Жастарға артылған аманат | «Айқын» газеті
Астанада «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында іс-шара өтті.
Жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелейтін бұл шараның маңызы зор. Астана қалалық партия филиалы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында өткен тарихымызды түгендеп, келешек ұрпаққа насихаттау аясында көптеген іс-шара өткізіп келеді. Ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың жалғасуы қоғам үшін өте қажет. Өткен тарихымызды танып, құндылығын жастарға ұғындыруда аға буынның еңбегі орасан. Ұлттық рухты сақтайтын мұраларымызды қазіргі қоғамда жан-жақты насихаттаудың жолы көп. Екі толқын арасындағы байланыс арқылы тарихымыз сақталып, болашақ даму бағыты анықталады.
2015 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы жастардың рухани дамуына ықпалы зор. «Жас Отан» Жастар қанаты Астана қалалық филиалының төрағасы Мархат Қасымов іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
– Жастар – қоғамды дамытушы күш. Аға буын келешек ұрпаққа сенеді. Өсіп келе жатқан жастарға үміт артады. Сондықтан еліміздің дамуы үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. Жастарға Отан, туған жер, ел алдындағы жауапкершілікті насихаттайтын жиындар маңызды. Өз пікірін айтып, талқылап, талдап, ойларын ортаға салады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы тапсырмаларды жүзеге асыруда көптеген жоба жасап, іске асырдық. Игі бастамалар әрі қарай жалғаса береді, – деді Мархат Қасымов.
Майра ЖАНЫСБАЙ