алматы әкімдігінің алдына жиналып, мәслихат депутаты, спортшы Ермахан Ибраимовтан «көп балалы әйелдер туралы айтқанын» түсіндіруді талап етті. Мәселе Ибраимовтың 20 ақпанда Youtube-те жарық көрген сұхбаты жайлы болып отыр. Жамбыл облысы Жаңатас кентінде бір отбасының бес сәбиі қаза болған қайғылы оқиға туралы пікірін білдірген спортшы сұхбатта «бес баланы сыртынан жауып, кетіп қалуды» нағыз «түк көрмегендік» деп бағалаған.

– Жылы кабинетте отыра бермей, «түк көрмегендердің» жағдайын өзі шығып көрсін. Ондай жағдайдан шығу үшін не істеу қажеттігін өз аузынан естиік. Біздің арамызда мүгедек бала тәрбиелеп отырғанандар, көп бала өсіріп отырғандар бар. Солардың жағдайын көрсін. Балаларды үйге қамап, не үшін шығып жүргенімізді көрсін. 60-70 мың теңге жалақы табуға жағдайы жоқтықтан шығып жүргенін көрсін, — деді мүгедек бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Іңкәр Жанәділқызы.

Оның айтқанын жанындағылар да қостады. Сәлден соң әкімдіктен Алматы мәслихатының хатшысы Станислав Канкуров шығып, әйелдердің талаптарын тыңдады. Ибраимовтың өзіне хабарласып, әйелдерге түстен кейін мәслихат депутатының өзімен кездесуге болатынын айтты.

20 ақпанда Youtube-те жарияланған сұхбатта спортшы Ермахан Ибраимов бес қыздың қазасы «Қазақстан қоғамын дүр сілкіндірді» деп айтқан. Спортшы балаларды үйде жалғыз тастап кетпес бұрын «қауіпсіздікті қарастыру қажет еді» деген.

«Бес баланы түні бойы қалдырып кету өте дұрыс емес. Туған туысқаны бар. Әке-шешесі бар. Бір сөзбен айтқанда, балаларды олай қалдыруға болмайды. Бес баланы сыртынан жауып, кетіп қалу ол нағыз … түк көрмегендік» деген спортшы.

19 ақпанда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында бес қабатты үйдегі пәтерде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қайтыс болды. Әкімдіктің мәліметінше, балалардың әкесі жұмыста болған, шешесі дүкенге шығып кеткен. Балалар иіс газына тұншығып қалған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаны «ел басына түскен трагедия» деп атаған.

Осыған ұқсас қайғылы оқиға 2019 жылы 4 ақпанға қараған түні Астана қаласының (қазіргі Нұр-Сұлтан) шетіндегі Көктал-1 елдімекенінде болған. Ол кезде шағын үйден өрт шығып, бір үйдің бес қызы қазаға ұшырады. Осы оқиғадан кейін елде көп балалы әйелдердің наразылығы күшейді. Олар әлеуметтік көмекті күшейтуді, тұрғын-үй мәселесін шешуді талап етті.

Бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы, халықаралық бақылаушылар сынаған мәслихат сайлауының нәтижесінде депутат болған Ермахан Ибраимовтың үстінен бұған дейін белсенділер арыз түсірген. Оған 10 қаңтарда — орталық алаңда полиция әділ сайлауды талап еткен белсенділерді қоршап тұрған кезде спортшының «ұсақ бұзақылық жасап, наразылардың плакатын жыртуы» себеп болған.

Азаттық