Сапарбаев өрттен опат болған 5 сәби туралы пікір білдірді
Жамбыл облысының басшысы Бердібек Сапарбаев Facebook-тегі парақшасында Жаңатаста бес кішкентай баланың өмірін жалмаған трагедия туралы жазды.
«Бүгін бүкіл елді есеңгіреткен қайғылы оқиға болды. Жаңатастағы үйлердің бірінен өрт шығып, бес бірдей бейкүнә бала ажал құшты.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің төрағалығымен арнайы комиссия құрылды. Оқиға орнына облыс прокуроры Н. Әбдіров, Полиция департаментінің басшысы Ж. Сүлейменов, ТЖД басшысы Е. Момбаев аттанды.
⠀
Қара жамылған отбасыға қажетті психологиялық, материалдық көмек көрсетілуде. Мәселе менің жеке бақылауымда.
Көз жұмған балалардың жақындарына Алла Тағала сабыр берсін. Қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын» деді облыс әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жаңатас қаласында пәтерден өрт шығып, 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туған 2 ұл мен 3 қыз уланып, ауруханаға жатқызылды. Балалар біраз уақыттан кейін жан тапсырды.