Жанболат Ағаділдің өлімі: Cотта айыпталушының адвокаттары тергеу шикілігіне шағымданды

0

Жұма, 19 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған соты Жанболат Ағаділдің өлімі жөніндегі істің екінші отырысын бастады. Тыңдау кезінде айыпталушы адвокаттары тергеуде шикілік болды деп шағымданды.

Судья Қыдырбек Әлқожаев қараған сотта айыпталушылар қатарында 6 күдікті бар. Оның бесеуі қамауда отырса, біреуіне бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.

Бұл Жанболат Ағаділдің өлімі жөніндегі екінші сот отырысы болғанымен, судья істі бүгіннен бастап қарап жатыр. Алғашқы отырыста айыпталушылар сотқа сенімсіздік білдіріп, алқа билердің қатысуын талап етті.

Жанболат Ағаділ — былтыр ақпанда тергеу изоляторында белгісіз жағдайда қайтыс болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы. Ол былтыр қарашада төбелес кезінде пышақталып, мерт болған.

Екінші отырыста айыпталушылардың адвокаттары істі тергеген полиция жұмысына шағымданды. Ал айыпталушылар қатарында отырған Мадияр Сыдықтың адвокаты сотқа полиция жұмысын тексеру үшін жеке қаулы шығаруға өтініш тапсырды.

– Менің қорғалушым айыптау актісімен толық таныспаған, полиция қоқан-лоқы көрсетіп, өздеріне керек жауапты алған, – деді адвокат сот отырысында.

Прокурорлар адвокат өтінішін жоққа шығарды, бірақ көп ұзамай «айыпталушының іспен танысуына қазір де мүмкіндік бар» деді.

Сот адвокаттың өтініш ашық қалдырды. Соттың тергеу кезіндегі полиция әрекетін тергеуін басқа адвокаттар да сұрады.

Сот «алқа билерді таңдау жабық өтеді» деп Азаттық тілшісін сот залынан уақытша шығарып жіберді. Сот отырысы жалғасып жатыр.

Жанболат Ағаділ былтыр 11 қарашаға қараған түні жаппай төбелес кезінде пышақталып, салдарынан көз жұмған. Төбелес Нұр-Сұлтан қаласы түбіндегі Көктал және Талапкер ауылдарының жастары арасында болған.

Марқұмның әкесі, билікке қарсы наразылық жиындарына тұрақты қатысып, азаматтық белсенді атанған Дулат Ағаділ сол жылы ақпан айында тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қайтыс болған. 24 ақпан күні кешке азаматтық киім киген полицейлер оны үйінен ұстап әкетіп, 25 күні оның көз жұмғанын хабарлады. Ағаділдің туыстары, оның белсенділік жолындағы серіктері ашық тергеуді талап етті. Бірақ полиция «белсендінің денесінде жарақат болмаған» деп істі жапқан.

Еуропарламенттің 11 ақпан күні қабылданған қарарында «саяси репрессия кесірінен 2020 жылғы ақпан-желтоқсан аралығында Қазақстанда оппозицияның бес белсендісі қаза болды» деп Жанболат Ағаділдің атын атаған.